• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ең қысқа әңгіме 26 Шілде, 2024

Әуселесін ә дегеннен білген

34 рет
көрсетілді

1972 жылы өткен Мюнхен олимпиадасы Вильфрид Дитрихтің жеңісімен тарихта қалды. Сол жолы 118 кг салмақта күрескен неміс палуаны 201 килолық Крис Тейлорды шалқасынан түсірді. Жиырма бірдегі америкалықтың отыз тоғыздағы әккі немістің әдісіне түсіп қалғанын әлеуметтік желіде әлі күнге дейін жарыса жазып жатады.

Бір күні Олимпиада қалашығында серуендеп жүрген түйе палуан Крис Тейлор неміс қарсыласы Вильфрид Дитрихтің өзіне қарай келе жатқанын байқайды. Жасы кіші Тейлор бірінші сәлем беріп қолын ұсынады. Ал Дитрих болса қолын жоғары көтеріп, басын шайқайды. Содан соң жақын келеді де, алдағы додаға сәттілік тілеп, қатты құшақтайды. Сый­­ластық сипатындағы бұл әрекет қарсыласының барлауы мен зерттеуі екенін ол кезде Тей­лор, әрине, білген жоқ еді.

Бұл Дитрихтің Герма­ния чемпионатын 28 рет жеңіп келген кезі, ал төртжыл­дық­тың бас­ты бәсекесіне Мельбурнда Олимпиада өткен 1956 жылдан бастап қатысып келе жатқан тұсы. Тарихта қалатын күрес көрсетіп, спорт­тық жолын әдемі қоры­тындылағысы келіп жүр­ген ол ойына бірден қол жет­кізеді. Іздегенге сұраған дегендей, алдынан найқалған нар­дай болып Американың зіл­мауыр палуаны шығады.

Дитрих олимпиадада бар­лық мүмкіндігін көрсеткісі келді және ол үшін тынбай жұмыс істеді. Ол өзінің қай­раты қайтып, қуаты кемігенін сезетін. Өмір болған соң оған қарсы тұру жоқ. Бірақ неміс палуаны бүкіл назарын күшке емес, айлаға түсірген.

Тейлорды тізе бүктір­ген­нен кейін, журналистер Дитрихтен сұхбат алды. Олар 200 кг түйе палуанды лақ­тыратынына неліктен сенімді болғанын сұрады. Сондағы Дитрихіңнің айтқан сөзі: «Мен 200 килоны көтере алатыныма бек сенімді едім. Тек Тейлорды қапсыра ұстауға, құшағым жетпей ме деп күдіктендім. Күрестің алдында онымен кездескен кезімде, ол менің қолымды алғысы келді. Бір­ақ мен оның орнына Тей­лорды қатты құ­шақтадым. Қолдарымның бір-біріне жететініне білген соң, мен оны шалқасынан лақтыра алатынымды түсіндім және міндетті түрде солай ететініме сенімді болдым».

Иә, қарсыласының «ахиллес өкшесін» майданға түс­пей жатып білу – спортшы үшін жарты жеңіс. Бірақ ондай деңгейге жету үшін сұңғылалық қажет-ақ.