• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Еңбек 20 Шілде, 2024

Тастұғырда – кеншілер тағдыры

152 рет
көрсетілді

Костенко шахтасында болған қайғылы оқиға ел-жұрттың жанын ауыртып, қа­бырғасын қайыстырды. Көмір қаза­мыз деп өмі­рін қиған кеншілерге тағ­зым көрсетіліп, екі бірдей ескерт­кіш қо­йылды. Қос мүсіншінің қолынан шық­қан ескерт­кіш­тің біреуі шахта жа­нына, екіншісі орталық саябаққа қо­йыл­ды.

Қарағандылық суретші, мүсінші Игорь Баг­ра­мов Костенко шах­та­сында қаза тапқан 46 кенші­нің құр­ме­тіне қойылатын мемо­риал­дың жобасын был­тыр бастаған еді. Жоба да­йын бол­ған­да әзір­­лемені қаза тапқандардың отбасыла­ры­на көр­сеткен.

Орталық саябақтағы еңселі ескерткішті Игорь Баграмов өзінің мүсінші әріптесі Тарас Киш­каревпен бірге жақында ғана аяқтады. Биік­тігі – 3 метр 20 сантиметр. Ескерткішті 2006 жы­лы қаза тапқан кеншілердің құрметіне орна­­тылған гранит ескерткішінің жанына қой­ған.

«Ескерткішке апаратын шағын жол бар. Тұғыры қара граниттен жасалған және мұнда бірінші ескерткіш сияқты, қаза тапқан барлық 46 кеншінің аты-жөні ойылып жазылған. Бетон­нан жасалған мүсін – алысқа көз тастап тұр­ған қарапайым кеншінің бейнесі», дейді И.Баг­ра­мов.

Костенко шахтасының жанында орналасқан үш метрлік мемориалдың қаңқасы металдан. Ескерткіштің негізгі материалы – габбро тегістелген қара гранит. Гранитке қаза тапқан кен­шілердің есімдері мен апат күні қашалып жа­зылған. Ескерткіштен кенжарға кіреберісті көр­сететін жартылай дөңгелек доғасы бар қа­быр­ғаны көруге болады. Шахтаға кіріп бара жат­қан кеншілер бейнелері бірте-бірте бұлтқа сің­гендей.

Мемориал қабырғасында жарық­шақ қайғы мен шерді сезін­діреді. Ескерткіштің екін­ші жағында кеншінің бас­киімі қашалып салынған. Айна­ла­сына гүлдер егіліп, жан-жағы абаттандырылған. Жарық шамдары мен тағзым жасау­шыларға орындық қойылған. Бұған қоса ескірткішті айналдыра қаза тапқан кеншілер санына сәйкес 46 жас қайың егілді.

«Ескерткіш алаңына тастөсем төселді. Шағын қоршаумен қоршалды. 340 шаршы метр аумақ жауын-шашын суы жиналмайтындай, көлбеу жерде орналасқан. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар, яғни арбадағы адамдар да келе алатындай ыңғайлы етіп жасалған. Қазір жарықтандыру тіректері үшін электр қуатын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соңғы атқарылар жұмыс – көгалдандыру. Алдағы бірнеше күнде аумақты абаттандыру аяқталады», дейді мүсінші.

Өткен жылдың 28 қазанына қараған түні Костенко атындағы шахтадағы жарылыс салдарынан 46 адам қаза тауып, 28 кенші жарақат алған еді. Бұл екі бірдей ескерткіш – солардың рухына жасалған тағзым.

Қарағанды облысы