• RUB:
    5.39
  • USD:
    479.83
  • EUR:
    528.82
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Тамыз, 2024

Алматыда Ислам ғылыми-зерттеу институты ашылды

92 рет
көрсетілді

Жастарымыз жат ағымның жетегінде кетпей, ата діннің қадір-қасиетін тереңнен зерделегені абзал. Ол үшін жұртшылыққа ғылыми тұрғыдан дәйекті  бағыт-бағдар берудің маңызы ерек. Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институты есік ашқанын сүйіншілеп айта кеткен ләзім.

Ислам ғылыми-зерттеу  институтының ашылу салтанатына  Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, жазушы Смағұл Елубай, академик Асқар Жұмаділдаев бастаған зиялы қауым қатысты. Институттың негізгі мақсат-міндеті – ғасырлар қойнауынан жеткен рухани-діни  көне қолжазбалар мен ескі кітаптарды кадикология-мәтінтанулық тұрғыдан зерделеп, сараптауға, оны ғылыми айналымға енгізуге, бүгінгі қоғам сұранысына орай қайта жарыққа шығаруға үлес қосу.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет мүшелерімен өткен басқосуда: «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі Исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет...» деген болатын. Президент маңыз берген бағыт бойынша дәстүрлі дініміздің асыл құндылықтарын ғылыми-теориялық тұрғыдан дамыту, ата-бабаларымыз ұстанған исламның сүнниттік бағыттағы ханафи мәзһабын жаңғырту мақсатында  жыл басында ҚМДБ жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтын ашуды жоспарлаған болатынбыз. Бұл жоспарымыз орындалып, қуанышқа кенеліп отырмыз. Өз кезегінде институт ұжымы Ислам атын жамылған түрлі жамағаттар мен ағымдардың діни ұстанымдары мен жасырын идеяларын ғылыми тұрғыдан әшкерелеуге, сол арқылы еліміздің тұтастығы мен бірлігіне сызат түсіретін қауіп-қатерлердің алдын алуға  назар аударады», деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.

 

Сондай-ақ ҚМДБ төрағасы жиналған қауымға Ислам ғылыми-зерттеу институтының басшысы ретінде белгілі ғалым Төрәлі Қыдырды таныстырып, алдағы жұмысына табыс тіледі.

Іс-шараға келген зиялы қауым, аталған институт Ислам өркениетінің дамуына үлес қосқан ғалым-ғұламалардың еңбектерін зерделеп, халқымыздың рухани тұтастығы мен ынтымақ-бірлігін нығайтуға серпін беретін ұйымға айналады деген сенім білдірді.