Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен Ұлттық құрылтайдың үш отырысы өтті. Әр басқосуда көтерілген өзекті мәселелермен қатар, қоғамның құндылықтарына айналуға тиіс ұғымдарға баса назар аударылды. Олар – адал азамат, адал адам, адал табыс. Бұл түсініктер Әділетті Қазақстан құру идеясымен ұштасады.
Әділетті Қазақстан – мемлекеттік саясаттың түпкі мақсаты. Бұл тұжырымдама тек Жолдаулар мен жиындарда айтылып, қалыптасқан идея емес. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымына кіріскен сәттен-ақ алғашқы сөзінен әділдік қағидатына иек артты. Міне, бүгінде адал азамат, адал адам, адал табыс ұғымдары бүкіл қоғамның идеологиялық темірқазығына айналып үлгерді.
Қазір елімізде саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар қарқынды жүріп жатыр. Әділетті Қазақстан идеясы негізінде биліктің ашықтығы ғана емес, отандастарымыздың үнқосуы нәтижесінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүйелі іске асырылып келеді. Демек қазір жүйе монологтен диалогке көшу үстінде.
Ең бастысы, заңның үстемдігі, азаматтардың құқықтарының жан-жақты қорғалуы, адал сот төрелігі құқықтың шынайы үстемдігін қамтамасыз етті.
2023 жылғы 27 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Демократия туралы сөз қозғағанда, таразының бір жағында азаматтың құқықтары және бостандығымен қатар, оның міндеттері мен жауапкершілігі тұрғанын ешқашан естен шығармауымыз керек. Еркіндікті жүгенсіздікпен шатастырмайық. Ал диалог мәдениетін әлсіздік деп қабылдамаған жөн» дей келе, «Бір адамның бостандығы шектелетін жерден, екінші адамның еркіндігі басталатыны ежелден белгілі. Ынтымағы жарасқан қоғам құрамыз десек, біз заң мен тәртіпке мүлтіксіз бағынуымыз қажет. Бұл – Әділетті мемлекет құрудың ең басты қағидаты» екенін жеткізді.
Демек Әділетті Қазақстанды құру жолында тең құқылық қағидаты өте маңызды. Егер бұл идея берік орнықса, отандастарымыздың бәрі өзінің жеке әлеуетін жүзеге асыру үшін әлеуметтік жағдайына, ұлтына, тілі мен дініне қарамастан, бірдей құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болады.
Қоғамдық келісімді нығайту, саяси реформаларды жүйелі жалғастыру бір-бірімен тығыз байланысты. Қазір әлемдегі түрлі геосаяси жағдайға байланысты өзге мемлекеттерде іріткі салуға, алауыздық отын жағуға құмарлар бар. Тіпті еліміздің көпэтносты екеніне назар салып, түрлі кикілжіңді тудырып жататындар да табылады. Мәселен, әлеуметтік желілер де, тұрмыстық сипаттағы келіспеушіліктерді өршітіп, теріс ақпарат тарататындар көп. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде айрықша тоқталып өткен еді.
«Жер жүзінде бәрімізді алаңдататын түрлі оқиға болып жатыр. Біртұтас ұлт ретінде дәл осы кезде біздің мақсатымыз да, ниетіміз де бір болуға тиіс. Қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды.
Қоғамда алауыздық тудыратын кез келген әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет. Азаматтарымыздың бізге қатысы жоқ ақпарат майданына араласып, өшпенділікті насихаттауы еліміздегі тұрақтылыққа және қоғамдық келісімге зор қатер төндіреді.
Әрқайсымыз азаматтардың құқығы тең және еркін болуын қамтамасыз ететін Ата Заңымыздың әрбір сөзін бұлжытпай ұстануымыз қажет. Заң мен тәртіптің әрдайым және барлық жерде сақталуы, заң үстемдігінің сөзбен де, іспен де орнығуы маңызды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл міндеттерді ескере отырып, ҚХА этномедиация институтын тиімді дамытудың және этномедиаторлардың сапалық жаңа пулын қалыптастыруға кірісті. Яғни дау қай жерде болады деп емес, біртұтас ұлт қағидатын насихаттау жұмыстарын күшейтіп, әлеуметтік сананы жаңғырту қажет. Бұл – бір жағынан қақтығыстардың алдын алудың ең тексерілген және дұрыс жолы.
Қазіргі уақытта елімізде этномедиаторлар саны 200-ге жетті. Олар этносаралық мәселелерде бірлігімізді сақтап қалу үшін аянбай еңбек етіп келеді. Жылына олар осы типтегі 10 мыңнан астам мәселені қарастырады.
Орал ШӘРІПБАЕВ,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Абай облыстық филиалының төрағасы