Жапонияның «Кансай» халықаралық әуежайы – жасанды аралда орналасқан әлемдегі алғашқы әуежай.
Осака шығанағындағы теңіздің тереңдігі 20 метр. Ал түбі борпылдақ келеді. Сондықтан алдымен әуежай аймағының түбі түрлі құрылыс заттармен тығыздалған. Нысан ең қуатты жер сілкіністері мен тайфундарға төтеп бере алатындай етіп салынған. Мысалы, 1995 жылы ол жеті балдық жер сілкінісіне, ал 1998 жылы сағатына 200 шақырымға дейін жеткен желдің екпініне еш мызғымаған. Тағы бір ерекшелігі, әуежай екі деңгейлі көпір арқылы жермен байланысып тұр. Оның төменгі бөлігінде теміржол, ал жоғарғы бөлігіне автомобиль жолдары жүргізілген.
Желден қуат алатын жануар
Қазақ жерінде мыңдап өретін киік те – басқа жұрттарда кездесе бермейтін сирек жануар. Бөкеннің басқа жануарларда жоқ бір қасиеті – бірінің құралайын келесісі емізіп кете береді. «Ақ бөкен – сахараның ботагөзі, Атты екен қандай адам көзі қиып», деп Сәкен мүмкін сол қасиетіне бола күйінді ме екен?
Торсықтанау киіктер ұзаққа жүгіргенде, екпіндеп келе жатқан бетімен қарғып-қарғып, алдыңғы қос тұяғын желге тосады. Қатты жүгірген сайын тынысы тарылғанда, аша тұяқтың арасынан өткен желден қуат алып, зымырай түседі.
Қызғылт түсті көл
Аустралияның оңтүстік-батысындағы Хиллер көлінің түсі жыл-он екі ай өзгермейді. Ашық қызғылт түсті суды бөтелкеге құйып алғанның өзінде түсін сақтап қалады екен.
Көлді бірінші рет 1802 жылы Сиднейге бара жатқан жолында британ теңізшісі М.Флинндерс көрген. Содан бері бұл жер туристердің тұрақты мекеніне айналды. Ұзындығы 600 метрді құрайтын өзеннің жан-жағы қалың орманмен қоршалған. Сол себепті қызғылт көлге барғысы келгендер мұнда тек әуе көлігімен ғана жете алады.