• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 16 Тамыз, 2024

Жылқышы

111 рет
көрсетілді

Бүгінде бұл кәсіп жоқ­қа айналды. Орнын бақ­ташылар басты. Бі­рақ даланың бұрын­ғы жылқышыларының бәсін маман деп түсіруге бола ма? Маман деген бел­гілі бір іспен ғана шұ­ғыл­данушы. Мы­салы, ті­гінші не етікші сияқ­ты. «Ерінбеген етікші болады» демеуші ме еді қазақ? Ал жылқышы ше?

Қазір Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтейін деп жатыр. Онда шабандоздардың алатын орны айтпаса да бел­гілі. Баяғы жылқышы деге­німіз, ең бірінші, шабандоз. Ат құ­лағында ойнайды. Осы­дан 20 жыл бұрын атқа міну­ді білмейтіндер жылқы бақ­пақ түгілі,  сыртынан жүре ал­май­тын. Қазір қысы-жазы техни­камен қайырады ғой. Ал ат құлағында ойнайтын ша­бандоздық – үлкен өнер. Абай айтпақшы, «шапандарын белсенген, асау мініп теңселген жылқышылар». Шабандоз – асау үйретуші, тақымгер көк­паршы, ептілері теңге ілу­ші, тағысын тағы. 

Екіншіден, жылқышы –  жыл­қы шаруашылығының біл­­гірі. Жылқыны жазда қалай өріс­­тету керек, күзде, көктемде, қыста ше? Мұның бәрі – білгенге ғылым. Қазір ауылдың маңын араласаң, жер түтіліп кеткен. Мың жылқыға не шақ келеді? Мекенін, өрісін уақтылы ауыс­тырып отырмаған соң. Мың жылқы – 4 мың тұяқ. Көш­пелілердің соңы жылқыны ай­лап далада жатып, атпен баққан­дар дер едім.

Үшіншіден, ертедегі жыл­қышы­лардың қай-қайсысы болсын, бұғалықшы әрі шал­­машы. Бұлар жеке-жеке ма­мандықтар десе ар­тық емес. Кейінгісі баяғы жыл­қы­шылар­мен бірге «өлген» де шығар, кім біледі.

Сонымен қатар үнемі ат үстінде далада жүргендіктен, жылқышының көбі – жердің жайын, шоқы-қыраттың қо­йын-қонышын жатқа оқитын «сәуегей». Неше түрлі өсімдік пен шөптің түрін танып, түстеп отырар еді. Жусан, көкпек, көде, изен мен бұжғыннан басқасын білмеймін мен. Оның өзін ауылдағы бір ескі жылқышы танытқан.

Үлкендер күлкі қылып айтып отыратын. Ертеректе соқ­­талдай бір жігіт ауылдағы жылқышының біріне қыс ішін­де «жылқыдан биемді әкеп берші» деп өтінген ғой. Ақаң (жылқышы) сөзге келмей жеткізіп беріпті биесін. Көк­темде көп жылқыны түгендеуге айдап келеді ғой ауылға. Сөйтсе, жалғызбасты жетім қарияның жалғыз биесі жоқ көрінеді. Ел абыржи бастапты. «Ойпырай, ақсақалдың жалғыз биесі жоқ» деп. Біреудің бірдеңесін ауыл боп уайымдайтын уақыт болған, ә? Елдің үлкендері солай абдырап тұрса, жетім қарияның биесін әлгі жігіт жетелеп келіп, жылқыға қосыпты. Ауылдағылар бас салып: «Мынау ақсақалдың биесі ғой» десе, «жоға менікі, Ақаң әкеп берген, қыстай бағып шықтым» деп жеңістік бермепті. Сөйтсе, ақсақал мен жігіттің биесі ұқсас, түсі қарагерлеу екен. Ені де бірдей. Тек қана ақсақал биесінің жалына шүберек өріп жіберген де, ол бір жағына қарай жататын жалдың астында қалған. Жігіттің биесі табынның ішінен шығыпты.

Ауылдың жалғызілікті ақсақалы, қыста биесін бағып шығатын қауқары жоқ. Әлгі соқталдай қуға «сен жассың, қыста ақсақалдың жалғыз биесі ит-құсқа жем боп кете ме, бағып бер» десе, бақпайтынын біледі. Көпті көрген жылқышы әлгіндей айлаға көшкен де. Ат құлағы көрінбейтін боранда жол табатын жылқышы бір-біріне ұқсас биені танымай, шатастырып әкелмеген. Жердің жағдайымен қатар, елдің де қа­мын бағып жүргенінің бел­гісі. «Таяққа сүйеніп қалған ақса­қалдың жағдайына алаңдаған қамқорлығынан» деп отыратын үлкендер.

Қарапайым ауыл жылқы­шысының бір қасиеті – осы.