• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 10:17

Жақсылық жасауды жастар бастады

17 рет
көрсетілді

Биыл Түркістан облысында «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік осал отбасынан шыққан 60 693 балаға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Өңірдегі экономикалық есептеулер нәтижесінде әр балаға 43 407 теңгеден үлестіріледі.

Облыстық білім бас­қар­­­ма­сы­ның ха­бар­лауынша, жо­ғары­да аталған санат­тағы отбасы бала­ларына киім мен оқу-құ­рал­дарын алу үшін білім ұйымы басшысының атына баланың ата-анасы немесе заңды өкілдері өтініш беруге тиіс. Кейін ата-ана не заңды өкіл білім ұйымына сатып алынған тауарлардың атауы көрсетілген шығыстар туралы рас­тайтын құжатты тапсыруы ке­рек.­ Бүгінде аудандарда акция аясын­дағы іс-шаралар басталып та кет­ті. Мысалы, Түлкібас ауданы әкім­дігінің ұйымдастыруымен «Мек­тепке жол» акциясы шеңбе­рін­де­ көтерме бағада мектепке қа­жетті заттардың жәрмеңкесі өтті.­ Жәр­меңкеде ұсынылған мектепке қажетті киім мен құрал-жаб­дықтар сауда орталықтары мен­ базар бағасынан едәуір арзан баға­да, мысалы жейделер 2 мың тең­геден, спорттық аяқкиім мен туф­лилер 2–5 мың теңгенің арасында, 12 парақтық дәптерлер – 10 тең­ге, сөмкелер 3–5 мың теңгеден саудаланды.

Бұл – жәрмеңкедегі баға. Ал түркістандық ата-аналардың айтуын­ша, бірінші сыныпқа баратын ұл баланы кем дегенде 37000 теңгеге бастан-аяқ киіндіре аласыз. Облыс орталығындағы сауда орындарында бірінші сыныпқа баратын ұл баланың жейдесі 2–4 мың теңге, мектеп формасы – 7–9 мың, аяқкиімі – 10–15 мың, спорттық костюм 8 мыңнан бас­талып, сапасына қарай 13 мың теңгеге дейін сатылып жатыр. Спорттық аяқкиімнің бағасы 10–12 мың теңге аралығында. Бастауыш сыныпта оқитын қыз баланы киіндіру кем дегенде 43500 теңгеге түседі екен. Дәптер-қаламын қоспағанда. Балаға қажетті қағаз-қаламды есептеп, барынша үнемдік жағын ескерген, дүкендердің әлеуметтік желідегі парақ­ша­ларын қарап-зерттеп, арзан жерден алған ата-аналар әр балаға – 60 мың теңгеден жұмсағанын айтады. Ал кеңсе тауарларын сатушылардың айтуынша, бір балаға сөмкемен қосқанда бағасы орташа заттар алатын болса 10–12 мың теңгеден болып жатыр. Кіл қымбат, сапасы жоғарысын алатындарға жиынтық – 17 000 теңгеден айналады. Сауда орындарында ұсынылатын киім­дер мен керекті заттардың баға­лары, әсіресе көпбалалы отбасылар үшін қымбат көрінері анық. Яғни «Жақсылық жаса» ұранымен өткізілетін акция аясында өңір кәсіпкерлері, меценаттар және өзге де аза­маттардың қолдау білдіруі ма­ңызды. 

Игі істен шет қалмаған облыс­тық Жастар ресурстық орта­лығы да «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырды. Акция аясында 17 аудан, қаладан келген 8–14 жас аралығындағы 100-ге жуық балаға мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған сөм­келер берілді.

 

Түркістан облысы