Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуінің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуі кеңейтілген құрамда жалғасты. Жиынға құрметті қонақ ретінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев және БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, Орталық Азия бойынша превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Каха Имнадзе қатысты.
Мемлекет басшысының айтуынша, Консультативтік кездесудің алтыншы рет өткізілуі тараптардың бауырлас халықтар арасындағы ғасырлар бойына жалғасқан достық байланысты нығайтуға, көпжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және халықаралық аренадағы ықпалдастықты күшейтуге бейілді екенін көрсетеді.
«2018 жылы Астанада өткен алғашқы кездесуден бері бірлескен күш-жігердің арқасында бұл жиынның дамуында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Бұған өңірлік ынтымақтастықты арттыру бойынша маңызды шешімдер қабылданған бұрынғы бес саммиттің қорытындылары айқын дәлел», деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті әлемдегі күрделі үдерістер жағдайында өңірлік ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету жөнінде ортақ ұстаным қалыптастыру маңызды деп санайды.
– «ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарттың» мәні артып келеді. Мемлекеттеріміз көпжақты құрылымдар, ең алдымен, БҰҰ аясында ортақ ұстанымдарға сүйене отырып әрекет етуге тиіс. Елдеріміз әлеуетін біріктірсе, біз Орнықты даму мақсаттары саласындағы күн тәртібін жүзеге асыруға елеулі үлес қоса аламыз. Осы маңызды мақсатқа қолдау ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығы қарсаңында Орталық Азияда орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарын қабылдау жөнінде бастама көтеруді ұсынамын. Біріккен Ұлттар Ұйымының жоғары лауазымды өкілі, құрметті Каха Имнадзе мырзаның осы саммитке қатысуы игі дәстүрге айналып, «Орталық Азия – БҰҰ» бағытындағы тығыз ықпалдастыққа жол ашады деп үміттенемін, – деді Мемлекет басшысы. Президент көпжақты ынтымақтастықтың берік экономикалық негізін қалыптастыру кезек күттірмейтін міндеттің бірі деп есептейді. «Орталық Азия елдерінде өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту үшін мүмкіндік мол. Экология және климаттың өзгеруімен күрес саласындағы ықпалдастық аса маңызды. Барлық ел ұқсас сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан өзара ықпалдастықты кеңейтудің, үйлесімді жұмысты күшейтудің және климаттық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тәжірибе алмасудың мәні зор. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Әзербайжан Президенті, құрметті досымыз Ильхам Гейдар оғлының биыл күзде COP29 жаһандық климаттық конференциясын табысты өткізуіне тілектестік білдіремін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент Қазақстанның өңірлік ынтымақтастықты жан-жақты нығайту жолындағы стратегиялық бағдары өзгермейтінін растады. Сондай-ақ бүгін қабылданған шешімдер және оның алдағы уақытта тиімді жүзеге асырылуы ғасырлардан тамыр тартатын достық пен өзара қолдау рухындағы көпжақты серіктестігімізді одан әрі тереңдетуге септігін тигізетініне сенім білдірді. Жиында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев пен БҰҰ-ның Орталық Азия бойынша превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Каха Имнадзе сөз сөйледі. Саммит соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Консультативтік кездесудің төрағасы ретінде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының атынан Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті Құрмет белгісімен марапаттады.