Ақтөбеде өткен «Алаш сақасы» біріншілігінде Алматы, Ақмола, БҚО, Жамбыл, Маңғыстау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Ұлытау облыстарынан және Астана мен Шымкент қалаларынан келген 30 сұрмерген сайысты.
Франция президенті Эмманюэль Макрон өткен жылы елімізге сапарында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге асық атқанын көрдік. Осы көрініс асық атуды баланың ойыны түрінде көретін санамызға сілкініс тудырды. Насихаты кемшін ұлттық спортымыздың осы түрін қазақ күресі сияқты деңгейге көтеруге не кедергі деген сұрақ көкейімізде тұрды. Соның нәтижесі болар, осы наурызда «Көшпелілердің асық спорты» халықаралық федерациясы құрылып, асық ату сайысы қыркүйек айында Астанада өтетін дүниежүзілік көшпелілер ойындары бағдарламасына да енді.
«Алаш сақасы» республикалық чемпионатына қатысушыларды Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешов құттықтап, Асық ату федерациясының атқарушы директоры Азамат Манапов турнирді ұйымдастырған Жомарт Сабыржанұлы мен Асық ату федерациясы Ақтөбе филиалының жетекшісі Әбілқайыр Сотқаровқа алғысын жеткізді. «Қазақ күресі» федерациясының тұңғыш президенті Ерғали Мұхитдинов пен Сыр өңірінде «Қазақстан барысын» ұйымдастырған Садық Мұстафаев «Алаш сақасын» «Қазақстан барысы» деңгейіне жеткізуге күш салуға шақырды. Осыдан кейін Қарағанды облысынан келген ұлттық санаттағы төреші Амангелді Нұрмұханов су тасқынынан зардап шеккен көпбалалы ана Эльвира Нұржауғанқызына сайысқа қатысушылар атынан қаржылай көмек табыстады.
Асық ату – адамның сұрмергендік қырын анықтайтын, сабырлылыққа үйрететін ойын. Оза шапқан сайыпқырандарды Жомарт Сабыржанұлы бастаған төрешілер анықтай білді. 30 қатысушының арасынан Түркістан облысының асықшысы Амандос Айтқұлов оза шығып «Алаш сақасын» иеленді. Екінші орынға Ақтөбе облысының мергені Ғарышбек Құлыбек лайықты деп танылса, үшінші орын Павлодар облысынан келген Жомарт Нұрланов пен Қуаныш Қабылдаға бұйырды. Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Амандос Айтқұловқа алтын белбеу мен 300 мың теңге және бапкеріне 100 мың теңге сыйақы берді. Ғарышбек Құлыбек сайыстан күміс белбеу тағып, 200 мың теңге иеленіп қайтса, оның бапкеріне 75 мың теңге берілді. Үшінші орынға іліккен Жомарт Нұрланов пен Қуаныш Қабылда 100 мың теңгеден сыйақы алып, қос қола белбеуге қол жеткізді. Олардың қос бапкері 50 мың теңгеден сыйақы алды.
Тұңғыш сайысқа демеушілік еткен «Қазхром» ТҰК» АҚ бас директоры Сергей Прокопьевке Азамат Манапов федерация атынан Алғысхат пен «Алтын сақа» төсбелгісін, Жомарт Сабыржанұлы арнайы құйылған сақаны сыйға тартты. Көрермендердің ыстық ықыласына қарағанда, алдағы уақытта «Алаш сақасы» ел арасында кеңінен танымал болады деген сенім бар.
Ақтөбе облысы