Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің қызметімен танысты. Сенатор кітапхананың материалдық-техникалық базасы мен кітап қоры туралы мәлімет алып, мекеме басшылығымен және қызметкерлерімен әңгімелесті.
Жүздесуде Ақмола облысында денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелерін шипажай ұжымымен бірге талқылады. Сондай-ақ ол медицина және емдеу-сауықтыру саласында жүргізіп жатқан реформалары туралы айтып берді. Атап айтсақ, медициналық қызметтердің сапасын арттыру, әлеуметтік кепілдіктерді жақсарту, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің рөлі мен мәртебесін арттыруға бағытталғаны туралы мәліметтерге жан-жақты тоқталды. Сенатор ұжыммен әңгіме барысында азаматтардың оқырмандық сауатын арттыру мәселесіне де жеке тоқталды.
– Депутаттық корпус және жеке өзім ел халқының оқырмандық сауатына, кітапханаларды тиісті кітаптармен жабдықтауға ерекше назар аударып отырмыз. Үкімет атына жолдаған депутаттық сауалдарымда кітапхана саласындағы проблемаларды бірнеше рет көтердім. Атап айтқанда кітапханашылар жалақысының төмен болуы және осы сала қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктерінің жоқтығы көңілге кірбің ұялатады, – деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.
Кездесу барысында мекемені емдеу-сауықтыру мақсатында қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету, емдеу ісіне білікті мамандарды тарту сынды бірқатар өзекті мәселе талқыланды.