• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Шілде, 2024

Құмарлық құрдымы

89 рет
көрсетілді

Құмар ойынның түбіне түсіп, тағдырын тас-талқан еткендер аз емес. Шаңырағын шайқап, барынан айырылғанда барып ес жиятындар өз алдына, бәске бас тігіп, өмірінің соңына дейін құмардың құрдымынан құтыла алмай қор болып жатқандар қаншама. Ойынқұмарлық – бір бой алдырған жанды оңайлықпен шырмауынан шығармайтын психо­ло­гия­лық дерт. Ойынға тәуелділіктен арылудың оңтай­лы жолын ұсынған мамандар пікірін саралап көрейік.

Таяуда лудомания туралы қабылданған заң ойынға тәуел­ді­лікпен күресудің кешенді жос­пары басталғанын көрсетеді. Дегенмен заң талаптарын кү­шей­тумен қатар, құмар ойындарға қар­сы қоғамдық иммунитет қа­лып­тастыру маңызды. Алматы қа­ла­лық Психикалық денсаулық ор­та­лығының директоры Сапар Рах­меншеев құмар ойындарға бейім­ділік қалай белең алатыны мен тәуелділікті жеңуге кедергі кел­ті­ретін негізгі проблемаларды атады.

– Құмар ойындар өз дамуында үш кезеңнен өтеді. Алғашқы кезең – көп жағдайда біреудің итермелеуі арқылы болады. Мысалы, «бірге ойнауға» көн­ді­ретін қызықты қарсыластың немесе серіктестің пайда болуы. Белгілі бір ойынға әуестеніп, адам қанша ұтылғанын байқамайды, тек өзінің жеңісін көреді. Бұл оған қуаныш сыйлайды. Бұл кезеңде ойыншы сүйікті ойынынан оңай шыға алады. Екінші кезең – ойын уақыты артады. Мұның себептері қиын деңгейлер болуы мүмкін, ойыншы басқа ешқандай жолды көрмей, құмарын тек ойынмен қандырғысы келеді. Адам ескі достарымен кездесу, киноға бару, жаяу серуендеу сияқты өмірдің қуанышынан біртіндеп бас тартады. Оның орнына ол уақытын компьютерде, ойын автоматында немесе казинода өткізеді. Үшінші кезең – ойын өмірдің мәніне айналады. Науқас өзінің ауруын мойындай алмайды, бірақ көмексіз емделу мүмкін емес. Себебі ойын оның әлеміне еніп кеткен. Ол үнемі ашуланып, депрессияда жүреді, өңі де қашып кетеді. Барлық дерлік ойыншылар тәуелділіктен арыла алатынына сенімді. Дегенмен құмар ойындарға тәуелділікті жеңудің ең үлкен қадамы осындай проблема бар екенін түсінуден бас­талады. Егер жүйке аурулары немесе депрессия пайда болса, уақтылы дәрігермен кеңесу керек. Құмар ойынға тәуелділікті емдеу өте қиын, өйткені оның пайда болуының басты себебі бастың тереңінде жатыр және физикалық емес. Ауруды жою үшін алдын алу маңызды. Ойын кезінде адамның миында есірткіге ұқсас әрекет болады. Атап айтқанда, ләззат гормоны эндорфин шыға­ры­лады. Айырмашылық тек есірткі қабылдау кезінде эндорфин химиялық реакция арқылы шығарылады, ал ойын кезінде гормон өз еркімен шығарылады,– дейді Сапар Рахменшеев.

Сарапшылар ойынға тәуел­діліктің психологиялық себеп­­терін отбасындағы лайық­сыз тәрбие, ата-ана мен жа­қын­дарының ойын ойна­ған­да­рына куә болу, жағымсыз орта, домино, карта, монополия секілді ойындарға бала кезден құмар болу, материалдық құн­ды­лық­тар­ды жоғары бағалау, бай туыс­тары мен таныстарына деген қызғаныш, барлық мәселені ақша арқылы шешуге болады деген сенім қалыптасуымен байланыс­тырады. Дерттен айығу үшін кәсіби көмектен бөлек, жақын жандардың қолдауы аса маңызды.

Психолог Дина Хасенова, ойын­ға тәуелділік кез келген адам­ның жеке өмірі мен жұмы­сына, әлеуметтік байланыстарына теріс әсер ететін күрделі мәселе екенін айтады. Оның айтуынша, тірнектеп тапқанын құмар ойынға құрбан қылғандардың дені – жас­тар.

«Компьютердегі түрлі виртуалды ойындарға әуестік бала психологиясын бұзатынын естен шығармаған жөн. Мұндай ойын­дар бала санасын бірте-бірте шынайы өмірден алшақтатып, жалған түсініктерге жетелейді. Еңбекке құлшыну, ортамен араласу, спортпен шұғылдану, жақындарына деген жанашырлық сезімі одан ажырай бастайды. Ең қауіптісі ойын барысындағы тез қол жеткізген виртуалды табыс­тар оңай олжаға кенелуге деген құштарлығын оятып, болашақта лудоманияға алып баратын бәстік ойындарға жол ашуы мүмкін. Мектеп жасындағы балаларының ойынқұмарлыққа салынғанын айтып, қаншама ата-ана алдымызға келеді. Ең өкініштісі, жыл өткен сайын бұл статистика жасарып барады. Интернеттегі еркін көсілген сайттар, жарнамасы жер жарған құмар ойындар бір мәрте кездейсоқ кірген баланың өзін ақырындап тәуелділікке тар­тады. Оған төтеп берудің төте жолы – ата-ана тарапынан бақылауды күшейту. Интернет кеңістігі қоқысқа толы. Қолына ол қоқыстың бәріне еркін жол ашатын смартфон ұстатқан екенсіз, оң солын танымаған, қалай бұрсаң солай иілетін балаңыздың әр қада­мына жауапты болыңыз», дейді маман.

Алматы қаласы бойын­ша Эко­­номикалық тергеу депар­та­мен­ті жыл сайын «құмар ойындарсыз қала» және «Стоп-ойын» ауқымды жедел-алдын алу іс-шарасын жүзеге асырып келеді. Департамент 2023 жылы заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл желісі бойынша 14 қылмыстық істі тіркеген. Нәтижесінде, 4 ойын залы, 1 букмекерлік кеңсе, 4 бук­мекерлік касса, 5 жасырын казино, заңсыз ойын терминалы бар ­­ 1 нүктенің жолы кесілген. 1500-ден астам ойын терминалы жойылған.

«Осы жылдың бірінші жарты­­жылдығында заңсыз ойын биз­не­сіне қарсы күрес саласында Департаментпен 5 сотқа дейінгі тергеу тіркелді. 4 онлайн-ка­зино мен бір заңсыз ойын залының қызметі тоқтатылды. «ТикТок», «Instagram» әлеуметтік желілерінде заңсыз құмар ойын­дарды ұйымдастырушылар жауапқа тартылды. Сондай-ақ заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл жұртшылықпен бір­лес­кен күш-жігермен, оның ішінде алдын алу іс-шараларын жүргізу арқылы көрсетілуі қажет екенін атап өткен жөн. Кәсіп­кер­лерді, қоғамдық және жас­тар ұйымдарының өкілдерін, бло­герлер мен БАҚ өкілдерін біз­дің Департаментпен бірлесіп заңсыз ойын бизнесімен күреске қосылуға шақырамыз. Бүгінгі таңда біз ынтымақтастық үшін ашық­пыз және өз құзыретіміздің шегінде кез келген дабылға жауап беруге дайынбыз», дейді Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу басқармасының басшысы Сәкен Қондыбаев.

Психологтер, жақындарының бойынан осындай жаңсақ істің белгісін байқаған азаматтарды еш ойланбастан мамандар көмегіне жүгінуге шақырады. Жаман әдетін өз еркімен тастап, ойынды мүлдем қойып кететіндер де жоқ емес. Тәуелділік деңгейіне түсіп кеткендерге кешенді көмек ауадай қажет.

 

АЛМАТЫ