Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен отырысында тұжырымды ой айтып, Үкімет пен Парламентке салмақты тапсырмалар берді.
Президент бүкіл әлемге қауіп төндірген жаһандық сын-қатерлерді, соның ішінде қоғамды жегі құрттай жеп жатқан жағымсыз әдеттерден арылу керектігін санамызға сыналап кіргізді. Бабаларымыздан қалған өсиетті – жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білу керектігімізді ескертті. «Шын мәнінде, озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы өте маңызды қадам», деп ұлы Абайдың «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген ешқашан ескірмейтін, мән-маңызын жоғалтпайтын өсиетін қайталады.
Әр заманның өзіне тән сын-қатерлері бар екенін көзі-қарақты, көкірегі ояу адамдар жақсы білуге тиіс. Президент айтпақшы, жаһандану үрдісіне, жаңа технологияның дамуына және басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болды. Осы орайда Қ.Тоқаев нашақорлық, лудомания, вандализм, зорлық-зомбылық және ысырапшылдық сынды бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керектігіне тоқталды.
Ашық мәліметтерге сүйенсек, құмарпаздық құрығына ілінгендердің саны 400 мыңға жуық екен. Бір сөзбен айтқанда, бұлар – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті.
Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады.
«Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады. Біз нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылдадық. Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек. Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажет. «Amanat» партиясы фракциясының бастамасымен осы мәселе бойынша тиісті заң жобасы әзірленді. Парламентте қаралып жатқан сол жобаны осы сессияның соңына дейін қабылдау қажет», деп Мемлекет басшысы тапсырма бергендей, лудоманияға қарсы күрес шараларын күшейтетін, яғни құмар ойындардың алдын алып, оның БАҚ беттеріндегі жарнамасына тосқауыл қоятын заңды Мәжіліс тыңғылықты даярлады.
Біз жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек. Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болатынын қоғам болып түсіндіріп-ақ жатырмыз. Бірақ нәтиже көңіл көншітпейді. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасымен дайындалған құмар ойындарға тұсау салатын заңның қабылдануы – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі. Бұл ұлт болашағына дер кезінде араша түскен тірлік болды. Әйтпесе, «заңы жоқ елде қылмыс та жоқ» деген ежелгі философияға салсақ, тиісті заңнаманың солқылдақтығы бұл бағыттағы күрес шараларының қолын байлап, аяғын тұсаулап тастағаны жасырын емес. Заңның мысы баспаған соң әр нәрсеге елірткен жастар ойына келгенін істеп, ойынқұмарлықтың құрығына ілігіп кетіп жатыр.
Осы ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі туралы заң жобасын жалпы отырыста таныстырған депутат Елнұр Бейсенбаев бұл ең көп талқыланған заң жобасы болғанын айтты. Жастардың уланған санасына тоқтау салар, көзсіз құмарлығын тыятын заң жобасы екі жыл үздіксіз талқыланды. Осының өзі-ақ бұл жүрдім-бардым қарап, атүсті шешім шығаратын қатардағы мәселе емес екенін көрсетіп отыр. Ендеше, Президент қол қойған ойын бизнесі мен лудоманияны тоқтататын заң қоғам бірлігі мен жастардың дұрыс жетілуіне әсер етеді деп санаймыз.
Асқарбек СЕЙІЛХАН, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі