Әлем БАҚ-тарында Microsoft-тағы ақауға байланысты әуежай, банк, телеарна, ірі компаниялардың операциялық жүйелерінде қиындықтар болып жатқаны хабарланып жатыр. Осы мәселеге қатысты Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі де мәлімдеме жасады, деп жазады Egemen.kz.
Министрлік мәліметінше, әзірге еліміздің инфрақұрылымдары мен мемлекеттік IT-сервистерінің жұмысында ешқандай ақау тіркелмеген.
«Microsoft операциялық жүйесінің жаһандық істен шығуына байланысты бірқатар елде әуежайлар мен IT-сервистердің жұмыстарында ақау байқалады. Қазақстанда осыған байланысты шағымдар түскен жоқ, барлық жүйелер қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Цифрлық даму министрлігі жағдайды бақылауға алды», делінген министрлік хабарламасында.