• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Шілде, 2024

Қоңырдағы қуаныш

83 рет
көрсетілді

Облыс орталығынан жырақ орна­ласқан шағын елді мекендерді сақтап қалудың бірден бір жолы – жаңа нысандар салып, тұрғындардың тілегін орындау. Осы ретте Алакөл ауданына қарасты Қоңыр ауылында талай жыл жұртқа арман болған медицина кешені бой көтерді. Сөйтіп, жұмыс іздеген мамандарға да қызмет табылды.

Қоңырдағы қуанышты көзбен көріп, көңілге тоқыған адам тұрғын­дар­дың қуанышын алыстан тү­сінеді. Себебі бұған дейін қажетті медициналық жабдықтар болмаған соң ауыл халқы аудан орталығын жаға­лайтын. Тіпті қала кезіп кете­тіндер де болған. Енді олар жа­ңадан салынған блок-модульді ме­дициналық нысанда қажетті ем-домын ала алады. Сондықтан қо­ңыр­лықтар ғимараттың ашылуын сән-салтанатпен өткізді. Биыл ғана құрылысы аяқталған мекеме енді халықтың игілігі үшін жұмыс істейді.

Қоңыр ауылының тұрғындары бұған дейін ширек ғасыр бұрын салынған ескі ғимаратта қаралып, дертіне дауаны сол жерден іздейтін еді. Тозығы жеткен нысанның орнына жаңасы салынса деген көптің тілегі бұл күні қабыл болды. Енді аудан орталығынан 78 шақырымда орналасқан елді мекеннің өз меди­циналық мекемесі бар. Ауыл­дағы халық саны 706 адамды құрайды.

«Бас ауырса да, балтыр сыздаса да ауданға асығып, көлік іздеген ауыл тұрғындары бұл мәселені көптен айтып жүр. Біз бүгінге дейін шағын бөлмесі бар ескі ғимаратта дәрігердің қабылдауында болып келдік. Онда жатып емделуге мүм­кіншілік мүлдем болмады. Ал қазір заман талабына сай медпункт ашылып жатқанына дән ризамыз. Әсіресе зейнеткерлерге қолайлы болды. Ауылымыз көркейіп жатыр», деді ауыл ақсақалы Байдолда Ермусин.

Салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Мәулен Төлеужанов ауыл тұрғындарын құттықтады. Медпункттің лентасы Еңбек ардагері Қанапия Тас­танбековтің батасымен қиы­лып, мекеме өз жұмысын бастады.

Айта кетейік, блок-модульді медициналық нысан Алакөл ауда­ны әкімі аппаратының тапсырысы негізінде мердігер «QazDamuConstruction» ЖШС 33 млн теңгеге салған. Ғимараттың жалпы аумағы 103 шаршы метрді құрайды. Аталған ғимаратта 6 бөлме бар. Толықтай заманауи медициналық құрал-жаб­дықтармен қамтылған. Бір мезетте 15 емделушіге алғашқы меди­циналық көмек көрсете алады. Тұрғындарға алғашқы ме­дициналық-санитарлық кө­мек, екпе егу, скрининг, акушерлік және ЭКГ аппаратына жү­рек­қағысын тексеру, жедел және шұғыл медициналық көмек қыз­меттерін көрсетеді. Мекемеде штаттық бірлікке сәйкес 3 қыз­меткер қызмет етеді.

Былтырдан бері Алакөл ауда­нындағы елді мекендерде зама­науи үл­гідегі 1 фельдшерлік акушер­лік пункт, 2 медициналық пункт, 3 блок-модульді кешен салынып, халық игілігіне беріл­ген еді. Жетісу облысында денсаулық сақтау са­ласындағы ин­фрақұрылымды дамыту мақ­са­тында биылдың өзінде 94 нысан тұр­ғызылады. Соның 59-ы «Ауылда ден­саулық сақ­тауды жаңғырту» ұлттық жобасы шең­берінде жүзеге асты. Сол қатарда дәрігерлік амбулатория, фельд­шерлік-акушерлік пункт, медпункт бар. Бұл ретте нысандардың 27-сі – блок-модульді.

 

Жетісу облысы