Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы (ҚҚҚ) сарапшылардың ұлттық экономиканың жақын болашағы туралы сауалнамасының қорытындысын ұсынды. Нәтиже көңіл көншітпей тұр. Тәуелсіз сарапшылар алдағы бірер жылда девальвациялық үрдістер ресейлік валюта нарығынан біздің нарыққа ауысуы әбден мүмкін екенін айтады. Екі ел экономикасының жоғары интеграциясы, валюта нарығымыздың көлемі мен ашықтығы девальвациялық үдерістерді де «интеграциялап» жіберуі мүмкін.
Доллар неге қымбаттады?
Сарапшы Айдархан Құсайыновтың сөзінше, тамыз айы бейресми түрде девальвация қаупі жоғарылығымен ерекшеленеді. Бұл айда теңгеміздің бір бұлқынып барып, ес жиюы қалыпты жағдайға айналып кетті.
13 маусымда Ұлттық банк теңге бағамының қалыптасуына қолайлы ішкі және сыртқы факторлар әсер етіп отырғанын хабарлады. Атап айтқанда, мұнай бағасы барреліне 80 доллардан жоғары. Алайда көп уақыт өтпей, теңге қайтып әлсірей бастады. Оған Ұлттық қордан түсетін трансферттердің азайып кеткені себеп болғанға ұқсайды. Алдағы айларда Ұлттық қордан бюджетке түсетін трансферт азаяды. Келесі жылдары тіпті төмендеуі мүмкін. Валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың қолайсыз үйлесімі де нәтиже берген жоқ. Жыл ортасына қарай бюджет қаражатының игерілуі жеделдеп, тауарлардың экспорты мен импорты өсіп жатыр. Барлық валюталық операциялар доллармен жүзеге асырылады.
Сонымен қатар маусымдық фактор рөл атқарды: мереке күндері валютаға сұраныс артады. Нарықтың кәсіби қатысушыларының теңгемен операцияларының саны да қысқарды, бұл Ұлттық банктің мамыр айының соңында базалық мөлшерлемені 14,5%-ға дейін төмендетуімен байланысты.
Девальвация қаупі сейілген жоқ
ҚҚҚ сарапшылары әлемдік нарықтағы жалпы құлдырауға байланысты мамандардың мұнай бағасына қатысты болжамы нашарлап кеткенін айтып жатыр. Сарапшылар жыл аяғына дейін «Brent» маркалы мұнай баррелінің құны 80,4 доллар болады деп болжайды (шілдеде баға 84,7 доллар деңгейінде қалды). Осыған дейін инфляция мен девальвация қарсаңында халық пен бизнестің несиені көптеп алуы байқалатын. Теңгенің құнсыздануына психологиялық деңгейде әсер ететін фактордың бірі осы. Кезекті инфляция табалдырығында жалақы көтерілуі, онымен қоса келетін қымбатшылық теңге үшін девальвациялық тұзаққа айналып кетті.
Экономист Айдар Әлібаевтың сөзінше, кейінгі бір жарым жылда теңге бағамы шектен де шықан жоқ. Аздап нығайды, бизнеске де, халыққа да ес жиып алуға мүмкіндік берді. Бірақ девальвация қаупі сейілген жоқ.
«Қазірдің өзінде оның тіке соққысын емес, мультипликативті соққысын күн сайын сезініп жатырмыз. Себебі санкция бізге әсер ету тетігін әлі босатқан жоқ. Ресей девальвация қаупімен күн сайын бетпе-бет келіп отыр. Мұнай түсімі, өткен жылдардағы қордың төмендей бастауы рубльге сынақ болып тұр. Теңгенің құнсыздануына жол ашатын факторлар күшейе түсті. Ресурстарымызды сату арқылы тапқан қаржымыз халықты қажет нәрсемен қамтамасыз ету үшін жұмсалады, сыртқы қарызға кетеді. Үкімет Ұлттық қорға тәуелділікті болдырмау үшін кез келген шешімді қабылдауға дайын екенін байқатып, табыс салығының жалына жармасып жатыр. Өндіріс әлсіз, инфляцияның беті қайтқан жоқ. Оны қолдан ырықтандыру мүмкін еместігін өткен тәжірибемізден білеміз. Теңге құнсызданады. Енді девальвация болады. Бірақ оны қандай формада күтіп аларымыз белгісіз», дейді А.Әлібаев.
Әлсіз теңге – бюджеттің соры
Сарапшылар бір жылдан кейін ұлттық валюта тағы 1,8%-ды жоғалтып, долларға шаққандағы бағам 484,5 теңге болады деп болжап отыр. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшысы Зарина Скрипченко осыған дейін журналистермен кездескен кезде доллар мен теңге дәлізіндегі доллар бағамы 472,4 теңге деңгейінде болатынын айтқан. Ал қазіргі баға 480 теңгеден асты. Бірақ ҚҚҚ сарапшылары доллар бағамының 500 теңгеден асып кетуіне ешқандай себеп жоғын айтып отыр.
З.Скрипченконың айтуынша, шетелдік валютадағы міндеттемелері бар компаниялар қарызға қызмет көрсету немесе өтеу шығындарына тап болуы мүмкін, бұл қаржылық қиындық тудырады. Мұның бәрі республикалық бюджетке кері әсер етеді.
Сонымен қатар мұнай бағасының төмендеуіне байланысты ІЖӨ өсімі баяулауы мүмкін екенін Үкімет жоққа шығармайды. ІЖӨ-ні 6%-ға ұлғайту туралы жоспар бізден алыстап, бұрынғы 4,6% деңгейіндегі болжам төмендеу жағына (4,1%-ға дейін) қайта қаралды. Экономикалық жағдайлардың өзгеруіне байланысты Ұлттық банктің ұзақ уақыттан бері алғаш рет тамыз айының соңында базалық мөлшерлемені одан әрі төмендетуден және оны бұрынғы деңгейде ұстаудан бас тартуы күтіледі. Бір жылдан кейін базалық мөлшерлеме 13% болуы мүмкін. Инфляцияны кем дегенде 8,1% деңгейінде ұстап тұру үшін жеткілікті түрде қатаң монетарлық шарттарды сақтау қажет болады.