• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Шілде, 2024

Еуропаны елең еткізді

88 рет
көрсетілді

Қарқаралыдағы елу бес жылдық тарихы бар «Салтанат» халықтық ән-би ансамблінің жұлдызы биіктен жарқырады. Жақында ансамбль Польшада өткен халықаралық «Świat Pod Kyczerą» фольклор фестивалінен Бас жүлде иеленіп келді.

Жарты ғасырдан аса тарихы бар ансамбльді Қарағанды облысы мен Қарқаралы ауда­­нының басшылығы қолдап, өнер бай­қауына арнайы шақыртумен аттанған еді.

Кезінде арнайы шақыртулармен жарты әлемді шарлаған, қазақ өнерін талай елге таныстырған өнер ұжымы кейінгі жиырма жылдың ішінде алыс сапарлардан шектеліп қалғандай еді. Міне, ұзақ күткен сапардан олжалы оралып, жерлестерін шаттыққа бөлеп жатыр.

Жарты ғасыр ішінде өнер ұжымының құрамы әрдайым толысып, жаңарып отыр­ды. Бұл жолы танымал өнер май­тал­­маны Темірбек Сыздықов даяр­лаған, отыз бес адамнан құралған ән-би ансамблі Еуропа төріне мықты әзір­лікпен барыпты. Репертуары бай ансамбль поляк елін­­де лайықты өнер көр­сетіп, қазақтың әні мен биіне әлем хал­қын тамсандырып қайтқаны айғақ оған.

Дүниенің әр түпкірінен жиналған өнер ұжымдары алдымен бірнеше топқа бөлініп, Польшаның Легница, Лосице, Шпротава, Польковице, Хойнув, Верчице, Волув, Поляница-Здруй, Рудно, Заменице елді мекендерінде концерт қойды. «Сал­­танат» ән-би ансамблі фес­тиваль бағд­арламасы бойынша Лег­ница қаласында өнер көрсетті. Фес­тивальдің тағы бір ерек­шелігі – оған қа­тыс­қан өнерпаздар сахнада ғана емес, әр қаланың орталық көшелерінде бо­ла­тын халықтық шерулерге де қа­тысады. Өз елдерінің өнерін паш етеді. Фестивальда әр мемлекеттің өкілдері өз халқының сах­налық өнерімен қатар салт-дәстүрлерін, ұлттық қолөнер және тағам өнімдерімен де таныстырады.

Ұйымдастырушылардың мұндағы мақ­саты – дүние жүзіне әлем халық­тарының ұлт­тық дәстүрлері мен өнерін дәріптеу. Сол ар­қы­лы бейбітшілікті, бір­лікті насихат ету. Фес­тиваль шырайын Гала-концерт, басқа да мерекелік кештер аша түскен.

Он күнге созылатын өнер жәрмең­кесінің аясында жерлестеріміз Легница қаласы басшылығының құрметті қабыл­дауында да болады.

Мұнымен қоса, осы бір өнер додасы «Świat Pod Kyczerą» халықаралық фольклор фестивалінің әлеуметтік желідегі парақ­­­шалары мен арналары арқылы тіке­лей эфирден көрсетіліп отырды.

Еуропа төрінде үздік өнер көрсетіп, елге олжалы келген «Салтанат» халықтық ән-би ансамблі ұжымын жерлестері сән-салтанатпен қарсы алды.

Қарағанды облысы,Қарқаралы ауданы