• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Шымкент 06 Тамыз, 2024

Тасымал қызметінде тындырымды істер

151 рет
көрсетілді

Көлік саласы, жолаушылар тасымалдау қызметі – ең негізгі экономикалық бағыттардың бірі. Бұл ретте Шымкенттің логистикада алар орны ерекше. Көне Жібек жолының іргесінде жатқан Шымшаһар бүгінде жаңа халықаралық магистральдік жол «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізі арқылы Еуразия құрлығының шығысы мен батысын жалғап жатқан үлкен қала. Сонымен бірге – осы күнде Шымкент Орта Азияға кіретін қақпа деген жаңа атқа да ие.

Себебі осы шаһар ар­қылы Орта Азия­ның басқа аймақтарына қа­рай жолдар тарамдалып кете береді. Міне, сол үшін мегаполис республиканың оңтүстік өңіріндегі көлік-логистикалық хабына айналып отыр. Осынау маңызды идеяны шын мәнінде іске асыру үшін жергілікті би­лік ауқымды жобаларды қолға алды. Айта­лық, қала іргесінен сауда-логис­тика­лық орталығын құрды. Ол жерде көлемі кең за­манауи қоймалар орналасады. Азық-түлік, дәрі-дәрмек, бас­қа да тауарлар сақтайтын қой­ма­лар алаңы болады. Дәл қазір жоба­ның біраз бөлігі аяқта­лып, нысандардың бірсыпыра­сы пайдалану­ға беріліп үлгерді. Келешекте жан-жақ­тан сауда-логистикалық орталығына тауарлар келіп, еліміздің түкпір-түкпіріне, тіпті шетелге осы жер­ден өнімдер тасы­малданбақ.

«Қала әкімдігі көлік қызметін, жолаушылар тасымалы саласын жақсарту бағытында көптеген жұмыс атқарды. Соның бірі – кө­лік кептелісін азайту мақсатын­да салынған 2 ірі жолайрық. Бірі Қонаев, екіншісі Бәйдібек би даңғылында орналасқан. Сондай­ақ қаладан Ташкент тасжолына қарай шығып кететін екінші ірі жол салынып жатыр. Ол Қонаев даңғылын ұзарту жобасы арқылы іске асып отыр. Бұл ауқымды бастама да біту мәресіне жақын қалды. Шаһар республика­ның үшінші мегаполисі бол­ған­­дықтан, жолаушы тасымал­дау қызметі саласында да ілгері дамушылық байқалады. Оған биыл жаңа келбетке енген бұ­рын­ғы теміржол вокзалының жаң­ғырту жұмыстары арқылы көз жеткіземіз. 10 жылға жос­парланған инвестиция қаражаты бір жыл ішінде қарастырылып, былтыр 10 маусымда басталған құрылыс 2024 жылдың 10 мамырында толық аяқталды. Нысанды сенімгерлік басқаруға берудің нәтижесінде қайта жаңғырту жұмыстары тиімді жүзеге асқа­нын атап өткен жөн», дейді қала­лық жолаушылар тасымалы қызметіне жауапты басқарма мамандары.

Теміржол вокзалында тәу­лі­гіне 27 бағыт бойынша жолаушы тасымал қызметі ұйым­­дастырылған. 1968 жылы салынған ескі вокзалдың жалпы ғимарат алаңы 1 770,2 шаршы метрді, жолаушыларды өт­кізу қабілеті тәулігіне 2 мың жолаушыны құраса, бүгінде қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін теміржол вокзалының аумағы 2 249,33 шаршы метрге ұлғайып, өткізу қабілеті тәу­лігіне 6 мың адамға дейін артты. Сондай-ақ жолаушыларды күту залының аумағы 898,3 шаршы метрден 1 982,3 шаршы метрге дейін ұлғайды. Жобада ғимараттың екінші кіреберісі, жолаушыларға жайлы қызмет көрсететін заманауи талапқа сай 2 күту залы және екінші қабатта фудкорт қарастырылды. Вокзал ғимаратының қасбеті ме­гаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витраж, металл кассеталармен қапталды.

Өз кезегінде жаңа әуежай терминалының құрылысы «ЅСАТ» АҚ инвестициялары есе­бінен іске асырылып отыр. Терминалды іске қосу жолаушылар ағынын сағатына 200-ден 2 000-ға арттырып, ал өткізу қабілетін жылына 10-12 миллион жолаушыға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондай ақ терминалдың ішін 7 аймаққа бөлу арқылы жолаушыларға қолайлы жағдай жасалады.

Жаңа жолаушылар тер­ми­­­налын пайдалануға бе­ру нә­­тижесінде 2 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құ­ры­ла­ды, халықаралық бағыт­тар­дағы маршруттық желі­лер дамиды, шетелдік әуе тасымал­даушылардың қызығушылығы артып, қосымша инвестициялар тартылады. Оған қоса әуе жүк тасымалының да көлемі ұлғаяды. Алдағы жоспарға сәй­кес, әуежай мультимодальды орталық ретінде қызмет көр­сетеді. Бұл – жаңа терминалды салудағы стратегиялық мақсаттың бірі. Соның аясында әуежай аумағында енді әуе кемелеріне қызмет көрсететін ангар, ұшақтарға жедел жанармай құю үшін отын құю бекеті, қонақүйлер салынады. Сонымен бірге әуе кемелеріне жерүсті сервистік қызметін ұйымдасты­ру үшін арнайы техникалар сатып алынады. Бұдан бөлек, перрон мен кірме жолдардың жүк терминалы жаңғыртылады. Жаңадан авиациялық-техни­калық орталық пен борттық тамақ­тандыру цехтары ашылады. Сонымен қатар санитар­лық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ұзындығы 3 300, ені 60 метрді құрайтын жаңа ұшып-қону жолағының құрылысы жүргізіледі. Бұл әуежайға заманауи ауыр ұшақтарды қа­был­дауға және ауа райының қо­лайсыздығына байланысты тұманды кезде ұшақтардың қо­нуына мүмкіндік береді.

Шымкент әуежайындағы ­терминал құрылысын қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы барып тексерген болатын. Аралау барысында шаһар басшысы біраз кемшіліктерді анықтаған. Осыған байланысты әкім мердігер мекеме басшысына әуежайға кіреберіс жолдың құрылысындағы кем-кетіктерін кепілдік мерзімі ішінде түзеуге тапсырма беріп, жұмыс сапасын көру үшін құрылыс басына тексеріспен қайта келетінін мәлімдеді. Айта кету керек, әуе­жай құрылысының екінші кезеңі биыл аяқталып, ел игілігіне бе­ріледі деп күтіліп отыр.

Жергілікті атқарушы би­лік қоғамдық көлік мәселесі ме­га­полистің өзекті проблемасы екенін ескере отырып, 2024 жылдың басынан бері бұл салаға бірқатар өзгеріс енгізді. Мәсе­лен, 2020 жылы қалалық мәслихат­пен жолаушылар көлігін дамыту­дың кешенді схемасы бекітіл­ді. Схемаға сәйкес 77 маршрут­ты құрайтын жаңа бағыттық желі әзірленді. Соның нәтижесін­де 6 ХАБ, 33 жеткізуші, 39 магис­тралды, 6 айналма маршруттар қарастырылды. Бүгінгі таңда осы жолаушылар бағыттары толығымен қызмет көрсетіп отыр. Қаланың ішкі орталық кө­шелері мен шет аймақтарында орналасқан барлық шағын аудандар мен тұрғын үй алаптары қоғамдық көлікпен жүз пайыз қамтылған. Осы күнде шаһарда күнделікті 916 автобус жолау­шы тасиды. Ал бұл қызметті 11 тасымалдаушы компания жүзеге асырып отыр. Статистикаға сүйен­­сек, 2024 жылғы 5 айда тасы­малдан­ған жолаушы саны – 36 738 679 адам. Сонымен қатар жалпы автобус саны резервпен қосқан­да – 1 140 болса, оның 640-ы газ метанмен, 464-і дизельмен қалған 36-сы бензинмен жүреді.

Жолаушылар тасымалына жауапты басқарма маман­да­рының берген мәліметі бойынша, биыл Шымкент қаласында 229 қоғамдық көлікті жаңарту жоспарда тұр. Бүгінге дейін «Авто­импульс» серіктестігі «Zhongtong» маркалы 5 жаңа автобус сатып алыпты. «Санжар моторс» пен ЖК «Абдуганиев» компаниялары «SAZ LE 60» маркалы 12 автобусты мамыр айында бағытқа қосқан, ал «Ман-оңтүстік» мекемесінің «Youtong» маркалы жап-жаңа 3 автобусы қалада қызмет көрсетіп жатыр.

Мегаполистегі барлық 1 142 автобустың 95 пайызға жуығы – соңғы 5 жылда алынған көліктер. Жалпы, қоғамдық көліктерді жыл сайын кезең-кезеңмен жаңарту қала әкімдігінің стратегиялық жоспарына енген.

Бұрынғы кезде қоғамдық кө­ліктерде тегін жүру құқығы І топтағы мүгедектерге, «Батыр ана», «Алтын алқа», «Күміс ал­қа» төсбелгі иегерлеріне, тыл ардагерлеріне, зағип жандарға және олармен бірге жүретін бір адамға берілген еді. 7-18 жас­қа дейін мектеп оқушылары та­рифтің 50 пайызын төлейтін, сту­денттерге жолақы 50 теңге еді.

Қала әкімі Ғабит Сыздық­бековтің тікелей тапсырмасымен биыл 1 мамырдан бастап қоғамдық көлікте тегін жү­ру мүмкіндігі жоғарыда атал­ған жандардан бөлек, келесі санаттағы азаматтарға да қол­жетімді болды. Олар – екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері, жеңілдіктер бойынша соларға теңестірілген ардагерлер, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер, «Қазақстанның Еңбек ерлері», Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен наградталған ­адам­дар мен 1941 жылғы 22 маусым 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде 6 ай жұмыс iстеген­дер. Сондай-ақ саяси қуғын-сүр­гiн құрбандары, екінші топ­тағы мүгедектігі бар азамат­тар, мүгедектігі бар балалар, 70 жас­тан асқан зейнеткерлер мен мектеп оқушылары.

Қоғамдық көліктегі электронды билет жүйесінде туындаған мәселелерді шешу үшін әрі бәсекелестік орта қалыптастыру мақсатында жаңа электронды билеттендіру жүйесі енгі­зіліп жатыр. Жеке инвестор «SmartMobility» компания­сы бұған қызығушылық танытып, өз есебінен жүйенің бағдарламасын әзірлеген. Енді қоғамдық көліктерге валидаторлар орнату жұмысын бастап кетті. Жаңа билеттендіру жүйесі жолаушы тасымалдаушы мекеме «Shymkent bus» БК» серіктесіне тиесілі 35 бағыттағы автобустарға орнатылып үлгерді.

2024 жылғы 10 мамырдан бастап валидаторлар төлем қабылдауды бастады. Жаңа валидатормен сол бұрынғыдай көлік картасымен, «Avtobys» мобильді қосымшасы арқылы «Bluetooth», NFC, QR кодтармен, контактісіз банк карталарымен төлем жасала береді. Сондай-ақ қосымша мектеп оқушылары, студенттер, зейнеткерлер басқа санаттар үшін көлік карталарын сатып алмай-ақ жеңілдетілген тарифтерді пайдалануға мүмкіндік бар.

 

ШЫМКЕНТ