• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Университет 19 Шілде, 2024

Ирригация университетінің бүгіні

281 рет
көрсетілді

Елімізде жоғары білікті су мамандарына сұраныс жыл сайын артып келе­ді. Жұртшылық «Бұ­рын­­ғы гидро­ме­лио­ра­тив­тік-құры­лыс инс­­ти­туты неге жабылды?» деп сұрайтыны да рас. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында Прези­дент жанындағы Ғылым және технологиялар жө­нін­дегі ұлттық кеңесте гидромелиоративтік-құ­ры­лыс институтын тиіс­ті материалдық-тех­ни­калық базамен қамта­ма­сыз ету арқылы қал­пы­на келтіру шарала­рын қа­былдауды тапсыр­ған еді. Президент тап­сырмасы дер кезінде орын­далып, өңірде су шаруа­шылығы және ирригация университеті құрылды.

Су шаруашылығы саласы бойынша кәсіби стандартты қайта кешенді қарайтын сәт туды. Елімізде гидротехникалық құрылымдар мен су шаруа­шы­лығы жүйелерін жобалау, реконструкциялау, салу және пайдалану жұмыстарын жүргізетін бәсекеге қабілетті мамандар буынын тездетіп даярлау – жоға­ры білім саласының міндеті.

Бұл ретте Жамбыл гидро­ме­­лио­­ра­тивтік-құрылыс инс­ти­тутының мұрагері санал­ған М.Х.Ду­ла­ти атындағы Тараз өңір­­лік уни­верситетінің «су шаруа­­шылығы және табиғатқа үйлес­­тіру» институтының тәжірибесі бар екені анық. Мұнда білікті кадрлар шоғыры қалыптасқан.

Соңғы су тасқыны да баршамызды ойландырып тастады. Үкімет су шаруашылығы саласына кадр әзірлеу жұмысын жылдамдатып, жаңа жоғары оқу орнын ашу жөніндегі қаулыға қол қойды. Нәтижесінде, Тараз қаласында су шаруашылығы және ирригация уни­верситеті оқу-ұйымдастыру жұмысын бас­тады.

Жаңадан құрылып жатқан ұлттық университеттің қадамы қандай болмақ? Қай бағыттар бойынша мамандар даяр­лауға кіріспек? Техникалық-мате­риалдық базасы дайын ба? Еліміздің барлық өңірін білікті маманмен қамта­масыз етуге қауқарлы ма? Жаңа университетке қанша грант бөлініп жатыр? М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институтының мамандарына осы сұрақтармен қайырылып, мәселенің мәнісіне үңіліп қайттық.

Жаңа университетте жұмыс істейтін мамандар жанталасып жұмыс істеп жатыр екен. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің алды талапкерлерге толған. Күні кеше ғана мектеп бітірген түлектер үлкен өмірге қадам басуға ниетті. Әудем жерде тұрған «су шаруашылығы және ирригация университеті» деген жазу көзге оттай басылады. Оқуға қабылдау үшін 50-60 балл жинасаң жеткілікті екен.

«Біз бұл жұмысқа жарты жыл бұрын жанталасып кірістік. Біраз бұрын Алма­ты­дан және министрліктен жауапты аза­маттар келді. Ұлттық университеттің ашылуын су тасқыны мен Президенттің сөзі жеделдетті. Мемлекет басшысы су саласында қалыптасқан проблеманы шешу үшін мамандар қажеттігін шегелеп айтты. Қолға алған жұмысымыз бірнеше ай бойы ілкі сәтке де тоқтаған жоқ. Негізі оқу ордасының ашылғанына 63 жылдай уақыт болды ғой. Біздің өзіміз елу жылдан бері осында жұмыс істейміз. Саладағы барлық мәселені бес саусақтай білеміз. Қартайып қалсақ та, тәжірибеміз жеткілікті. Жастарды қоспағанда, біз секілді он шақты маман еңбек етіп жүр. Лабораториямыз бар. Оқу құралын жеткілікті етіп шығардық», дейді мелиорация, агрономия және экология кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы Әдеубай Сейітқазиев.

Ғалымның айтуынша, лабора­то­риялық, практикалық сабақтарды беруге арналған оқу құралдары бакалавр, магистратура және докторантурада оқитындардың барлығына жетеді. Жергілікті авторлардың еңбектері шетелдік ғалымдардікінен еш кем емес.

«Бұл бір өткенді аңсау емес. Әйтсе де ол кезде бәрі басқаша болатын. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты 1998 жылға дейін дербес жоғары оқу орны ретінде жұмыс істеді. Сол 1998 жылы оқу орнынан айырылдық. Біз бұрынғы ТарМУ-ға қосылдық. Бесжылдық оқу төрт жылға ауысқаннан кейін инженерлік негізіміз төмендей бастады. Бакалавриат туралы әңгіменің бастауы осылайша біздің салаға кесірін тигізді. Мамандар амалдың жоқтығынан сыртқа кете бастады. Дербес институт кезінде біз жылына шамамен 600 адам қабылдайтынбыз. Ол кезде 3-4 мамандық қана бар еді ғой. Гидротехнигіміз де, механиктеріміз де инженер боп шығатын маман ретінде қалыптасатын. 1998 жылдан кейін көп мәселе өзгерді. Содан бергі аралықта біздің сала азаматтық құрылыстың бір арнасы ретінде ғана жұмыс істеді. Үй салатын құрылысшылар су қоймаларын салатын жағдайға дейін жетті. Отыз жыл бойы айтарлықтай құрылыс болған жоқ қой. Анығырақ айтсақ, ондайлар енді шығып жатыр. Су тасқыны бізде маман тапшы екенін айқын көрсетіп берді. Президенттің тікелей бақылауға алғанының арқасында бұл проблеманы еңсеретін уақыт туып отыр», дейді мелио­рация және агрономия кафедрасының доценті Қыдыралы Мұсабеков.

Мамандар келтірген дерекке жүгінсек, жаңадан ашылған университеттің жеке ғимараты бар екен. Гидрокешендегі ғимаратта сабақтарды өткізуге қолдан келгенше жағдай қарастырылған. Аудитория жасақталған. Тәжірибеге баратын орындар да жеткілікті. Әйтсе де мамандардың айтуынша, байырғы кеңес одағы кезіндегідей практикаға жіберетін үлкен орындар тапшы көрінеді.

«Біз осы күнге дейін су шаруашылығы бойынша төрт мамандықта студенттерді оқытып келдік. Олардың барлығы Баллон конвенциясына қол қойылған соң, ауыл шаруашылығы бағытына өтіп кетті. Осылайша, студенттер жеңілдетілген түрде білім алды. Бір сөзбен айтқанда, мамандар сызу жұмысын түбегейлі атқармайды. Жобалық институттар жоқ болған соң, ол жақта істей алмайды. Осы мәселелерді реттеу мақсатында сырттан мамандар шақыртып, барлық оқу бағдарламасының жұмыс жоспарын қайта жүйеледік. Байырғы жүйе арқылы оқытқан, қарастырылмай кеткен пәндерді қостық. Сондай-ақ былтырдан бері су шаруашылығы бағытын енгіздік. Мұнда су саласының қай бағыты болсын қамтылады. Жаңа университет ашылған соң, бірқатар мамандық бізге қайта оралып отыр. Жалпы он бағыт, яғни он мамандық бойынша маман даярлауға құлшынып отырмыз», дейді су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру институтының директоры Ғалия Омарова.

Бірер күн бұрын ғана Үкімет бас­шы­сының қаулыға қол қоюымен ашылған жаңа университетке грантпен оқуға түсу салыстырмалы түрде оңай секілді. Өйткені ҰБТ-да 50-60 балл жинаған талап­керлердің де тегін оқуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ мамандар жарты жыл бұрын еліміздің барлық өңіріне арнайы хат жазып, қай өңірге қанша маман қажеттігін зерделеп алыпты.

«Университет ашылады деген әңгіме айтылған кезден бастап барлық облыстың әкімдеріне, білім басқармаларына хат жаздық. Мәселен, батыстағы бірнеше облыс әуелі 1-2 маман ғана қажет екенін хабарлаған болатын. Алайда су тасқыны болғаннан кейін жағдай өзгерді. Мәселен, бастапқыда Қазақстан бойынша 212 маман қажет деген сұраныс түссе, қазір 450-ден асты. Тіпті 1-2 маман қажет деп хабарлаған кейбір өңір қазір 15-20 маман қажеттігін айтып отыр. Солтүстік өңірлерде жағдай мүлде басқаша. Олар үшін ауызсу басты мәселеге айналғаны мәлім. Сондықтан «елді мекендерді ауыз­сумен қамтамасыз ету» деген маман­дықты оқытамыз. Күнделікті хабар­ла­са­тын­дардың бір парасы онлайн оқуға ниет білдіріп жатыр», дейді Ғ.Омарова.

Институт директорының айтуынша, су саласы мамандары тапшылығы Қызылорда облысында айқын байқалып отыр екен. Ең көп сұраныс жіберген де дәл осы облыстың билігі көрінеді. Жалпы, өзге өңірлерден келіп оқитын студенттер аз емес. Оларға қолдан келгенше жағдай қарастырылған. Жатақхана бар.

«Өзіміздің жаңа жатақханамыз да­йын тұр. Одан бөлек, студент, магистрант, докторанттарға арналған үш жатақ­хана бар. Сондай-ақ жас мамандарға қыз­меттік пәтерлер қарастырылмақ. Сонымен қатар технопарк салынады. Гидрокешеннің аумағында бос жатқан жерге технопарк құрылысы жүргізіледі деген ойдамыз. Біз өзіміздің бұрыннан қалыптасқан техникалық базамызды сақтап қалдық. Қазір сегіз қондырғымыз бар. Оны Ұлыбританиядан 92 миллионға әкелдік. Магистранттар, докторанттар сонымен жұмыс істеп жатыр. Әйткенмен бұл жеткіліксіз. Біз қазір лабораториялық құрылғылар толық жет­пеген жағдайда, виртуалды лаборатория­лармен жұмыс істеуге бел буып отырмыз», дейді институт директоры.

Мамандардың айтуынша, су шаруа­шы­лығы саласына талапкер тарту – оңай ша­руа емес. Өйткені ауылдарда тұра­тын халық су десе, кетпен ұстап, арық жа­ға­лап жүретін адамды көз алдына елес­те­теді. Осы көзқарасты өзгертетін кез келді.

Ғ.Омарованың дерегінше, жаңа университетке 210 грант бөлінген. Ілгеріде ел бойынша 7 ЖОО-ға 238 грант қарас­тырылса, биыл жаңадан құрылған ұлт­тық университеттің өзіне 238 грант қарас­ты­рылғаны көңіл қуантады. Әйтсе де, маманның сөзіне сенсек, осы күнге дейін бөлінген гранттардың 30 пайызы ғана игеріліпті. Әрине, аз. Енді осы жұмысты реттеуге, жаңа оқу орнына студент тартуға күш салу керек. Алдағы уақытта мамандарға бөлі­не­тін бір жолғы көмек артады, жалақы көте­ріледі деген дерек бар. Соған қара­ған­да су шаруашылығына қатысты маман­дық­тарға қызығушылық артуға тиіс деген болжам бар.

«Қазір біз тек институт бойынша айта аламыз. Мұнда 174 маман жұмыс істейді. 27 ғылым докторы, 42 ғылым кандидаты, 11 PhD, қалғаны аға оқытушылар мен оқытушылар. Шетелдік ЖОО-лармен де бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Олардың озық технологияларын алып, жұмыс барысында зерделеп жүрміз. Әйткенмен алыс мемлекеттерге қарағанда Орта Азиядағы елдермен тәжірибе алмасқан жөн. Біздің ел үшін сол тиімді», дейді Ғалия Омарова.

Мамандардың айтуынша, жаңа университетте жұмыс істеуге барлық жағдай қа­растырылып жатыр. Ең бастысы, қол­дау бар. Алғашқы жылы студенттер санын 2500-3000-ға жеткізу басты жоспар бол­са, алдағы уақытта студенттердің са­нын 4000-ға дейін арттыру көзделіп отыр екен.

Жамбыл облысы