• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Қаңтар, 2015

Жастар – біздің болашағымыздың тірегі

920 рет
көрсетілді

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» заң жобалары талқыға салынды. Күн тәртібінде бірінші қарал­ған «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасы бойынша баяндаған Білім және ғылым ми­нистрі Аслан Сәрінжіпов: Елбасы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жол­дауында «жастар – біздің болаша­ғымыздың тірегі», деген сөз айт­ты. Заң жобасы Мемлекет басшы­сының тапсырмаларын орын­дау мақсатында әзірленіп отыр», – деді. Атап айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында мемлекеттік жас­тар саясаты мәселелері бойынша заңнаманы жаңарту және «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының II съезінде заң жобасын бүгінгі талаптарға сәй­кес келтіріп, сапасын жақсарту бас­ты талап. Заң жобасының мақ­­­саты – жастардың дамуына жағ­­дай және олардың мемлекет өмі­рі­не қатысуына мүмкіндіктер жасау. Заң жобасының мазмұнына да тоқ­тала кеткен министр оның бес та­рау мен отыз бір баптан тұра­тын­дығын мәлімдеді. Бұл ретте мем­лекеттік жастар саясатының үш негізгі міндеті қарастырылса, олар жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау; жастарды ел­дің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне тарту; азаматтыққа тәрбиелеу және қазақстандық патриотизм сезімін нығайту деп белгіленген. Сондай-ақ, қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету, ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту мен денсаулық сақтау және нығайту назардан тыс қалмаған. Бұдан басқа, заң жобасында саламатты өмір салтын қалыптастыру; жұ­мыспен қамту мен жастар ара­сында кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайлар жасау; жас отбасылар үшін қолжетімді тұрғын үй жүйесін дамыту; құқықтық мәде­ниет деңгейін арттыру, сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеу­шілікке тәрбиелеу көр­сетіл­ген. Экологиялық мәдениетті қалып­тас­тыру мен талантты жастарды дамы­туға жәрдемдесу және бос уақыт пен мәдени демалыс үшін жағ­дайларды қамтамасыз ету де көзделген. Мемлекеттік жастар саясаты сала­сындағы консультативтік-кеңесші орган­дардың қатарына Қазақстан Респуб­ликасы Пре­зи­дентінің жанын­дағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес; Әкімдіктер жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестер; Жастар ұйымдарын дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесі жатады. Республикалық жас­тар форумында орталық және жер­гілікті атқарушы органдардың есеп­тері тыңдалады, Қазақстан Респуб­ликасы Үкіметіне мемлекеттік жас­тар саясатын жетілдіру жөнін­де ұсы­ныстар енгізіледі. Ал өңірлік жастар форумы мемле­кет­тік жастар саясатын іске асыру мәселелерін талқылауды; жер­гі­лікті атқарушы органдар мен жас­тар, жастар ұйымдары арасындағы үнқатысу мен өзара іс-қимылды; мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді қамтамасыз етеді. Жастар ресурстық орталықтары жастар мен жастар ұйымдарын қолдау және дамыту үшін қызметтер көрсету мақсатында құрылатыны да ерекше атап өтілді. Осы орталықтар жастардың бастамаларын ақпараттық-әдістемелік, консультациялық қолдауды, жастар арасындағы ахуалдың мониторингін және оны талдауды жүзеге асырады. Жастардың мемлекеттік жастар саясатын қалыптастыру мен іске асыруға қатысуы: жастар ұйымдарының қызметіне; волонтерлік қызметке; білім мекемелері мен еңбек ұжымдарындағы жастардың өзін өзі басқару органдарының қызметіне қатысуы арқылы анықталып отыр. Қоғамға ерекше пайдалы қызмет болғандықтан, волонтерлік қызмет заңнамалық тұрғыдан алғаш рет өз бекітілуін таппақ. Сонымен, заң жобасында мемлекеттік жастар саясатының басты міндеттері, негізгі бағыттары анықталды, орта­лық мемлекеттік органдардың құзы­рет­тері мен мемлекеттік жастар саясатын қалып­тастыру мен іске асыру тетіктері бекітілді. Заң жобасын қабыл­даудың күтілетін нәтижесі ретінде жас­тардың ойдағыдай әлеуметтенуіне, олар­дың әлеуетін елді одан әрі дамы­туға бағытталған мемлекеттік жас­тар саясатының тиімді моделін қалып­тас­тыру қарастырылады. Заң жобасы бұған дейін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің Атырау, Қызылорда, Қостанай қала­ларындағы көшпелі отырыстарында, оған қоса, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының базасында, ЮНИСЕФ халықаралық ұйымы, отандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен белсенді талқыланды. Жастар – ең жақын болашақтағы біздің адами капиталымыз, бәсекеге қабілетті мемлекеттің негізгі ресурсы. Сондықтан, жастарды қолдау мен дамыту Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымды мәселелері болып табылады. Бірқатар талқылаулардан кейін заң жобасы депутаттар тарапынан қолдауға ие болды. Сондай-ақ, депутаттар «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қарап, қабылдады. Заң жобасымен жұмысқа алғаш кірген жас маманмен екі жылдан кем емес мерзімге еңбек шартын жасасу; он сегіз жасқа толмаған адамдарға, сондай-ақ, техникалық және кәсіби, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқу-білім бағдарламаларын меңгерген, оларды бітірген күннен бастап бір жылдан кешіктірмей алған мамандығы бойынша жұмысқа алғаш кіретін адамдарға сынақ мерзімі орнатылмайтыны қарастырылған. Тұтастай алғанда, заң жобасы жастардың еңбек саласындағы құқықтарын қорғауға бағытталған. Оларды қабылдағаннан кейін жас мамандармен еңбек шартын жасасу мерзімі ұзартылады және сынақ мерзімі орнатылмайтын жастардың санаттары кеңейтіледі. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».