Биыл Атыраудағы Ұлттық құрылтайда сөз етілген 5 заң қабылданды. Бұлардың ішінде әйел құқығы мен бала қауіпсіздігі, есірткі мен вейп саудасы және ономастика мен геральдика жөніндегі заңдар бар. Міне, таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды.
Президент луломанияны басты әлеуметтік мәселелердің бірі деп атады. «Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш», дей келе Мемлекет басшысы азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеу қою жұмысын күшейтуді қажет екенін қадап айтты.
«Amanat» партиясы фракциясының бастамасымен осы мәселе бойынша тиісті заң жобасы әзірленді. Парламентте қаралып жатқан сол жобаны осы сессияның соңына дейін қабылдау қажет. Біз жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек. Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Парламент ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді, оның ішінде, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулерді қабылдады. Үкімет заңсыз ойын бизнесіне және лудоманияға қарсы күрестің 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын енгізді.
Заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізілді. Енді мемлекеттік қызметкерлерге құмар ойындардың кез келген қызметі – букмекерлік кеңселер, казинолар және онлайн казинолар шектеледі. Жалпы саны 280 мыңға жуық адамды құрайтын әскери қызметкерлер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға қатыса алмайды. Құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалту тәртібі де анықталған.
Заңның маңызды жаңалықтарының бірі – 21 жасқа толмаған тұлғаларға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу. Заң байланыс операторларына құмар ойындар мен бәс тігуге арналған жарнаманы қамтитын хабарламаларды жіберуге тыйым салады.
Букмекерлік кеңсенің орналасқан жерінде, ғимараттарда, көлік құралдарында букмекерлік кеңселер ғимараттарының сыртқы жарнамасына, букмекерлік кеңселерді бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, бейне және анықтамалық қызметтерде жарнамалауға тыйым салынады. Букмекерлік кеңселердің жарнамасын таратқан жағдайда 60 АЕК және одан жоғары айыппұлдар қарастырылған.
Онлайн-казино ұйымдастырушылары екі жылға дейін бас бостандығынан айырылумен байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылу қаупі бар. Бұдан өзге өзгерістер мен толықтырулар енгізілген заңға сәйкес енді электронды лотерея билеттері тек ресми интернет-ресурс немесе лотерея операторының мобильді қосымшасы арқылы сатылады. «Lotomatic» терминалдары мен лото клубтарының қызметіне тыйым салынды.
Лотерея билеттерін тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ұйымдарда, білім беру, денсаулық сақтау, діни ғимараттары мен құрылыстарында, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарынан жүз метр радиуста таратуға тыйым салынады. Бұл да біткен үлкен бір жұмыс әрі жеңіс. Себебі дәл осы заңға қарсы болған небір лоббистік топтар болды.
Дәулет Мұқаев,Мәжіліс депутаты