• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Зерде 19 Шілде, 2024

Сатай, Шоқан түнеген жер

116 рет
көрсетілді

Ғалым, жазушы, журналист – барлығы 29 автор бірігіп жазған «Қазақтың ханы – Абылай» атты екітомдықтың 1-томы, 125-бетінде былай деп айқын жазылған: «Сатай батыр Аққабақұлы XVIII ғасырда қазіргі Панфилов ауданының Сарыбел мекенінде өмір сүрген.

Жетісу өлкесін жоңғар басқын­шы­ларынан азат етуге қатысқан батыр. Тегі Суан руынан шыққан. Әкесі Ақ­қа­бақ елге сыйлы би болған». Ал тарих ғы­лым­дарының докторы, профессор Хамит Мадановтың «Қазақ халқы­ның арғы-­бер­гі тарихы» атты кітабында Сатай батыр Ұлы жүздің бас батыры екендігі нақты жазылған. Он екі томдық «Қазақ энциклопедиясының» 11-томының 373-375-беттерінде де осы дерек айтылады. 1734 жы­лы Қазақ елі мен Ресейдің қарым-қатынасы жөніндегі хаттамаға Ресей патша­йымы Анна Иоанновна мен Ұлы жүздің ханы – Жолбарыс, бас биі – Төле би, бас батыры – Сатай батыр қолын қойып, мөрін басқан. Бұл тарихи құжат та мұрағатта сақтаулы.

1740 жылы қырық жастағы Сатай батыр қазіргі Панфилов ауданындағы «Жаркент-Арасан» шипажайынан жеті шақырым төмен орналасқан Доланқара жотасының айналасындағы бес мың жасағының жүзін алдырып, Қорғас өзе­нінен Ілеге қарай түсіп, Қазақ елінің шекара бекетінде болып, бүгінгі Пенжім ауылынан төрт шақырым қашықтықтағы Шұбарағаш тоғайына жетіп тоқтайды. Осында шағын ғана жүз жасағымен түнеген Сатай батыр: «Жа­сақ­тарым, осы жерден екікүндік қашық­тықтағы менің бес мың жасағым әскери жаттығуын өткізіп жатқан Доланқарадан сендер­ді арнайы жұмысқа шұғыл түрде алдырдым. Сендер айналасы он күн­нің ішінде Қашама жолын тастан қашап, Қазанкөлден алда болатын алапат су тас­қынының жолын бекітіп, Қорғас-Арасанды аштыруда қажырлылықпен еңбек еттіңдер. Бүгін осы Шұбарағаш тоғайында дем алыңдар», дейді.

Осы Шұбарағаш тоғайын 1960-1980 жылдары Калинин атындағы ұжымшар бас­шылары түгелімен шаптырып, ағашы­нан қоралар салып, тоғайдан ашылған жерін жүгерілі алқапқа айналдырған.

Әлгі оқиға болар алдында Сатай батыр түс көріп, түсінде Қашама жолын тастан қашап жасағанын, Қазанкөлден халыққа төніп тұрған қатерлі апат су қаупін, Қорғас арасанының емдік қасиеттерін халықтың қуаныса пайдалана бастағанын көріпті. Бұл көрген түсі жайындағы әңгіме Суанның болысы Сатай Мұқаға бабаларының айтуымен жеткен. Мұқа болыс Сатай батыр туралы көрген түсін қазақтың белгілі ақыны, өзімен бірге қытайдың түрмесінде отырған Таңжарыққа 1945 жылы айтып берген. Таңжарық оны қытайдағы қазақтардың басылымы «Іле газетіне» жазыпты. Бұл дерек «Egemen Qazaqstan» газетінің 2023 жылғы 21 сәуірдегі нөмерінде баяндалды.

Сатай батырдың осы Шұбарағаш тоғайында жүз жасағымен бір түнеп шыққанын қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов зерттеп, сұрастырып бі­ліп, нақтылап жазыпты. Енді ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың «Шығыс Түркіс­танға сая­хат күнделігі» атты ғылыми жазбасына назар аударайық. 1856 жылғы 2 тамыз күнгі осы жазбасында Шоқан:

«Үсек өзеніне жетіп демалайық деп айтты... Шайдан артық шөл қандыра­тын ешнәрсе жоқ. Аллаға шүкір!», деп жазады. Ал 1856 жылы 3 тамыз күні Жаркент қаласын қалдырып, кезінде Сатай батыр түнеген Шұбарағаш тоғайына сауда керуенін бастап тіке тартады, Пенжім ауылынан төрт шақырым төмен орналасқан Шұбарағаш тоғайына жетіп түнейді. Осылайша, ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов Сатай батырдың ерлігі мен асыл қасиеттері өзіме жұ­ғысты болса екен деп Шұбарағашқа түне­ген. «Ұлыларды ұлылар алыстан таниды» деген дана сөз де осыдан шықса керек.

Сатай батыр мен Шоқан Уәлиханов түнеген Шұбарағаш тоғайы бұл күнде жойылып кеткенімен, сол тоғайдың орны жетпісінші жылдардан бері жү­гер­лі аймаққа айналып, халықтың ырыс-бере­кесіне зор үлес қосуда. Осы Шұбарағаш тоғайы орнына өсірілген «ЗПСК» сорт­ты жүгерісінің әр гектарынан 140 цент­нерден өнім жиналып, сол кездегі Калинин атындағы ұжымшарды миллио­нер шаруашылыққа айналдырды. «Ат аунаған жерде түк қалады» деген. Ұлылар түнеген жер шаруашылықты миллионер атандырды.

Шұбарағаштан бой көтерген Калинин атындағы ұжымшардың 1985 жылғы еңбек көрсеткіштеріне мұрағаттың нақ­ты мәліметтері де дәлел. Ауыл мәдение­ті жөнінде көптеген жылы пікір айтуға болады, Мәдениет үйі, аурухана, тұр­мыс қажетін өтеу комбинатының және құры­лыс материалдары зауытының филиалы, байланыс бөлімшесі, орта мектеп, азық-түлік және өнеркәсіп дүкендері бар. Мәдениет үйінің жанындағы «Шат­тық» ансамблінің өнеріне аудан кө­рермендері дән риза. Өнерлі жастардың талабын ұштауға шаруашылық басшылары әрқашан қамқорлық жасап келді. Мәде­ниет үйінің жанында әртүрлі үйір­ме жұмыс істеп келеді. «Шаттық» ан­самблінің мүшелері Х.Аманбаев, Т.Сраж­динов, И.Мұсаев, Р.Вагаповалар жыл сайын жүгері жинау науқаны кезінде қыр­мандарда, егін алқабында болып, еңбекшілерге өнер­лерін көрсетіп келеді. Сондай-ақ осы маңдағы Ават, Төменгі Пенжім село­ларының бейнелері де өзгеріп келеді. Ауыл тұрғындарының алаңсыз еңбек етуіне, дем алуына бүгінгі күн талабына сай жағдай жасалған.

Шоқан «Шығыс Түркстанға саяхат күнделігі» деген жазбасында: «Шынында да айналаның бәрі құм мен тас, тым бол­маса бір тал шөп болсашы, тіпті үй тік­кендей таза орынның өзін төңіректі түгел барлап, қанша іздесек те таба алмадық», дейді. Ал енді бүгін ауданымыз қандай өзгерді десеңізші. Оның көрікті жерлері, сәнді салынған құрылыстары қаншама.

Ш.Уәлиханов Ақкент қаласынан шық­қаннан кейінгі жазбасында: «…Шаһардан шығып алты шақырымдай жүрген соң, түнер жерімізге жетіп тоқтадық та, шай ішуге кірістік. Біздің кісілеріміз шаһар­дан, қарбыз, қауын, алма сатып ала шық­қан екен, енді соларын жеп рахаттанып отырды», дейді «Шығыс Түркістанға саяхат күнделігі жазбасында».

Сатай батыр мен ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов түнеген Шұбарағаш бүгінде таны­мастай өзгерді. Біздіңше осы тарихи орынға бір белгі-тақта орнату қажет.

Садық Жұмабай,Қазақстан Журналистеродағының мүшесі