• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Оқиға 05 Тамыз, 2024

Қазақ әйелдерінің арасынан шыққан тұңғыш педагогика ғылымдарының докторы дүниеден өтті

303 рет
көрсетілді

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының 1968-1984 жж. ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, академик, профессор Күләш Құнантайқызы Құнантаева өмірден өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Күләш Құнантайқызы 1931 жылғы 4 наурызда Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында дүниеге келген. 1952 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Филология факультетін бітірген. Қазақстан әйелдерінің арасынан шыққан тұңғыш педагогика ғылымдарының докторы. 1966 жылы «Некоторые внеучебные трудовые и образовательные объединения учащихся Казахстана» тақырыбында кандидаттық және 1981 жылы «Развитие женского образования в Казахстане (1920-1975)» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғаған.

Айта кетейік, Күләш Құнантайқызы 1968-1984 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын ең ұзақ уақыт басқарған білікті ректор. 16 жыл аралығында оқу орнын жаңа деңгейге көтерген. Сондай-ақ сол кезеңде заман талабына сай оқу ғимараттары мен үш жатақхана салынып, пайдалануға берілген.

Сонымен қатар 1200 адамды бір мезгілде тамақтандыратын асхана, кітапхана мен спорт кешендері іске қосылған. Күләш Құнантайқызының тікелей ықпалымен 80 пәтерлік тұрғын үй салынып, баспанасыз жүрген институт қызметкерлері мен мұғалімдеріне берілген. Жаңадан 12 зертхана ашылып, сондай-ақ студенттер контингенті 3600-дан 6200-ге жетті, факультеттер саны 4-тен 6-ға, кафедралар саны 19-дан 28-ге артқан.

Отандық педагогика ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз Күләш Құнантайқызы – еліміздің жоғары білім беру саласының дамуында өз қолтаңбасын қалыптастырған қайраткер.