Биыл Тобыл-Торғай өңірінің шабындығы шүйгін, жайылымы отты, шөбі шұрайлы. Күнұзақ мал азығын дайындаудың қамымен жүрген шаруақор жұрт мұны, бұйырса, алдағы қыстан қысылмай шығамыз деп жақсылыққа жорып отыр. Дегенмен көкорай шалғыны мол қопа-сайлардың суы әлі кете қоймағандықтан, қазір қырдың шөбіне ғана шалғы түсіп жатыр.
Бетегелі белі, құйқалы жері болмай, ауылға береке құтаймайды. Өкінішке қарай, өңірде жайылымы жұтаң, шабындығы селдіреп қалған елді мекендер баршылық. Мысалы, сонау шалғайда жатқан Қызбел аулындағы шабындық мәселесі көптен шешімін таппай келеді. Ауыл маңында шөп жоқ емес, бар. Бірақ оған шалғы салуға «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватының мамандары рұқсат етпейді. Мұның арты жыл сайын дауға ұласып, халық та, қорықшылар да бір-біріне әбден жеккөрінішті болып біткен.
Тұрғындар назы
Қызбелден әрі қарай 7-8 шақырым жерден мемлекеттің ерекше қорғауындағы Сарықопа көлдер жүйесі басталады. Шөбі белуардан келетін қопаның айналасы «Алтын даланың» буферлік аймағы саналады. Жылда дау осы жерде ушығады. Қалың шөпке шалғы саламыз деп айыппұл арқалаған тұрғындар тегін жатқан иен шөптің несін қориды, босқа қурап кеткенше халыққа бермей ме деп ренжиді. Ал қорықшылар бұл ерекше қорғауға алынған табиғи алап деп шыр-пыр болып жатады.
«Ауыл айналасындағы шабындық азып кеткен. Ал жанымыздағы «Алтын дала» табиғи резерватының буферлік аймағына біздің бұрынғы шабындықтарымыз кіріп кетіп отыр. Осы буферлік аймақтың керегі не, шабындықты халықтың игілігіне қайтарсын. Аң-құсқа одан әрі қарайғы жер де жетпей ме? Ауылдың мына жақ бетінің көбі шаруа қожалықтарының меншігінде. Олар өздеріне азғантай шөп дайындайды. Бірақ бізге шабындық бермейді. Берген күннің өзінде азып кеткен жерді береді. Ауыл іргесінде тұрған «Алтын дала» жеріндегі шөптің аң-құсқа не пайдасы бар? Жылда шабылмағаннан кейін ол да азып кетеді. Одан да шабылғаны жақсы. Ал оған қорықшылар жібермейді. Өздері шөп басталған кезде ғана келеді. Содан айқай-шу болады», дейді Қызбелдіктер.
Айтуларынша, тұрғындарға 17 мың теңгеден айыппұл салып кететін көрінеді. Әкімнен де, депутаттан да қайыр болмаған.
«Сарықопа ауылға тиіп тұр, соның айналасынан 100 метр жерді қоршап қойса, буферлік зонаға сол жетпей ме? Сарықопаның аумағы – 52 286 гектар. Оның 31 456 гектары – қорғалатын жер. Ал буферлік зона, яғни аралық аймақ – 20 830 гектар. Шөп осы аймақта өседі. Оны неменеге қорғайтынын білмейміз. Жайшылықта мал түсіп жатыр ма, адам кіріп жатыр ма, онда шаруасы жоқ. Қорықшылар қопаға тек шөп кезінде ие бола қалады. Ауылдың малы күзден бастап қыстай қопада жүреді, ал соны айдап шығатын қорықшы қайда жүр?», дейді тұрғындар.
Қызбел ауылдық округінің әкімі Қайсар Нұрғазиннің айтуынша, 700-дің үстінде халқы бар Қызбелде бүгінде 140 үй түтін түтетіп отыр. Жангелдин ауданына қарасты елді мекендердің ішіндегі ең малға қолайлысы да осы Қызбел. Ауыл тұрғындарының қолында 4 мыңнан аса ірі қара бар. Жайылым, шабындық, суы іргеде. Халықтың жағдайы өте жақсы. Мұнда ешкім атаулы әлеуметтік көмек алмайды. Түгі жоқ деген үйдің өзінде кемі 15-20 шақты мал бар. Халықтың малынан бөлек жергілікті шаруа қожалығы 5 мың бас асыл тұқымды ірі қара ұстап отыр.
«Сарықопа қорығы ауылға тиіп тұр. Соған халық кейде кіріп кетіп жатады. Біз де өз тарапымыздан хат жазамыз. Ол жақтан рұқсат келгенше шөп қатып, ағарып кетеді. Сондықтан біраз әуре болатын кездер болады. Негізі Сарықопадан басқа да 2 мың гектардай шабындықтарымыз бар. Бірақ халық оны шаппайды. Ал қорықты мал баспайды, сондықтан шөбі де жұмсақ, көктеу болып келеді. Ауылдың айналасындағы шабындықты мал басып тастайды. Ол өсу үшін де 2-3 жыл керек», дейді әкім.
Қорықшылардың уәжі
Бүгінде Сарықопаның айналасын түгелдей су басып жатыр. Сондықтан тұрғындар қазірше ол жақтағы шабындыққа кіре алмайды. Алайда су кеткен соң, ескі дау қайта өршуі мүмкін. Осыны ойластырған ауыл әкімі «Алтын дала» табиғи резерватының басшылығына шабындық сұрап хат жолдап қойыпты. Ал табиғи резерват директорының орынбасары Серікболсын Құлжановтың айтуынша, мұндай рұқсат тек қорықшыларға ғана беріледі.
«Ол жақта қарапайым халыққа деп ешкім жер бермейді. Қызбел мен Тосынқұмның аумағында «Алтын даланың» меншігіндегі шамамен 1 600 гектардай шабындық жер бар. Бірақ ол заң талабы бойынша ешкімге жалға берілмейді. Ал жайылымдық жерлерді қысқамерзімді, ұзақмерзімді жалға беруге болады. Бірақ біз жоғары жақтың рұқсатын алып, сол жақтағы өзіміздің инспекторлардың мұқтажын өтеу үшін шабындық жер бөліп беруді жоспарлап отырмыз. Ал баса-көктеп кірген тұрғындарды заң аясында әкімшілік жауапкершілікке тартамыз. Мұндай тұрғындарға қорық аумағында заңсыз шөп шапқаны немесе мал жайғаны үшін 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бірақ халық заң талабын түсінгісі келмейді. Жақын жердегі шабындықтың бәрін өздері аздырып алған да, енді мемлекеттің ерекше қорғауындағы жерге кіріп жатыр. Бұл жағдай бізде жыл сайын қайталанады», дейді Серікболсын Құлжанов.
Осылайша, қызбелдіктер де, табиғи резерват мамандары да тығырықтан шығудың жолын таба алмай отыр.
Сарапшы не дейді?
Даулы мәселенің ұшығын іздеп маман көмегіне жүгініп көрдік. Орман шаруашылығы саласында көп жыл еңбек сіңірген ардагер қорықшы Ғилымхан Молдағұловтың айтуынша, «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерваты ерекше қорғалатын аймақ және буферлік аймақ деген екі режімнен тұрады екен. «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заң бойынша ерекше қорғалатын аймақта ешқандай шаруашылық жұмыстарын жүргізуге болмайды. Бұл – заң. Парламент қабылдап, Президент қол қойған заңды бұзуға ешкімнің құқы жоқ.
«Ал Сарықопаның шеті тәрізді буферлік аймақта табиғатқа зиян келтірмейтіндей шаруашылық жұмыстарымен айналысуға болады. Яғни шөп шабуға, мал жаюға, балық аулауға рұқсат етіледі. Буферлік зонада мал жаю, шөп шабу немесе балық аулау үшін заң бойынша арнайы ақы төлену керек. Оның өзінің бағасы болады. Сол арқылы ақшасын төлеп, мысалы, шөп шабуға болады. Сондықтан, ең алдымен, буферлік аймақтың шекарасын анықтап алу керек. Екіншіден, «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерваты өзі сол шабындықтың бағасын шығарып, Экология министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне жіберіп, халыққа бекітіп беруге тиіс. Ол өзі жалпыға бірдей баға болу керек. Оны Үкімет бекітеді. Одан кейінгі мәселе, «Алтын даланың» аумағына рұқсатсыз ешкімнің кіруіне болмайды. Сондықтан буферлік зонаға өткізетін рұқсат қағаз алып, ақысын төлеп, шөп шабуға болады. Бірақ дәл қазір «Алтын даланың» жерін халыққа алып беретін заң тетігі жоқ. Ол үшін заңды өзгерту керек. Заңда қорық аумағынан халыққа шабындық берілу керек деген тармақ жоқ. Сондықтан Қызбелдік азаматтардың Сарықопаның жағасындағы шабындық жергілікті тұрғындарға берілу керек деп жүргені, былайша айтқанда, құр байбалам. «Алтын дала» шөп шабуға рұқсат бергеннің өзінде бұл заңсыз әрекет болып шығады», дейді тәжірибелі маман.
Түйгеніміз, заңда Қызбелге тиіп тұрған буферлік аймақтың шөбін мүлде шабуға болмайды деген тыйым жоқ. «Алтын дала» табиғи резерваты елге ақылы түрде шабындық беріп, одан түскен қаржыны материалдық жағдайын жақсартуға жұмсай бастаса, елге де, қорыққа да қайырымы мол іс болар еді.
Қостанай облысы,Жангелдин ауданы,Қызбел ауылы