Абай күніне орай онкүндікте Астана қаласында әдеби әрі рухани шаралар әр тұста көрініс бергені белгілі. Абай шығармаларын үлгі етуді мұрат тұтқан аудан әкімдіктері бастап, білім, мәдениет салалары мекемелері ұйымдастырған 70-тен астам іс-шараның ішінде атаулысы «Журналистер» саябағында «Алдымда ақын Абай – Темірқазық» атты әдеби кеш өтті. Онда Абай тағылымы бүгінгі күнмен ұштастырылып, өлеңдері оқылып, әндері шырқалды.
«Бүгінгі жастар не үйрену керек дегенге келсек, Абай даналығының мәнін бірауыз сөзге сыйдыруға болады, бұл – ұлтты бақытты ету. Ұлтты бақытты етудің үлкен кілті – еңбек пен өнер. Өнерге Абай технологияны, техниканы да сыйдырған. Қазіргі жасанды интеллект, IT-технология бәрі де – Абайдың бізге аманаттап кеткен міндеттері. Біз оны ұмытпауымыз керек», деді академик, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы.
Елорданың Байқоңыр ауданының әкімдігі, Астана қаласы Білім басқармасы, Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясы ұйымдастарған кешке қаламгерлер, ғалымдар, ұстаздар мен оқушылар қатысты. Абайтанушы, «Бала Абай» жобасының авторы, ақын Алмахан Мұхаметқалиқызы биыл ұлы Абайдың, оның балалары Мағауия мен Ақылбайдың дүниеден өткеніне 120 жыл толып отырғанын айта келе, осы жылды «Абай жылы» деп атауға болатынын салмақтады.
«Құнанбайдың 220 жылдығын биыл Семей жері, Абай елі жақсылап өткізді. Біз Абайды ғана емес, Абайдың айналасын да тануымыз керек. Абай шығармашылығын, Абайдың өмірін білгеніміз өте дұрыс деп ойлаймын. Өлеңдері мен қара сөздерін ғана жаттаумен тоқтап қалмауымыз керек. Бүгінгі күнге Алаш арыстары жеткізген Абай шығармашылығындағы ұлтты тәрбиелеу идеясын ұғынуымыз қажет. Мағжан Жұмабайұлы «Педагогика» еңбегінде данышпан Абай осылай айтқан деп Абайды мысалға жиі тартады. Ұлт руханиятының, ұлт құндылығының, салт-дәстүріміздің, бүкіл бойымыздағы, қанымыздағы құндылығының кілті Абайда», дейді Алмахан Мұхаметқалиқызы.
Арқалы ақын, Жазушылар одағының хатшысы, осы ұйымның Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы: «Биыл Абайдың өмірден өткеніне 120 жыл. Оның заманынан алыстаған сайын рухына жақындай береміз. Абай айтқан асыл қасиеттердің барлығы қазақ баласының бойынан табылса, Алаш баласы адаспайды деп ойлаймын. Өйткені Алаш зиялыларының өзі Абайдың ақыл-ойын өздеріне темірқазық қылды», деді.
Сонымен қатар «Журналистер» аллеясымен қатар орналасқан «Қаламгерлер» аллеясында «Абай – руханияттың алтын қазығы» әдеби-сазды кеш те көрерменнің көзайымына айналды. Астана қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған іс-шараны академик, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы мен ақын, Жазушылар одағының хатшысы Дәулеткерей Кәпұлы ашып берді. Кеш барысында абайтанушылар Қалибек Алтыбаев пен Алмахан Мұхаметқалиқызы жиналғандарды Абай әлеміне жетеледі. «Тіл-қазына» орталығының қызметкерлері, ақындар Жарқынбек Жұмаділұлы, Біржан Ахмер, Арман Шеризат қатысып, ұлы Абайдың және өздерінің өлеңдерін оқыды. Абай әндері әуелеп, «Әлемдік ойдың алыбы» көрмесі ұйымдастырылды. Әдеби-сазды кешке белсенді атсалысқандарға Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің алғыс хаттары табысталды.