• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 21 Тамыз, 2024

Бекжан ӘБДУӘЛИҰЛЫ: Ономастика – елдігіміздің айғағы

208 рет
көрсетілді

Ономастика – барлық жалқы есімнің тілдік және танымдық сипа­тын анықтап, тарихын түгендеп, болашағын болжайтын сала. Президент Ұлттық құрылтайда бұл саланың мемлекеттік деңгейдегі маңыздылығын атап өтіп, жер-су атауларын ұлттық биіктен зерттеу керектігін ескерткен болатын. Қазір бұл ғылым елімізде қарқынды дамып келеді. Түйткілді түйіндер мен маңызды мәселелер қазақ ономастикасында жетерлік. Филология ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Бекжан ӘБДУӘЛИҰЛЫ уақыт талабына сай туындап отырған ономастиканың үш бөліміне тиісті назар аударылмай отырғанын айтады. Олар: қалаішілік атаулар, далалық аймақтардағы географиялық нысандардың атаулары, шекара сыртындағы қазақ жер-су атауларының мәселесі.

– Бекжан Әбдуәлиұлы, әуелі тіл біліміндегі жер-су атауларын зерт­тей­тін топонимиканың ұғымдық си­па­тына тоқталсаңыз.

– Жер-су атаулары десек, сырттай қара­ған­да оның аясына елді мекендер мен ай­мақтардағы географиялық нысандар ғана қамтылатын сияқты көрінеді. Ал топо­ни­ми­каның зерттеу нысанының аясына осыған қоса елдімекенішілік атаулар да кіреді. Сондықтан «жер-су атаулары» деген сөз бен «топонимия» термині ұғым­дарының арасында аздаған ерек­ше­ліктер бар. Топонимияның аясына кіретін атаулар қорын жинақтап жүйелеудің өзі ұшан-теңіз жұмыс. Қазақ топонимикасының мамандары бір ғасырға жуық уақыт осы мәселемен айналысып келеді. Өйткені топонимия уақытпен бірге үнемі дамып жетіліп отырады. Бір жағынан жаңа заман сұранысына сай жаңғырып жатса, екінші жағынан көнеріп, қолданыстан түсіп қалатындары да көп. Мысалы, тәуел­сіздік алған жылдар ішіндегі топо­ни­миялық өзгерістерді алсақ та көп жайтты аңғарамыз. Бұл әсіресе елді­мекенішілік атаулардың қазіргі заманға сай дамуынан ерекше көрініс берді.

– Бүгінгі күні топонимистер қандай мақсатта жұмыс атқарып жатыр?

– Жер-су атаулары өткен тарихымыз, қазіргі әлеуметтік-қоғамдық жағдайымыз туралы көп ақпарат бере алады. Қазақ топонимиясы мен топонимикасы бізге дейін де болған, болашақта да бола береді. Бірақ болашағы оның біз өмір сүріп отырған уақыт өткелінен қалай өтетіндігіне, яғни бізге байланыс­ты. Ономастика бүгінде өз дамуының жаңа бір кезеңін басынан кешіріп жатыр. Қызметі мен мазмұнында қазіргі кезде мәдени, саяси, әкімшілік басқару, халықаралық қатынастар, экономика секілді бағыттардағы өзінің ерекше маңызды рөлі ескеріліп, ресми басқаруға алынған. Республикалық ономастика комиссиясының жұмысы топонимдердің бүгінін айқындап, болашақ даму бағыттарына болжам жасап отырады. Осы жұмыстардың дұрыс бағыт алып, әрі заман талаптарына сәйкесіп отыруы үшін көп болып атсалысуымыз керек.

– Осы тұсты тарқатып түсін­ді­ріңіз­ші?

– Ең әуелі қала ішіндегі нысандар атауын бір жүйеге келтіруіміз керек. Қазір олар екіжақты жүзеге асырылады. Мемлекеттік нысандарды атау ресми жолмен, талдаулар мен құптаулардың түрлі сатыларынан өтіп барып беріледі. Жергілікті тұрғындардың ұсынысынан бастап, республикалық ономастикалық комиссияның қарауына дейінгі аралықта жан-жақты қаралады. Бұл бағыттағы жұмыстар қазір жолға қойылған.

Бірақ жекеменшік нысандарға келген кезде мәселе күрделенеді. Оған бізде ресми бақылау жоқ, сондықтан қалаішілік нысандарға атау берудің бақылауға бағынатын да, бағынбайтын да тұстары бар. Біз осыған Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен жылда оқу тәжірибесінде талдау жасап отырамыз. Мысалы, 2024 жылғы оқу тәжірибесінің  кезінде Астана қаласының ономастикалық келбетін айқындау мақсатында біраз жұмыс атқардық. Атап айтқанда, Астана қаласындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер аясына топ­тасқан кәсіпорындардың тілдік ерек­ше­ліктеріне талдау жасадық. Қала бо­йынша маусым айына дейін тіркелген 8531 нысан бар екен, солардың атауларына қарай лингвостатистикалық келбеті мынандай болып шықты. Тілдік құрамы бойынша алғанда қазақшасы – 1 389, орысша – 3 966, ағылшыншасы 1 876 екенін анықтадық. Талдаулар барысында бұдан өзге араб, парсы, т.б. тілдерде 402 атау қойылғаны белгілі болды. Сол секілді ағылшынша-қазақша, орысша-қазақша, ағылшынша-орысша аралас 898 атау кездесті.

Сараптау барысында қазіргі Астана ЖШС иелерінің латын әліпбиімен жазуға деген қызығушылығына да назар аударылды. Олардың ішінде латын әліпбиімен қазақша жазылған атаулардың саны – 132 екен. «Тіл туралы» заңға сәйкес екі тілде жазылған немесе қазақша нұсқасы бар атаулардың саны – 1 037. Осылайша, мем­лекеттік тілдегі атаулардан гөрі орыс, ағылшын тілдерінің үлес салмағы 82 пайызға басым екені анықталды. Енді ойланайықшы. Қаланың тілдік келбетіне ұлттық сипат берудің аса қажеттілігін көбіміз білеміз, қолдаймыз. Алайда қоғамдық сана өзгерістері мен нарық талаптарының көрсеткіштері жоғарыда айтқандай, қуантарлық жағдайда емес.

Бұл – тек Астана қаласы бойынша алынған дерек. Бірдей мемлекеттік сая­сат, нарықтық экономикалық шарттармен өмір сүріп жатқандықтан, басқа аймақтардағы жағдай бұдан жақсы деп айта алмаймын. Бұған арнайы бақылау болуы керек.

– Бұл түйткілді шешудің тетіктері қандай?

– Министрліктер, әкімдіктер жанын­дағы ішкі саясат, мәдениет, тіл мамандарымен, өндірісте жүрген еңбек адамдарымен ақылдаса отырып, бұл бағыттағы өзге де көптеген сұрақтың оңтайлы шешімін ұсынуға тиіс. Бұған сонымен қатар филологтер, соның ішінде ономаст мамандар, орайын тауып нақты қажетті жеріне пайдаланса, ЖОО филология факультеттерінің студенттері де ұшан-теңіз көмек көрсете алады.

– Байырғы жер-су аттары нені біл­ді­ретін еді?

– Қазақ халқының ұлы даланы игеру әдісі бөлек қой. Көшпелілік дәстүрі малдың өрісі жетер аумақтағы әрбір нысанды белгі ретінде пайдалануға міндеттейді. Сондықтан кеңістікті игерудің бір жолы – жер-суға атау берудің қажеттілігі туындады. Осы қажеттіліктің негізінде халқымыздың танымында уақыт пен кеңістікті игеру мүмкіндігі қалыптасты. Жер-су атаулары – адресат, халқымыз барар жеріне осы атаулар арқылы бағыт түзеді, әр нүктені адаспай тапты. Алаңдататыны, біздің заманымызда осы атауларды жоғалтып алу қаупі тұр. Отызыншы жылдардағы ұжымдастыру, жаппай отырықшылыққа көшу кезінде үлкен аймақтардың әр түкпіріндегі атаулар ешкім аяқ баспаған соң ұмытылып қалды. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде де жаппай қалаға көшу барысында көптеген ауыл жабылды, тозды, мал шаруашылығы құлдырады. Ауылдың айналасында сақталған көптеген атау тағы да жат бола бастады.

– Енді не істеуіміз керек?

– Ономаст мамандар арасында көптен бері айтылып келе жатқан даладағы атауларды картаға түсіру және сол арқылы оларды сақтап қалу туралы пікір қолдау тауып, биыл Архив құжаттама және кітап ісі коми­теті арнайы жоба жариялады. Жоба тәжірибелік әрі теориялық мәселелерді қатар қамтыды. Жобаны жүзеге асырып жатқан мекеме – «Ономастар одағы» қоғамдық бір­лес­тігі. «Тарихи-диахрондық әдісті қолдану арқылы ономастикалық атауларды жүйелендіру қызметі» жобасы аясында осы мәселенің шешімін тауып, біраз жұмыс қолға алынып жатыр. Мақсаты – көне атау­ларды жаңғырту, архив материалдары мен халық аузында сақталған атауларды түрлі сала мамандарымен, соның ішінде картограф, мобилографтармен бірлесе отырып қайта тірілту. Биыл Алматы, Жетісу, Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар өңірлерін аралап, біршама жоспар орындалды. Көпшілігіміздің көзімізге түсе бермейтін топографиялық карталардан алынып, дайындалған мемлекеттік каталогтегі жер-су атауларына зерттеулер жүргізілді. Шамамен 50-жылдардан бастап арнайы қолға алынған картаға түсіру жұмыстарының нәтижесі қайта қарағанда көрініп жатыр. Мысалы, жотаның атымен тауды атау, ешкімнен сұрамай қалаған атауын қоя салу, орыс тілінен калька аудару, орыс тілінің заңдарына бейімдей жазу арқылы ұлттық сипатын өзгерткен көп кемшілік анықталды.

Айталық, Абай облысындағы бір ғана жағдай – Барков Ключ (Бүкіртас), Вшивка (Шилісай), Голопузовка (Қарағансай), Ельцы (Бесқарағай) секілді География және су қауіпсіздігі институты мемлекеттік картотекада сақталған атауларды жергілікті тұрғынның бар­лығы бірдей біле бермейді. Осы аймақ­тың көнекөз ақсақалдарымен сөй­лескенімізде, олар біршамасының қазақ­ша нұсқаларын еске түсірді. Бұл – осы өңірдегі өзен, төбешік, сай, т.б. географиялық нысандардың атаулары.

Қала, ауыл, көше және тағы да басқа нысандардың атауын түгендеу қазіргі кезде өз жүйесін тауып, жолға қойылды. Ендігі мәселе – даладағы атау­ларды ретке келтіру, карта беттерінде ұлы кеңістіктің тілін қалыптастыру. Қазақ әрбір географиялық нысанға атау берген, сондықтан ұлы даланы танудың әдістемесі осы жерден басталуы керек.

– Бұл атауларды жинап, картаға түсі­ріп қоюмен іс біте ме?

– Картаға да күнде қарап отырмаймыз. Сондықтан осы бағыттағы жұмыс аясын кеңейтіп, әрі қарай жалғасын табуға тиіс. Болашағы бар деп анықталған ауылдар мен аудандардың айналасындағы атаулар жинақталып, ұмытылғандарын геогра­фиялық нысанның сипатына қарай қайта жаңғыртуымыз керек. Осы жаңғыртылған атаулар оқу бағдарламасына енгізіліп, мектеп оқушыларының география, дүниетану (өлкетану) сабақтарының кем дегенде екі сағаты бөлінсе дейміз. Сабақ кезінде оқу­шылар сыртқа шығып, ауылының айна­ласындағы атаулармен, оның шығу уәждері, этимологиясымен танысады. Кейін есейіп, ауылынан, тіпті елден алыс кетіп жатса, оны осы елмен, жермен байланыстыратын туған жердің аты бар тасы мен топырағы болады. Оқушының бала жасынан тек ауылының емес, айналасының атаулары да санасына сіңіп, өмір бойына сақталады.

– Қазақ халқы бұрын мекендеген аймақтардағы жер-су атауларын жаңаша зерттеу мәселесін көтеріп жүр екенсіз.

– Иә, шекаралық аймақтардағы, яғни Қазақстан шекараларының сыртында да дәстүрлі үлгідегі қазақ атау­лары көп кездеседі. Бұл өз кезегінде топонимдерді ареалдық әдіс бо­йынша зерттеу қажеттілігін тудыратыны белгілі. Қазақ тарихы түрлі факті­ні негізге алуға мүдделі, солар­дың қатарында жер-су атаулары да тұрады. Ха­лықтың басынан кешірген тарихы мен мекендеген аймақтарында сақталған жер-су атаулары түрлі дерек береді.

Көшпелі қазақ халқы мекендеген аймақ­тар қазіргі ресми бекі­тіл­ген мемле­кеттік шекараның ауқы­мы­нан әлдеқайда кең. Жүрген же­рі­нің барлығында әр нысанға атау беріп, кеңістікті меңгерген, осылайша мыңдаған топонимді дүниеге келтірген. Мұрасының қомақты бір бөлігі шекаралық аймақтарда жатыр, соның ішінде сызықтың арғы бетінде қалғаны да аз емес. Ол атау­лар­дың болашақта сақталу-сақталмауы белгісіз. Себебі олардың көпшілігі қазір ресми қолданыста жоқ, тек ел аузында айтылады. Сондықтан арғы замандағы түркі, бергі уақытта орныққан қазақ тіліндегі атаулар да тарихымыздың ажырамас бөлігі ретінде қаралуға тиіс. Шекара сызығының сыртында қалған ол атауларды тарихи құжат ретінде тіркеп, болашаққа аманаттау – қазақ топонимикасының алдында тұрған бір міндет.

– Ал бұл міндет қалай жүзеге асырылады?

– Жер-су атауларының таралу аймақ­тарын анықтау жалғыз лингвис­тер мен тарих­шылардың қолынан келмейді. Бұл іске географтар, соның ішінде картограф мамандардың да үлкен көмегі керек. Транс­шекаралық аймақтардағы геогра­фиялық жағ­дай­лар, нысандардың түрлері, табиғи нысандардың ерекшеліктері және олардың атауларының шығу уәждерін анықтау ке­шенді ізденістерді қажет етеді. Осы мәсе­ле­лер­дің негізінде біз «трансшекаралық топонимия» терминін ұсындық. Ол ілге­рідегідей кешенді мәселелерді күн тәрті­біне қою және оның шешімдерін іздеу барысында туған болатын. Бастысы, ұғым дүниеге келді. Біраз зерттеу жүргізіліп, алғышарты жасалды, енді ол тіл, тарих, география ғылымдарының тоғысында кешенді зерттеулерге айналуға тиіс.

Қазақ ономастикасы – елдігіміздің айғағы. Оның ауқымы еліміздің ресми шекара­сы­мен айқындалмайды. Қарап отырсақ, оның таралу аймағы өте үлкен кеңістікті құрайды. Сонымен қатар жоғарыда айтқан мәселелер де оңтайлы шешімдерді күтеді. Ол теориялық, қолданбалық және тәжірибелік мәсе­ле­лер­ді қамтиды. Сондықтан бұл тек осы сала ғалымдарының емес, барша білім, ғылым, билік жүйесінің мамандарына да қатысты.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Абзал МАҚАШ,

«Egemen Qazaqstan»