• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Парламент 18 Шілде, 2024

Жаңа оқу жылында 7500 мұғалім ерекше жаңа пәннен сабақ береді

223 рет
көрсетілді

«AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында мұғалімдерді қаржылық сауаттылықты оқыту дағдыларына үйретуді ұйымдастырды. Ел бойынша барлығы 7500 мектеп, колледж және университет мұғалімдері оқытылады. Жоспар бойынша жаңа пән жаңа оқу жылында оқу бағдарламасына енгізілмек.

Астанада оқу семинарының қатысушыларымен Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев кездесті. Мәжіліс Спикерінің айтуынша, мұғалімдер әрдайым қоғамдағы жаңа және прогрессивті бастамалардың негізгі нұсқаушысы. Сондықтан педагогтердің қаржылық сауаттылық бойынша жаңа пәннің мәнін түсінуі және жастарды оқытуы маңызды.

 Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасына ерекше назар аударды. Президент Үкіметпен бірлесіп бұл бастаманы жалпыұлттық жобаға айналдыруды және оның ауқымын кеңейтуді тапсырды. Бұл жұмысты ең алдымен мектеп пен ЖОО-дан бастау керек. Біздің Президентіміздің негізгі саясаты – реформаларды халық үшін және халықпен бірге жүргізу. Сондықтан біз, сіздерді, мұғалімдерді шақырып, қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша жұмыс істегіміз келеді, деді ол.

Мәжіліс Спикері бүгінгі отандық білім беру жүйесі өскелең ұрпаққа ең қажетті білімді беріп, оларды қазіргі өмірге барынша дайындауы тиіс екенін ерекше атап өтті. Бұл алдыңғы қатарлы шетелдік елдердің тәжірибесі.

Ол сондай-ақ мемлекет халықтың қарыз жүктемесін азайту бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатқанын тілге тиек етті. Президенттің тапсырмасы бойынша Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясы халықтың несиелік жүктемесін азайтуға бағытталған жаңа заң жобасын әзірледі. Бұл заң бірінші кезекте азаматтардың мүдделерін қорғауға бағытталған.

Партия хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, 2024 жылы қаржылық сауаттылықты 100 мың студент және 450 мың оқушы оқиды. Қосымша 200 мың адам оқыту курстарынан өтеді. Осылайша, биыл «Қарызсыз қоғам» жобасымен 750 мың адам қамтылады.

«Қарызсыз қоғам» жобасының әдіскерлер жұмыс тобының жетекшісі Алма Дощанова 600 мың мұғалім, оқушы және олардың ата-аналары арасында арнайы сауалнама жүргізілгенін айтты. Зерттеу нәтижелері бойынша, сауалнамаға қатысқан оқушылардың 60%-ы қаржылық сауаттылықтың маңыздылығын атап өтті. Бұл бастаманы ата-аналар тарапы да қолдайды, 78% респондент балаларының қаржылық сауаттылықты оқуға қызығушылық танытқанын айтады. Әдіскер-жобалаушы Назым Бекжігіттің пікірінше, қаржылық сауатты азамат елдің дамуына негіз болады.

Семей қаласының №5 гимназия мұғалімі Сайрамгүл Жұмаділованың пікірінше, қазіргі уақытта смартфонның көмегімен несие рәсімдеуге болатын цифрлық дәуірде баланы қаражатты басқаруға, жоспарлауға және шығындарды есептеуге үйрету өте маңызды.

Мектептердегі қаржылық сауаттылық оқыту маңызды, өйткені ол балаларды ақшаны басқаруға үйретеді: бюджет құру, үнемдеу және ақшаға жауапты болу. Қарыздар мен алаяқтықтан аулақ болуға, кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға және болашаққа деген сенімділікті арттыруға көмектеседі. Бұл білім пайдалы және қаржылық тұрғыда тұрақты қоғам құруға көмектеседі, деді ол.

Кездесу соңында Оқу-ағарту мен Ғылым және жоғары білім министрлері Ғани Бейсембаев пен Саясат Нұрбек «Қарызсыз қоғам» жобасының жоғары өзектілігіне тоқталып, оны білім берудің үш деңгейінде – мектептерде, колледждерде және университеттерде толық қолдайтынын айтты. Атап айтқанда, қаржылық сауаттылық бойынша мектеп олимпиадалары өткізіледі. Осы пәнді оқыту қарқыны артады. Ол бүкіл ел бойынша, әсіресе экономикамен байланысты емес мамандықтар үшін барлық жоғары оқу орындарында міндетті болады.

Еске сала кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы былтыр 2 мамырда басталған болатын. Жобаны іске асыру барысында 150 мыңға жуық адам оқудан өтті. Оқу курсының қатысушыларына ыңғайлы болу үшін qogamfin.kz. онлайн-платформасы әзірленді. Сайт арқылы оқуға жазылып, пайдалы материалдар мен бейне сабақтарды жүктеп алуға болады.