• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сараптама 07 Тамыз, 2024

Демография мен цифрлық қаржыны не байланыстырады?

68 рет
көрсетілді

«RISE Research» Ұлттық төлем корпорациясымен, «Mastercard» және «Tarlan Payments»-пен бірлесіп отандық финтех-нарыққа ауқымды талдау жүргізген. Зерттеу барысында кең көлемді сұрау жасалған. Оған қаржы және төлем технологиялары саласындағы 100-ден астам компания қатысыпты. Дерекке қарасақ, ТМД мен Еуропа елдері арасында цифрлы қаржы жүйесін дамыту бойынша еліміз алдыңғы қатарда. Биыл мамыр айында қолма-қолсыз төлем үлесі рекордты 89 пайызға жеткен. Сонымен қатар 2019-2023 жылдар аралығында онлайн-банкингті белсенді пайдаланушылар саны 4,6 есе (5 млн-нан 23,1 млн-ға дейін) өскен.

«Қазақстан қолма-қол­сыз экономиканы дамыту бойынша жаһандық көш­басшы саналады. Соңғы бес жылда қолма-қолсыз жү­зе­ге асырылған транзакция 20 есе артып, бөлшек айна­лымның 89 пайызына жетті. Бәсекелестік қана нарықты қызметтерді жетілдіруге және инновацияны енгізуге ынталандырады. Ашық «ойын ережесі» және цифрлық қаржылық инфрақұрылымға тең құ­қылы қолжетімділік – бәсекелестіктің басты негізі. Түпкілікті тұтынушылар сапалы, үнемді және ыңғай­лы қаржылық қызметтерді алуы үшін біз инновациялық шешімдерді қолдауды және дамытуды жалғастырамыз», дейді Ұлттық төлем корпо­рациясының төрағасы Бинур Жәленов.

Финтех-индустрия­ның өсуі­не венчурлық саладағы фин­тех-бағыттың дамуы да әсерін тигізіп жатыр. Соңғы бес жылда финтех-стартаптар саны 200 компанияға жет­кен. Былтыр сала үле­сіне елдегі венчурлық қар­жы­ландырудың 40 пайызы тиесілі болды.

«Қазақстан финтехтің даму деңгейі бойынша өңірдің көш­басшысы болу­ға ұмтылып жатыр және «Mastercard» бұл мақсатты әрдайым қолдап келеді. Соңғы жылдары саланың қарқынды дамып келе жатқанын көріп отырмыз: токенизациялан­ған төлемдер, шағын және орта бизнес үшін финтех шешімдер, жасанды интеллект және блокчейн жобалары, инвестициялық платформалар, цифрлық сақтандыру өнімдері және басқа да жаңа төлем ше­шімдері белсенді дамып келеді. Ұсынылған баяндамада біз серіктестеріміз­бен бірге финтехті дамыту­дың отандық тәжірибесін түсінуге, таяу болашақтың негізгі үрдістерін талдауға тырыстық. Зерттеу аза­маттарға инновациялық финтех өнімдерінің ұсы­нысын кеңейтетін жобаларды әзірлеуге және енгізуге, сондай-ақ салаға инвестиция тартуға көмектеседі деп үміттенеміз», дейді «Mastercard»-тың Қазақстан мен Орталық Азиядағы бас директоры Санжар Жамалов.

Сарапшылардың айтуынша, ел­дегі қаржы және төлем технологиялары дамуының драйвері банк секторы болып отыр. Сонымен бірге кейінгі бес жылда банктік емес финтех саны 4 есе көбейген. Криптобиржа, eKYC, AML, антифрод және диджитал несие­леу секілді арнайы бағыттар да пай­да болған. Мұның бәрі финтех эко­жүйе­сінің кеңейе түскенін көрсетеді.

«Есеп дерегі бойынша, елімізде халықаралық төлем жүйелері де, жергілікті шешімдер де белсенді қолданылады. Бұл біздің нарық­тың әлемдік қаржылық экожүйе­мен тығыз интеграциясының биік деңгейін көрсетеді және жергілік­ті ойыншылардың халықаралық аренаға шығуға дайын екенін аңғартады. Отандық финтех компанияларда бұл тұрғыда үлкен мүмкіндік бар деп ойлаймын», дейді «Tarlan Payments» басшысы Андрей Седенко.

Кейінгі кездердегі маңызды трендтер де отандық финтех нарықтың мықты бола түскенін айғақтаса керек. Банктер түрлі финтех жобалардың серіктесі немесе инвесторы ретінде әре­кет ете бастады. Сонымен қатар бүкіл тарихи перспективада нарықтың дамуы реттеушілердің белсенді рөлімен қатар жүрді, оның ішінде заңнама­лық реформалар, бағдарламалар мен стратегиялар, цифрлық қаржы инфрақұрылымын құру, финтех секторының өсуі мен дамуын ынталандыруда шешуші рөл атқарды.

Сарапшылардың сөзінше, отан­дық финтех экожүйесі тәуелсіздік алғаннан кейін-ақ дами бастады. Алайда соңғы 8 жыл нормативтік-құқықтық реттеу, үлкен оқиғалар мен бастамалар тұрғысынан ерекшеленді.

«Негізгі ойыншылардың картасы мен 7 маңызды финтех трендті қоса алғанда, зерттеуде сала жан-жақты талданған. Нарық картинасын айқын көрсету және шетелдік әрі жергілікті қаржылық және технологиялық компаниялар үшін пайдалы құралға айналу мақсатында бүкіл ақпаратты бір есепте жинақтадық. Бұл ретте финтех нарық ойыншылары болып жатқан үрдістерге жай қарап қоймай, соған кірігуі, алға шығуы және нарықтағы қарқынға ілесуі шарт», дейді «RISE Research» негізін салушы Айнұр Жан­төрина.

Елдің финтех-нарығын қалып­тас­тырушы басты трендтер:

Жасанды интеллектінің енгізілуі; Финтех пен мемлекеттік цифр­лық қызметтердің (Govtech) синергиясы; ШОБ үшін жаңа цифрлық қаржылық өнімдер; Бөліп-төлеу сервисі (BNPL); Цифрлық теңге; Ашық банкинг тұжы­рым­дамасын дамыту; Цифрлық қаржылық активтер.

«Freedom Holding» басшысы Тимур Тұрловтың айтуынша, мем­лекеттік сервиспен интеграция нәти­же­сінде АҚШ пен Еуропаның да алдына шықтық.

«Цифрлық ипотекалық кредитті бір күн ішінде 200 долларға ұсынамыз. Сол уақытта АҚШ-та банктердің клиентке ипотека беруге байланыс­ты операциялық шығыны орташа алғанда 10 500 доллар болады. Біз сонда 50 есе тиімдірекпіз. Олар мұндай нәтижеге жете алмайды, өйткені оларда ондай деректер мен мүмкіндіктер жоқ. Олардың үкіметі қаншама деректі цифрландырмайды, ал компанияларға өз клиенттері туралы кешенді талдау деректері жетіспейді», дейді ол.

Қазір елімізде банктік шотты онлайн ашу уақыты – 3 минутты, онлайн-несиенің мақұлдану уақыты – 2 минутты, кешенді қызметтердің (мәселен, авто­көлікті сатып алу және қайта тіркеу) онлайн ұсынылуы – 1 сағатты, халық­аралық аударым есеп айырымын жүргізу уақыты ­1 сағатты құрайды. 2022-2027 жылдар аралығында еліміз­дің финтех-нарығындағы барлық сегмент екі таңбалы орташа жылдық өсім қарқынын (CAGR) көрсетеді деп күтіліп отыр.

Қолма-қолсыз төлем мен аударым санатында интернет-банкинг пен мобильді банкинг көш бастайды. Олар бүкіл қолма-қолсыз төлемнің 83 па­йызын алып тұр.

Отандық төлем ландшафтындағы транс­формация бірнеше фактор әсерімен қалыптасып отыр делінеді. Олар:

Қолайлы демографиялық көр­сет­­кіш­тер; Цифрлық даму көрсеткішінің өсуі;­ Электронды коммерция көле­мі­нің артуы; Банктік қызметтерге қолже­тім­ді­ліктің жоғарылауы; Инфрақұрылымның дамуы (мысалы, жергілікті төлем жүйелері және QR-кодтар); Apple Pay және Google Pay сияқты ірі цифрлық әмиян про­вай­дерлерінің іске қосылуы.

Соңғы 5 жылда бөлшек электронды коммерция нарығы көлем бо­йынша да, сатылым саны бойынша да алға озды. Атын атап, түсін түстесек былай келтіруге болады: 2019 жылы бөлшек электронды коммерция нарығының көлемі – 0,85 млрд доллар, 2020 жылы – 1,4 млрд, 2021 жылы – 2,4 млрд, 2022 жылы – 2,9 млрд, 2023 жылы 5,3 млрд доллар болды. Сөйтіп, жалпы саудадағы e-commerce үлесі 2019 жылғы 3,7 пайыздан 2023 жылы 12,6 пайызға дейін өсті. Осы жылдар аралығында транзакция саны 4,3 есе артты. Былтыр орташа чек 58,7 пайыз болыпты. 2019 жылмен салыстырғанда 1,5 есе өсу байқалады.

Жоғарыда айтып өткеніміздей бұл бағыт ақпараттық-заңдық тұрғыдан да тәуір сүйемелденіп, бір арнаға түсіп келе жатыр. Санамалап айтсақ:

2014-2017 жылдар аралығында «Төлем және төлем жүйелері туралы» заң қабылданып, екінші деңгейлі банк­тер мобильді банкингті іске қоса бас­тады және белсенді ойыншы ретінде таныла түсті. 2018-2019 жылдары «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы, Ұлттық банк қаулысымен цифрлық банкингті заңдастыру жүзеге асырылды. 2020 жылы банктер жеке тұлға­ларға брокерлік қызмет көрсе­ту­ді іске қосты. Ұлттық банк қаржылық технологиялар мен инновацияларды дамыту тұжырымдамасын қабылдады. 2021 жылы цифрлық теңге тұжырымдамасы пайда болды. «Цифр­­­­ландыру, ғылым және ин­но­­­­вация есебінен технологиялық серпіліс (2021-2025) ұлттық жобасы қабылданды. QR-кодтардың ұлттық стандарты бекітіліп, eGov пен банктердің интеграциясы белсенді жүзеге асты. 2022 жылы жедел төлем жүйесі, төлем карталарының банкаралық жүйесі, бизнес үшін цифрлық несие­леу, «Open Banking» тұжырымдамасы көпшілікке мәлім болды. 2023 жылы екінші деңгейлі банк­­термен цифрлық теңгеге қатысты қанат­қақты жоба қолға алынды. «Open Banking» жобасының алғашқы фазасы іске қосылды. 2024 жылы «Open Banking»-тің әртүрлі сценарийі және бірыңғай QR-код туралы ести бастадық.

Қазір отандық финтех нарықта ­136 төлем ұйымы, 35 электронды ақша жүйесі, 90-нан астам цифрлық МҚҰ және АХҚО-да «FinTech Lab»-тың 18 қатысушысы бар.