Жетісуда былтырдан бері шалғай ауылдарға заманауи емхана салу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Ендігі кезек Сарқан ауданына қарасты Черкасск ауылына келді. Бұл елді мекен өңірдегі ірі ауылдардың қатарына жатады. Дегенмен емхананың ескілігі елді біраз әбігерге салған. Әртүрлі этнос өкілдері мекен ететін аяулы топырақ ескі заманда даңқы асқақтаған. Кейін ел тарап, ежелгі қалпын бұзып алды. Сонда да халықтың саны азайған жоқ.
Черкасск ауылының тұрғындары көптен күткен жаңа дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілді. Бұрын бейімделген ғимаратта отырған медицина мекемесі енді қажетті жағдайлары жасалған жаңа орында ауылдың 2 500-ге жуық халқына қызмет көрсетеді. Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл нысанға 70 млн қаржы жұмсалған.
Ғимараттың ашылу салтанатына Черкасск ауылдық округінің әкімі Мақсат Айтжанов пен Сарқан аудандық орталық ауруханасы директорының орынбасары Біржан Уаханов қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтады.
Жалпы, блокті-модульді құрылысты «ШеберМеталл» ЖШС 2023 жылдың қарашасында бастап, осы жылдың шілдесінде аумағы 240 шаршы метрлік жаңа амбулаторияны пайдалануға берді. Бұған дейін ауылдық дәрігерлік амбулатория мектептің бастауыш сыныбына арналған ескі тұрғынжайында, яғни санитарлық нормаға сай емес бейімделген ғимаратта отырған еді.
Аталған ауылда 2 448 адам тұрады. Жаңа ғимаратта халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге барлық жағдай жасалған. Дәрігерлік амбулатория жалпы күніне 60 адамды қабылдауға қауқарлы. Сол сияқты 5 адамға лайықталған күндізгі стационар да қарастырылған. Мұнда 3 дәрігер, 9 орта буын қызметкер, 1 кіші буынды және 2 басқа да қызметкер жұмыс істейді. Ауыл тұрғындары үшін педиатриялық, терапевтік, акушерлік, стоматологиялық көмек көрсетіледі. Ғимаратта дәрігерге дейінгі қаралу кабинеті, сау балалардың кабинеті, екпе, процедура, дезинфекция, зертхана бөлмелері, арнайы дәрігерлер кабинеттері бар. Сол сияқты қажетті құрал-жабдықтар, соның ішінде стерильді құралдарға арналған уфо камера, зертханалық талдауларға қажетті аппараттар толықтай орнатылған.
«Аурудың алдын алу, науқастың диагнозын дөп тауып, уақытында ем-шара қолданып, халықты дәрігерлік тексерістен өткізіп тұру – біздің басты міндетіміз. Мұнда тұрғындар аудандық емханаға бармай-ақ анализ тапсырып, осы жерден қорытындысын ала алады. Жаңа заманғы технологияға сай жабдықталған амбулаторияда арнайы талдама кабинеті бар. Осындай қажетті мүмкіндіктер жасалған, материалдық-техникалық базасы бар жаңа ғимарат медициналық қызмет көрсету сапасының артуына ықпал етеді деп сенеміз», дейді амбулатория меңгерушісі Сәлима Өтеулинова.
Жетісуда әлі ондаған ауыл өз кезегін күтіп отыр. Келер жылы тағы осындай нысандар алыстағы елді мекеннің қуанышын еселейді.
Жетісу облысы