• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Ең қысқа әңгіме 30 Шілде, 2024

Бұл құрмет еді...

122 рет
көрсетілді

Шіліңгір шілдеде болған жайт бұл. Сол күні аспан айналып жерге түскендей, иә, сұмдық «жылып» кетіп еді. Айтары жоқ. Шақырайып тұр. Адам денесін үйретпей, бірден ысыған соң тіл байғұс та ауызға сыймай, аңқаң қаңғырлап кебетінін қайтерсің. Шыдамай қаладағы азық-түлік сататын көп дүкеннің біріне бұрылғанмын. Тоңазытқыштағы қара суға жеткенше асық едім. Жеттім де. Осы кезде ой мен шөлді бұзған бір ғажап диалог бола қалғаны.

Самбырлап сөйлеген бетінде сәл ноқаты бар, иек пен қарын тұсы салбыраңқы, жуан балтыр, кеуделі, қара келіншек екен. Шекесіне қыстырған күннен қорғайтын көзілдірігі жарқылдаған күйі құс сүтінен басқаның бәрі бар, керекті дүниең самсап тұрған сөрелерді алшаңдап аралап келеді. Бітімі тап күреске түсетін адамның пошымына ұқсас. Бір қолында темір сетка, екінші қолында табақтай телефон. Өзі мәз. Қос танауы желбіреген күйі әлдебір кішкентаймен сөй­леседі. Аңдап қарасам, онысы «Уат­саптың» видеоқоңырауына ұқсайды. Назар аудармауға да болар еді, бірақ әлгінің даусы тым жарқын естіледі.

– Ауыл қалай? Арғы жақтан шамамен екі не үшіншіде оқитын баланың даусы шықты.

– Жақсы, мама.

– Қарның ашпады ма?

– Жоға. Әжемнің үйінде бәрі бар, – деді баласы да. Шамасы бұл келіншек балаларды каникул бас­талғасын ауылға аттандырса керек.

– Ботам сол, жақында біз де барамыз...

Дәл осы сәтте арғы жақтан бала­ның үніне аралас кемпірдің даусы шыға қойғаны. Қызық енді басталды. Манағы жырқылдаған келіншек түрін тез жиып алды. Шамасы енесі шығар, немересінің телефонына үңілген болуы керек, біздің бергі жақтағы кейіпкеріміз бірден абыржып қалды.

– Әй, бұл қайсысы? Арғы жақ­тан кемпірдің даусы анық естілді.

– Мама ғой, әже. Кішкентай ұл түсіндіріп әлек.

– Әй, шешең жардай болып, мынаның ішіне қалай сыйып кеткен? Құдай да шебер екен-ау.

Кемпіріңнің даусы қытқыл екен. Жақтырмағаны көрініп тұр. Манағы телефонға үңілген жуан жеңгей кемпір даусынан кейін қалбалақтап, тіпті телефонын қолынан түсіріп ала жаздады.

– Сәлем бердік, апа! Сас­қанынан видеоқоңырауға қараған күйі иіліп, сәлем салғаны. – Мен ғой, мен, Гүлхашимамын. Қалай­сыздар? Кем­­пір мұның сәлемін арғы жақтан бай­қады ма, белгісіз. Оған қараған Гүле­кең жоқ, тағы да еңкейіп сәлем салып үлгерді телефондағы енеге. Абдырағаны анық еді. Маң­дайының тершігені соның белгісі ғой.

– Ә, қарғам, өркенің өссін, етегіңе берсін. Кемпірдің де даусы лезде жұмсарды.

Мұны көрген мені әуелде күлкі қысқанмен, арты әжептәуір ойландырғаны. Есіме ескі естелік келген.

...Ауылда ғой. Атам мен апам мәңгіге жатқан төрт­құлақты тамның (мола) басына келгенде үлкендердің ізінде мен де бармын. Шешем де бізбен бірге. Құран бас­талмай жатып көргенім, шешем қос қолын айқастырып, иілген күйі «сәлем бердік» деді. Кәдімгі тірі ата-енесін көргендей істеді бұны. Бәзбіреулер көкіп жүрген аруаққа табынушылық емес, бұл шынтуайтқа келгенде құрмет еді.

Сәлем ғой айтпағымыз. Ауыл­дағы мен өскен үй қара ша­ңырақ болса, Ұрымхан апа «қайын а­ға мен шешейдің орны ғой» деп ша­ңыраққа сәлем салатыны бар. Қайын аға мен шешейі (атам мен әжем) түйе қарап кетсе де, құрметі әлі түгесілмепті.