«AI'preneurs» атты жаңа форматтағы акселерация бағдарламасының қатысушылары анықталды. Айта кетейік, «AI'preneurs» – жасанды интеллект бағытындағы инновациялық стартаптарды бірлесіп құруға бағытталған бағдарлама. Аталған жобада географиялық шектеу жоқ, демек әлемнің түкпір-түкпіріндегі инженерлер, деректерді талдаушылар, өнім менеджерлері мен өзге де IT-мамандары қатыса алады.
Бағдарлама офлайн форматта Астана қаласында өтеді. Ал өзге қалалар мен шет мемлекеттен келген қатысушылар тұрғын үймен қамтылады. Төрт айға созылатын бағдарламада оқыту, стартап-жобаларды әзірлеу бойынша сала сарапшылары жеке кеңес береді.
«Жаңа заманда жасанды интеллект бизнестен бастап медицина мен білімге дейінгі өміріміздің әртүрлі саласымен біте қайнасып кетті. AI'preneurs-тің құндылығы – идея пайда болған сәттен бастап, нарықта сәтті жүзеге асқанға дейін стартаптардың шыңдалуына толық жағдай жасайды. Бағдарлама аясында білікті тәлімгерлер мен үйлестірушілер жобалардың дамуына тікелей қолдау көрсетіп, тұрақты ілгерілеуін бақылайды. Қатысушылар маманданған сарапшыларға жүгініп, өз өніміне қатысты жеке кеңестер алады. Сонымен қатар командалардың техникалық жабдықталуына толық жағдай жасаймыз», деді «Astana Hub» бизнес бағдарламалар офисінің директоры Ербол Ахметов.
Қазір «AI'preneurs» жобасының соңғы кезеңіне өткен қатысушылары стартап-жобалар құруға бағытталған оқуды бастады. Комиссия қарауына ұсынылған 250-ден астам өтінімнің ішінен әуелі 100 үміткер іріктелді. Кейін солардың арасынан ең үздік 50 қатысушы ғана бағдарламаға қатысуға жолдама алды. Бүгінде олар төрт айлық оқуды бастады.
Аталған бағдарлама талантты мамандардың басын қосып, жасанды интеллект саласындағы инновациялық стартаптарды бірлесіп құруға бағытталған. Іріктелген 50 финалист қатарында аға инженерлер, бағдарламалық жасақтама құрастырушылары, киберқауіпсіздік мамандары мен зерттеуші инженерлер, сондай-ақ инновациялық технологияларды әзірлеу және енгізу саласының шеберлері бар.
«Бәсекеге толы іріктеуден өткен үздіктер бағдарламаның алғашқы кезеңіне кірісті. Қатысушылардың мұндағы міндеті – серіктестерін тауып, команда құру. Оларға топ пен стартап құру аясында түрлі воркшоп пен басқа да іс-шара ұйымдастырылады. Осылайша, әр қатысушы өзінің мықты қасиетін таныта алады», деді Ербол Ахметов.
Еске салсақ, акселератор үш негізгі кезеңнен тұрады. Атап айтсақ, команда құру, инвестициялық комитетпен байланыс және өнімді әзірлеу барысы. Бірінші кезең аясында қатысушылар серіктестер тауып, іріктелген үміткерлер арасынан команда құрады. Ал екінші кезеңде жасақталған командалар стартап идеясын ойластырып, өнімнің прототипін жасайды және оны инвестициялық комитетке ұсынады. Олардың жобасы келесі кезеңге сәтті өтсе, қаржы бөлінеді. Ал одақтасын таппаған қатысушылар және инвестициялық комитет мақұлдауын алмаған командалар бағдарламамен қош айтысады немесе басқа командаға қосылады. Соңғы кезеңде стартаптар өнім әзірлеуге кіріседі.
Бағдарламаға қатысушылардың бірі – балалар аутизмін емдеуді көздейтін онлайн-сервистің негізін қалаған Жанболат Қайырғожин. Оның платформасы он бестен астам елдің, оның ішінде Еуропа балдырғандарына қолдау көрсетеді. Жоба төрт жыл ішінде жүздеген балаға көмек қолын созған. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Жанболат пікірлес адамдарды тауып, «MedTech» платформасын құруды жоспарлап отыр.
«AI'preneurs аясында аутизммен ауыратын балаларды емдеу шараларының сапасын бақылауға және диагностикалауға ықпал ететін платформа құруды жоспарлап отырмын. Мұнда жасанды интеллект артықшылығы да қолданылады. Менің ойымша, жұмсалған сомадан мың есе бағалы құндылық жасап, ұзақмерзімді әрі ғаламат дүние шығаруға болады. Әке ретінде балалар денсаулығы баға жетпес байлық екенін түсінемін», деді Ж.Қайырғожин.
Жобаның тағы бір қатысушысы – Гүлназ Жұмабек. Ол Кембридж университетінің түлегі, әртүрлі нарықта, соның ішінде Ұлыбритания мен Парсы шығанағы елдерінде 15 жылдан астам кеңес беру және инвестициялық банкинг саласында еңбек еткен. «AI'preneurs» бағдарламасы арқылы денсаулық сақтау технологиялары саласында стартап құруды жоспарлап отыр.
«Astana Hub»-тың AI’Preneurs бағдарламасы – біз үшін таптырмайтын мүмкіндіктер алаңы. Мұнда тәлімгерлер жобамызға жол сілтеп, пайдалы ақпаратқа қанық болдық. Сондай-ақ басқа командалармен тәжірибе алмасып жатырмыз. Қазір мен денсаулыққа арналған екі технологиялық жобада жұмыс істеп жатырмын. Алғашқысы психологияға қатысты. Яғни жасанды интеллект арқылы әр адамның эмоционалдық интеллектін анықтап, кері байланыс орнататындай бағдарлама жасап жатырмыз. Ал екінші жобамызда біз машиналық оқыту әдісімен аутизмді ерте анықтауға тырысамыз», деді ол.
Бағдарлама барысында қатысушылар жеке менторлық қолдау тауып, кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға ықпал ететін тренингтерге, техникалық және бизнес-мәселелер бойынша сарапшылар кеңестеріне қол жеткізеді. Сондай-ақ командалар «Astana Hub» инфрақұрылымын пайдаланады. Акселерацияның барлық кезеңін сәтті аяқтаған қатысушылар инновациялық стартап-жобаларын әлеуетті инвесторларға ұсынып, оны іске асыру үшін қомақты қаржы алады.