• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Құқық 19 Шілде, 2024

Есірткі тасымалдаушының жолы кесілді

120 рет
көрсетілді

Жақында ғана облыстық полиция департаментінің мұрындық болуымен өңірдегі жабайы қарасора өсірілетін аумақтың жаңа картасы жасалған болатын. 35 жылдан кейін әзірленген картадағы дерекке сенсек, қарасора алқабы екі есеге азайған екен.

Алқаптың жартысы жойыл­ғаны – расында да қуа­нышты жа­ңалық. Бірақ мұнымен іс бітті ме, есірткі өсіруге дағдылан­ған­дардың қарасы сиреді ме?

Облыс аумағындағы қарасора алқабы азайғанымен, есті алатын есірткіге аңсары ауғандар азаймай тұрған секілді. Оған «Қарасора-2024» науқаны кезін­де тағы да көз жеткізгендей бол­дық. Меркілік азамат ірі көлем­де кептірілген және кептірілме­ген марихуана жина­ғаны үшін ұсталды.

Жалпы, жабайы қарасора­мен күресу үшін жыл сайын алдын алу іс-шарасы өткізіледі. Бір сөзбен айтқанда, есірткіге есі кеткендердің айылын жидыру үшін құзырлы органдар тарапынан ауыз толтырып ай­тарлықтай жұмыс атқарылып жатыр. Алайда соған қарамас­тан ірі мөлшерде есірткі жинаған­дар жыл сайын ұсталып жата­ды. Олардың қатарында есірт­кіні бизнеске айналдырғандар да баршылық.

Облыстық полиция депар­та­ментінің баспасөз қызметі келтірген дерекке жүгінсек, 42 жастағы меркілік азаматты полицейлер «Қарасора-2024» нау­қандық іс-шарасы ке­зін­де қолға түсірген. Сот-хи­мия­лық сараптаманың қо­ры­­тындысына сәйкес Меркі ауда­нының аза­матынан 39,7 килограмм кеп­тірілген және 22 ки­лограмм кептірілмеген марихуана тәркіленген. Қырықтың қырқасына шыққан азамат өз кінәсін толықтай мойындаған.

«Күдікті қас қарайған шақта қолға түсті. Шынтуайтына келсек, есірткі сатумен айналыса­тындар түн қатып жұмыс істей­тіні белгілі. Мұның бәрін жетік білгендіктен, біз ілкі сәтке де дамыл таппай, тоқтаусыз жұмыс істеп жатырмыз. Әсіресе жабайы қарасора қаулап өскен кезеңде жұмысты тоқтатуға қақымыз жоқ. Күдікті азаматқа қатысты аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтағаны үшін сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», дейді облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Әлім Бажықбаев.

Облыстық полиция депар­таментінің баспасөз қызметі кел­тірген дерекке сенсек, өз кінәсін толық мойындаған күдік­ті уақытша ұстау изолято­рына қамаққа алынған. Ол бұ­рын да есірткі қылмысымен құрықталып, істі болған екен.

Ілгеріде полиция қызметкер­лері 35 жыл бойы байырғы картамен жұмыс істеп келгені мәлім. Ертеректегі дерек бойынша, жабайы қарасора өсірілетін алқап 138 мың гектардан асып жығылатын. Жақында ғана жасалған жаңа карта алқаптың екі есеге азайғанын айқындап берді. Енді есірткі өсірушілермен күрес полиция қызметкерлері үшін бұрынғыдай қиын бола қоймас.

Жамбыл облысы