Биыл Алакөл көлінде демалушылардың қатары көп. Осы ретте «Алматы – Өскемен» республикалық тасжолының маңызы зор. Туристер неғұрлым көп болған сайын халық жиі қатынайтын жол жиектері қоқысқа толатыны белгілі. Сондықтан жетісулықтар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өңірдегі республикалық жолдардың бойында тазалық іс-шараларын жүргізді.
Нақтылап айта кетсек, Көксу, Ескелді аудандары мен Талдықорған қаласы аралығындағы ұзындығы 69,5 шақырым болатын «Алматы – Өскемен» республикалық тасжолының бойында абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға 150 адам, 21 техника жұмылдырылды. 84 тонна қоқыс шығарылып, 5 шақырым қоршау сырланды, 4,5 шақырым арық желілері тазаланып, қураған ағаштар мен шөп шабылды.
Бұған қоса облыста ғимараттардың сыртқы келбетін жақсарту, балалар, спорт алаңдарын салу, аумақтарды көгалдандыру, елді мекендерді абаттандыру бағытында іс-шаралар өткізіліп жатыр. Биыл облыстың аудандары мен қалаларын абаттандыру үшін жергілікті бюджеттен 5,5 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде 122 аула абаттандырылады, 117 балалар және спорт алаңдары салынады, 44 көп қабатты тұрғын үйдің шатырлары мен қасбеттері жөнделеді, 24,1 км арық желілері абаттандырылады. Сонымен қатар 8 саябаққа ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 115 мың ағаш көшеті отырғызылады, соның 59 мыңы егілді, қалған 56 мыңы күзгі кезеңде отырғызылады. Осы іс-шаралардың бәрі өңірдің тазалығын сақтап, келбетін көркейтуге үлкен ықпал етіп отыр.
Еске салсақ, Жетісу облысында сәуір айынан бері «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына жалпы саны 163 мыңнан аса адам атсалысты. Соның нәтижесінде өңірде 29 514 түп көшет отырғызылды, тазарту іс-шарасына 1 220 техника жұмылдырылып, 6 369 тонна қоқыс шығарылды, 2 226 км арық тазаланып, 25 826 шаршы метр автомобиль жолына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Одан бөлек су тасқынын болдырмау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Қаратал өзенінің арнасын түзету жұмыстары тоқтамай тұр. Қалалық шұғыл ден қою жасағының құрамына кіретін Талдықорған қаласының ірі кәсіпорындары өзен арнасына механикаландырылған тазарту және түзету жұмыстарына көмек көрсетіп жатыр.
Мамандар өзен арнасының тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар тұрған шамамен 2 шақырымын тазартуды жоспарлады. Қазір облыстық перинаталдық орталықтан Жансүгіров көшесіндегі көпірге және кірме жолдарға дейін түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта осындай жұмыстар Назарбаев даңғылы мен Жансүгіров көшесінің көпірлері арасында атқарылады. Бұл іс-шараларға қажетті техника – 3 экскаватор, бульдозер, тиегіш, екі жүк машинасы тартылды. Жұмыстар 15 қазанға дейін жалғасады.
Жетісу облысы