Сенат депутаты Андрей Лукин елордадағы Байқоңыр және Нұра аудандарының дамуы мен әлеуметтік мәселелерін талқылады.
Сенатор алдымен Астана қаласындағы Байқоңыр аудандық әкімдігінің аппаратымен және тұрғындарымен, сондай-ақ полиция бөлімшесінің өкілдерімен кездесті. Кездесуге қатысушылар аудан өміріндегі әлеуметтік мәселелерді, жаңарту бағдарламасын іске асыру мен полиция жұмысының тиімділігін арттыру жағдайын талқылады.
А.Лукин Байқоңыр ауданын одан әрі өркендетудің мүмкіндігі зор екенін атап өтті. Инфрақұрылымды жақсарту, өмір сүруге қолайлы жағдай жасау және тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету мақсатында қарқынды жұмыстар қолға алынған. Депутат Сенаттың заң шығару қызметі, оның ішінде азаматтардың құқықтарын қорғау және олардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған заңдар туралы кездесуге қатысушыларға айтып берді.
Нұра ауданының тұрғындарымен кездесуде әлеуметтік сала, құрылыс және экологиялық ахуалды жақсарту мәселелері талқыланды. «Өткен жыл Нұра ауданы үшін аса маңызды болды. Халықты әлеуметтік қолдау мен инфрақұрылымды дамытуда бірқатар оң нәтижеге қол жеткіздік. Аудан қарқынды түрде дамып, өсіп-өркендеу жалғасып отыр. Азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін ауқымды істер қолға алынып жатыр. Экологиялық жағдайды жақсарту, құрылыс жобаларын дамыту және әлеуметтік қолдауды қамтамасыз етуде қажырлы қызмет етіп келеміз. Әрбір тұрғын өз үйінде қауіпсіз әрі жайлы сезінуі тиіс», деді А.Лукин.