• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Құрылтай 19 Шілде, 2024

Ел бірлігінің түп қазығы

141 рет
көрсетілді

Елдің бірлігі, ұлтымыздың тұтастығы, ауылдың бекем іргесі туралы ойлаған кезде әрдайым танымал ақын Сағи Жиенбаевтың «Дүниеге келер бір рет, дария-кеуде, тау-мүсін, Құрыштан құйған құдірет – қарттарым, аман-саумысың?» деп басталатын «Ауыл қарттары» өлеңін еске аламын. Шындығында ауыл – исі қазақтың ту тіккен түп қазығы.

Ауыл – біздің бірлігіміз бен тату­лы­ғымыздың бастау алар іргета­сы. Ал ауыл ақсақалдары – біздің қазы­налы қарияларымыз, қарқаралы хал­қымыздың даналығы мен ұлылығының ұясы. «Құрыштан құйған құдірет» тұр­ған­да жұрт та ауыл халқының ұйым­шылдығы үшін алаңдамайтын еді. Ға­сыр­лар бойы. Осы күнге дейін.

Ақсақал. Қазақ үшін қастерлі де қасиетті, киелі де кенерелі ұғымдардың бірі – осы атау. Ұлы даланың ұлағатты перзенттері ұдайы алдындағы аға буын өкілдерінің айтқанымен жүріп, ақыл-кеңестерін әр кез бұлжытпай орындап отырған. Халқымыздың осынау ұлан-ғайыр көсілген кең атырапты ен жайлап, кезінде өзін де, жерін де шетке жібермей, бүгінгі күнге дейін аман жеткізуіне осы заңғар заңға ұдайы бағынып жүргенінің де өзіндік үлесі бар.

Біз – қалай дегенде де, есте жоқ ескі замандардан бері ақсақалдарының алдын кесіп өтпеген, үлкенінің сүлей сөздерін еш уақытта жерге тастамаған, олардың өшпес те өлмес өнегелі өсиеттеріне ұйыған ұлыстың ұрпағымыз. Иә, қазақ қай заман, қай қоғамда да өзінің осы салтынан айнымаған. Соның арқасында елдің бірлігі мен берекесіне, татулығы мен тұтастығына қандай бір дүлей алмағайып кезеңдерде де пәлендей зиян­ды нұқсан келмеген, көп жағдайда бұл қағидат жұртымыздың тіршілік етуінің нысаналы нұсқасына айналған. Атам заманнан бері аузы дуалы қарттарымыз әрдайым елдің ұйытқысы, бірліктің тұтқасы бола білген. Былайғы күнделікті тұрмыс тінінде де ақсақалдар ауыл-ел, ру мен ру арасында оқта-текте болып жататын әртүрлі дау-шарларды өздері үнемі қара қылды қақ жарғандай етіп әділ шешіп, жұрттың бірлігін сақтап қалып тұрған. Қариялар қауымы ханға жететіндей датқа дейінгі шаруаның бәрін осылай реттеп, басып тастап отыратын еді.

«Асыл – тастан, ақыл – бастан» деген нақыл да бізден қалған. Осының желісімен өрілетін тәлімі мол аңызды бәріміз де бала жастан естіп өстік. Хан заманынан шаң беретін бұл хикаяның өне бойы қазақтың туа бітті дана халық болғанын айғақтай түседі. Бір тәуір жері қазақ «қырық кісінің ақылы бар» деген анықтама беріп кеткен хандарымыздың да көпшілігі даналықтың ұясы болған дала заңының ережелерін берік ұстанып, ақсақалдар институтының әрдайым өз сән-салтанатын сақтап қана қоймай, оның келер күндерге батыл қадамдар басуына себепкер болған. Тарих төркініне көз жүгіртсек, қазақ төріне көтерілген хандар ішінде қазыналы қариялар арқылы халықпен етене араласып, оны қамқорлығына бөлеген саналылары көп болған екен. Біз осының байып-байламынан кеңес кезеңіндегі жетпіс жылда едәуір айырылып қалдық. Сондықтан да кеудесін көптен бері қыжыл кеулеп, реніш тыншытпаса керек, қазақтың айрықша аруақты ақындарының бірі

– Ғафу Қайырбеков кеңес билігінің қылышынан қан тамып тұрған барынша қаһарлы кезеңінің өзінде ақыры «Бір сұрақ осы күні мен аңғарған, Сұрап келем білікті адамдардан, Өзге жұрттың патшасы жақсы болып, Қазақ ханы неліктен жаман болған?» деп тайсалмай бір төгіп өтті. Оның «өзге жұрты» кім екені белгілі, ал халқының қамын солардан он есе артық ойлаған қазақ хандарының неге өз елі үшін «жау» саналатыны ақыл-есі түзік азаматтарға соншалықты түсінікті бола қоймағаны аян еді.

Шын мәнінде, қазақ тарихында ерекше орын алатын Керей, Әз Жәнібек, Қасым, Хақназар, Әз Тәуке, Абылай сын­ды хандардың қолға алынатын әрбір келесі істің көлемінде ақсақалдар қауы­мына ылғи арқа сүйеп отырғандары хақ. Әйтпесе, әйгілі «Қасым ханның қас­қа жолы» да, Әз Тәукенің «Жеті жар­ғы­сы» да, «Есім ханның ескі жолы» да ой­да-жоқта, күндердің бір күнінде хандар­дың жеке жүйелерінің жетегінде өзінен өзі жарқ етіп пайда бола салған жоқ. Турасын айтқанда, бұлардың бәрі де билеушілердің өз маңайындағы көпті көрген, көненің көзі іспеттес ақылман ақ­са­қалдармен, қабырғалы қарттар қауы­мы­мен ұдайы ақылдасып отыруының арқа­сында өмірдің өресінен өріс тапқан.

Ақиқатына көшкенде, біздің шер­лі шежіремізде елдің тәуелсіздігін, бү­тіндігін, бірлігін, тендігін, байлығын, ар-намысын ойламаған хан да, би де, батыр-бағлан да болмады. Елге бір бүйірден жау келіп тиіскенде, хан өз сарбаздары қатарлы қару-жарағын асынып, қан майданда қасқайып қол бастап, тіпті арасында жау жағының басшыларымен жекпе-жектерге де шығып жүрді. Сондай ғазауат соғыстарда Бұйдаш, Мамаш, Тоғым, Хақназар, Тәуекел, Салқам Жәңгір, Кенесары сынды хандарымыз опат болды. Демек олар біздің еліміз бен жеріміздің тұтастығы үшін, болашақ ұрпақтың бақыты мен бостандығы жолында қасық қандары қалғанша күресіп өткен. Мұның бәрі халқымыздың бірлігі мен татулығын арттыра түсуге өте зор ықпал етті.

Алайда ашығын айтқанның айыбы жоқ, біз қазір жылдан жыл ұзаған са­йын осындай хандардың ақылшысы да, қолғанаты да, еңселі елінің ерені бөлек тізгін ұстары да болып келген айбынды ақсақалдардың бүгінгі күнде көрініс беруге тиісті аруақты ұрпақтарын жоғалтып бара жатқан сияқтымыз. Ахуалдың шынында жанға бататындай қалыпқа жеткендігінен шығар, биылғы наурыз айында Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұғымы бар жанға түсіне қоятындай етіп ақырын меңзеп өтті.

«Қазақ қай заманда да үлкенін сый­лаған, ақсақалдардың аталы сөзіне тоқта­ған. Ал аузы дуалы қарттарымыз әрдайым елдің ұйытқысы болған. «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген сөз содан қал­ған. Біз халқымыздың игі дәстүрлері мен қазіргі заманның талаптарын үйлес­тіре білгеніміз абзал. Осы орайда мен Ақсақалдар кеңесінің жұмысын жан­данды­ру керек деп санаймын. Шын мәнін­де, ел ішінде жастарға ақыл-кеңесін айтып, дұрыс жол сілтейтін данагөй қа­рия­ларымыз аз емес. Ақсақалдарымыз өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ел бірлігін сақтауға атсалысып, ортақ іске зор үлес қосары анық», деді ол мәселенің мәнісін көрсете келіп.

Президент осы сөздің ләмінде қазір еліміздің барлық аймақтарында бар, бірақ жұмыстары көбіне-көп формалды болып келе жатқан, шаруасы қағаз-хаттама толтырудың айналасынан шыға алмай тұрған Ақсақалдар кеңесінің жұмысын бір жүйеге келтіріп жандандыру керектігіне арнайы тоқталды. «Ақсақалдар кеңесі барлық аймақта бірдей белсенді емес. Сондықтан оның жұмысын жүйелеп, жандандыру керек» деген тіркес сол тұжырым сорабынан тарқатылды. «Бәл­кім, кеңестерді Ассамблеяның жанына топтастырған дұрыс шығар. Олардың беделін көтеріп, мәртебесін арттыру қажет. Бұдан еш ұтылмаймыз», дегенді де сол шарасыздықтан айтқаны анық.

Ұлттық құрылтай отырысындағы сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев осы жайларды жүйелеп, жіктеп, түйіндеп, талдап жеткізді. «Біз елдігіміздің негізін қалап, оны ұрпаққа табыстаған бабалар рухына тағзым етеміз. Алайда өткені­мен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құн­дылықтар жүйесін қа­лып­тастыруымыз қажет. Құ­рыл­тай ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес, келешекте де ондай болмайды», деді ол сөзінің әлқиссасында.

«Ең алдымен, халық­тың береке-бірлігін сақтау ел­дігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенім­ді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зия­лы қауым ай­рықша рөл атқарады. Әсіресе елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Ақсақалдар кеңесі – күнделікті тұрмыс-тіршілік тінінде туындап жататын алуан түрлі мәселелерді ортаға алып талқылап, белгілі бір ұйғарым жасайтын, олардың мейлінше өзекті көкейкестілерін ресми орындар алдына ұсынатын көпшілікті басқару жүйесінің бейресми қоғамдық ұйымы. Шынын айтқанда, оның тарихы тым тереңде жатыр. Біз жоғарыда айтып өткен қазақ хандары дәуірінен де әлдеқайда әріден бас­тау алады. Өткен тарих мұндай ұтымды ұйымдардың сонау біздің дәуірімізге дейінгі бірнеше ғасыр бұрынғы ежелгі Грекия қала-мемлекеттері заманынан арна тартатынын айғақтайды. Ертедегі элладалықтар оны «герусия» деп атаған, ал оның құрамына кіретін геронттар Афина түбіндегі Ареса төбешігінің басында «Ареопаг» деген ат алған орында бас қосып, елдік тұрғыда зор маңызы бар ерекше мәселелерді талқылап, белгілі бір шешімдер шығарып тұратын болған. Ал «герусия» сөзі «ақсақал, ақсақалдар кеңесі» деген ұғымды білдірген.

Кейінірек, XVIII ғасыр ауқымында, 1795 жылы тап осы үлгісімен Францияда парламенттің құрамы 250 адамнан тұратын жоғары палатасы – Ақсақалдар кеңесі құрылды. Қазақ қоғамында ол өзінің бастауын Түркі қағанаты дәуірінен, Тоныкөк өмір сүрген кезеңнен алады. Соңыра олар Қазақ хандығы тұсында «Хан кеңесі», «Билер кеңесі» болып аталып, ел ішін­дегі көптеген күрделі істі ойласа отырып шешудің басты құралдарының бірі болып қалыптасты. Бірақ бұл құрылымның ақсақалдар кеңесінен елеулі айырмашылығы бар еді. Мысалы, «Хан кеңесі» мен «Билер кеңесі» аса шұғыл, ел басына қатер туған шақтарда болмаса, басқа кезде келісім бойынша белгіленген мерзімде өткізіліп отырған. Ал Ақсақалдар кеңесі ауыл-аймақтың тұрмыстық, шаруашылық қажеттеріне орай кез келген уақытта өткізіле берген. Жалпы, тарихта қазақ халқы сүйек тұрғысынан өзіндік территориялық аумақ болып отыруы, көшіп-қонуы, әрбірінің Ақсақал кеңесі болуы – айқын факт. Бұл ата-атаның арасындағы шаруа­шылық, тұрмыстық және мәдени байланыстар мен сауда қарым-қатынасы мәселелерін, жер-су меншіктерінде ұшырасып жататын дау­лы жағдайларды мүмкіндігінше бейбіт түрде шешуге мұрындық болған.

Кейінгі жылдары біздің еліміздің бар­лық аймағында тап осындай Ақсақал­дар кеңесі құрылып, жұмыс істейді. Бірақ олардың көпшілігі Мемлекет басшысы айтып өткендей, әлі күнге дейін жоғары белсенділік таныта алмай келеді. Ендеше, бұл тұрғыда сеңнің көбесін сөгіп, мейлінше батыл жұмыс жасайтын кез жетті. Осы ретте көршілес Өзбекстан елі­нің барлық уәлаяттарында тап осындай Ақ­са­қалдар кеңестері құрылып, барған сайын қарқынды да ұтымды жұмыстарға қол ұрып жатқан­дарын естіп отырмыз. Тіп­­ті сол жақтар­мен араласып, тәжірибе ал­­мас­са да ар­тықтық етпес еді.

Қалай айтқанда да, қазіргі қазақ қоғамы мұндай пәтуалы да парасатты ұйымдардың қызметі мен қамқорлығына аса зәру. Ел ішінде абыз ақсақалдар талқысына түсіп, талдануға жататын, жұртты бір ұтымды идеяның төңірегіне топтастыруды қажет ететін мәселелер өршіп тұр. Біз шын мәнінде қазір өз ұлтымыз ішінен де әртүрлі себептермен және алуан түрлі ықпалды күштердің қысымымен бірнеше бөлікке бөлініп кетудің сәл ғана алдында тұрмыз. Осының алдын алып, ұлтымыздың тұтастығын бұрынғыдай сақтап қалу жолында Ақсақалдар кеңесінің атқаратын қызметі мен міндеті де зор. Бірауыз сөзбен бір қауым елді ұйытып, мемлекеттің тұтастығын қорғау – өмір­ді көрген, көп нәрсені көкейге түйген, өнегелі ісімен үлгі ақсақалдардың асыл парызы.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,Сенаторлар кеңесінің мүшесі, саяси ғылымдар докторы, профессор