• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Баға 07 Тамыз, 2024

Бағаны негізсіз өсіру белең алып тұр

190 рет
көрсетілді

Мұнайлы өңірде жыл сайын тұрақтандыру қорында сақталатын әлеуметтік маңызға ие азық-түлік қорын көбейтуге назар аударылып отыр. Мәселен, кейінгі 3 жылда осындай тауарлар қоры 3,5 есе ұлғайған.

«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпо­ра­циясы» АҚ төрағасы Данияр Таханов­тың мәліметіне сүйенсек, бес жыл бұрын­ғы статистикамен салыстырғанда тұрақ­тандыру қорындағы әлеуметтік ма­ңызы бар азық-түлік тауарларының түрі 5-тен 18-ге, сату нүктелері 4-тен 54-ке жетіпті. Ал тұтынушыларға сатылған көк­өніс өнімінің көлемі 3 жылда 1 461-ден 5 136 тоннаға дейін артқан. Қазір тұр­ғындар күнделікті тұтынатын осындай тауар­лардың бағасын тұрақтандыру үшін айналым қаражатын толықтыру қолға алы­нып отыр. Осы мақсатты іске асыру үшін жергілікті 2 сауда желісімен, 8 тауар өндірушімен келісімшарт жасалған.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің пікірінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтан­дыру бағытындағы жұмысты жандандыру қажеттігі туындап отыр. Өйткені ең басты мәселе – күнделікті тұтынатын азық-тү­лік тауарларының бағасын шекті деңгейден асырмау. Сол себепті бағаға байыпты көзқарас қажет.

«Осы орайда әкімдік жанынан әсер ету­ші­ факторларды жою маңызды. Әлеу­меттік ма­ңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз өсіруге жол беруге болмайды. Облыс тұр­ғындары үй маңындағы дү­кендер мен ша­ғын маркеттерде баға көтерілгенін бай­қаса, шағымды кімге, қайда жолдау қа­жеттігін білуге тиіс. Бағаны негізсіз өсіргендерге қарсы жұмыс тоқтамайды», деді Жасұлан Бисембиев.

Бірақ тұтынушыға азық-түлік ұсы­на­тын сауда желілері бағаны тұрақты дең­гейде ұстауды «ұмытып» кетеді. Тіпті табиғи сипаттағы төтенше жағдай ке­зінде бағаны шекті деңгейден асырып жібергендер бар. Атырау облыстық сау­да және тұтынушылар құқығын қор­ғау департаменті басшысының орын­басары Еркебұлан Тағашевтың мәліме­тін­ше, биыл 6 айда «Сауда қызметін реттеу туралы» заң талаптарын бұзған 51 кәсіпкерлік субъектіге жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Тексеру қоры­тындысымен 46 кәсіпкерлік субъектіге 16 ес­керту беріліп, 30 әкімшілік айыппұл салынған. Айыппұлдың жалпы сомасы 2 млн 817 мың 691 теңге болған.

«Мамыр айында әкімдік өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар­ларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшерін бекітті. Осыған орай мониторингтік топ апта сайын әлеуметтік маңызы бар азық-тү­лік тауарларының бағасын қадағалады. Өңірдегі сауда нысандарының иелеріне бағаны тұрақтандыру жөнінде кеңес берілді. Соған қарамастан тұтынушылар арызына сәйкес Атырау қаласындағы «Анвар», «Марко», «Ярмарка», «Маша Фрут», Құлсары қаласындағы «Идеал» супермаркетіне және «Ілиясова Г.Б.» жеке кәсіпкерлігіне «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 202-бабына сәйкес шара қолданылды. Өйткені олар төтенше жағдай кезінде белгіленген та­уарларды шекті бағадан асырып сатқан», деп хабарлады Еркебұлан Тағашев.

Сондай-ақ департаментке жыл басынан бері тұтынушылардан 424 арыз түскен. Оның ішінде 230 арыз қанағаттандырылды. Демек бұдан тұты­нушылар талабы орынды болғаны байқалады. Ал 82 арыз иесіне сотқа ша­ғымдану жөнінде жазбаша түсінік берілген. Сонымен бірге 84 арыз тиісті мемлекеттік органдарға қайта жолданып отыр. Кейін 8 тұтынушы арызын кері қайтарып алған. Қазір 20 арыз қаралып жатыр.

«Тұтынушылар арызын қарау кезін­де жоспардан тыс 12 тексеру жүр­гізілді. Соның нәтижесімен кәсіп­керлік субъектілеріне 10 ескерту берілді. Де­партамент тарапынан берілген нұс­қауды орындамағаны үшін Атырау қалалық мамандандырылған сотының қаулысымен «Мечта Маркет» ЖШС-ға 1 млн 300 мың теңге көлемінде айыппұл салынды», деп мәлімдеді Е.Тағашев.

 

Атырау облысы