Астанада Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған «INESS-2024» халықаралық конференциясы өтті. Он екінші рет өтіп жатқан бұл жиын наноматериалдар мен энергия сақтаудың озық жүйелеріне арналған. Ғылыми мәжіліске елімізбен қатар Жапония, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Ұлыбритания, Тайвань мемлекеттерінің 150-ден астам ғалым мен зерттеушісі қатысты.
«INESS» конференциясы – 2013 жылдан бастап Орталық Азиядағы наноматериалдар мен энергия сақтау жүйелеріндегі соңғы ғылыми жаңалықтарды талқылауға арналған жетекші алаңға айналды. Биылғы конференцияда қуат көзін сақтаудың балама жүйелері, жаңартылатын энергия көздері, экология және тұрақты даму сияқты маңызды салалардағы технологиялық жетістіктердің мәселелері мен келешегі талқыланды. Ғалымдар әсіресе «жасыл» энергетика тақырыбына айрықша тоқталды. Бұл бағыттағы жаңашылдықтар келешекте тек қуат көзін үнемдеп қана қоймай, экологиялық тұрақтылыққа әкеледі дейді мамандар.
«Литий-ионды батареялар өте қауіпті. Оларды кәдеге жарату және қайта өңдеу үшін арнайы технологиялар қажет, өйткені олардың құрамында жанғыш және улы материалдар бар. Ұялы телефонның кішкентай батареясында қаншама энергия бар, ал электрмобиль батареясының қуатын елестете беріңіз. Біз аккумулятордың жұмысын жақсарту үшін оның барлық құрамдас бөлігі, яғни – катодтар, анодтар, электролиттер сынды әртүрлі қоспалармен жұмыс істеп жатырмыз. Қазір еліміздің аккумулятор өнеркәсібінің негізгі бағыттарының бірі литий-иондық аккумуляторларға арналған шикізатты өңдеу деп есептеймін», дейді халықаралық зерттеу тобының жетекшісі, Nazarbayev university профессоры Жұмабай Бәкенов.
Сондай-ақ конференцияға шақырылған қонақтардың арасында «Samsung» «SDI»-дің бұрынғы бас инженері, профессор Сун су Ким болды. Ол кезінде «Samsung» аккумуляторларын өндіруге жауапты болған. Шетелдік мейман Ж.Бәкеновтің литий-ионды аккумуляторлардың қауіптілігі туралы дәйегін қолдап отыр. С.Ким электрмобильдердің ішіне орнатылған батареялар жан-жақты және белгілі бір жағдайларда өте жарылғыш энергия көзі екенін түсіндірді.
«Менің қазақстандық студенттерім бар. Олар бізден PhD дәрежесін алып, бүгінде Назарбаев университетінде ауқымды зерттеулер жүргізіп жүр. Мен олармен қатты электр жүйелері, зарядты тасымалдау және өлшеу сияқты жобаларда жұмыс істеуге мүдделімін», деді Чон Нам ұлттық университетінің профессоры Сан-Су Ким.
Айта кетейік, конференция ұйымдастырушылары – Nazarbayev university, National Laboratory Astana және «Батарея институты». «Аккумуляторлар институтының» басшысы және жетекші ғылыми қызметкері Нұржан Өміровтің айтуынша, елімізде өңдеу өнеркәсібін дамыту қажет.
«Біз қазір пайдаланылған батареяларды қоршаған ортаға барынша аз әсер ететіндей қайта өңдеу әдістерін жасап жатырмыз. Мақсатымыз — қалдықтарды азайту ғана емес, сонымен қатар құнды материалдарды өндіріске қайтару. Бұл конференция наноматериалдар мен энергия сақтау жүйелері саласындағы жаңа ғылыми жаңалықтардың катализаторына айналып, жаңа серіктестік қарым-қатынас орнатады және ғылыми зертханалар мен орталықтар арасындағы қазіргі байланыстарды нығайтады деп үміттенеміз. Бұл жиынға еліміздің жас ғалымдары мен студенттерінің қатысуы да аса маңызды. Іс-шара оларға халықаралық форум барысын сезініп, түрлі елдің жетекші ғалымдарымен әңгімелесулеріне мүмкіндік береді», деді Нұржан Өміров.
Жиында литий және никель металдарын өндірудегі кедергілер мен кен байытудағы олқылықтар жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар литий-ионды және натрий-ионды батареялардың тиімділігін арттыру бойынша тың жобалар пысықталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «жасыл» энергетика және энергияны сақтау жүйелеріне арналған озық наноматериалдар саласындағы зерттеулер қашанда өзекті.