Әлемдегі ең ірі құрлықішілік су айдыны саналатын Каспий теңізі – геосаяси тұрғыдан аса маңызды стратегиялық аймақ. Оның жағалауында бес мемлекеттің әскери-теңіз күштері орналасқан. Соның ішінде біздің елдің де Әскери-теңіз күштері Каспий айдынында теңдессіз үздік саналады.
Заманауи сүңгуірлер кешені
17 тамызда еліміздің Қарулы күштеріне қарайтын Әскери-теңіз күштері (ӘТК) туының көтерілгеніне 28 жыл толды. Айтулы күнге орай Қорғаныс министрлігі бір топ елордалық журналистің басын қосып, қарт Каспий жағалауына баспасөз турын ұйымдастырған болатын. Солардың қатарында біз де әскери-теңіз күштерінің бүгінгі әлеуеті мен мүмкіндіктерін байыптап қайттық.
Сапарымыз Ақтау қаласындағы Әскери-теңіз күштерінің теңіз жаяу десанттық-шабуылдаушы батальоны аумағында орналасқан сүңгуірлер даярлауға арналған оқу-жаттығу кешені басталды. ӘТК бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, полковник Жұмабек Хасеновтің айтуынша, бұл – Каспий жағалауынан орын тепкен мемлекеттердің ешбірінде жоқ теңдессіз орталық. Оны жергілікті маңғыстаулық компания тұрғызған және қолданыстағы құрал-жабдықтарының бәрі – отандық өнімдер.
Кешен 2022 жылдың қараша айында ашылыпты. 29011 әскери бөлімі Суасты диверсиялық күштері құралдарымен күрес және су астын миналардан залалсыздандыру ротасының командирі Жәнібек Салықбаев қонақтарға кешеннің қызметімен таныстыра келе, мұнда жылына 15-20 сүңгуірді даярлауға мүмкіндік бар екенін жеткізді. Оның айтуынша, жауынгерлік жүзгіштер 3 жыл, ал суасты жұмыстарын атқаратын сүңгуірлер 2 жыл оқытылып, даярланады. «Қазір бізде матростарға оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр. Бүгін тікұшақтан секірдік. Ертең сүңгу жаттығулары орындалады. Жаңадан келгендерді 10 метр тереңдікке дейін түсіреміз. Ал оқу-жаттығудан өтіп, машықтанғаннан кейін дәрігердің рұқсатымен одан да тереңірек сүңгуге мүмкіндік береміз», дейді ол.
Жәнібек Салықбаев сүңуірлер кешені қысы-жазы қызметін тоқтатпайтынын айтады. Қыс мезгілінде су арнайы құралмен жылытылады екен. Сондықтан сүңгуір даярлау жұмыстары жыл бойы үзілмейді. Кешен жанынан сүңгуірлердің қыста және жазда киетін арнайы киімдері, құрал-жабдықтарының шағын көрмесі ұйымдастырылыпты. Соларды журналистерге таныстырған рота командирі әр заттың қандай мақсатта қолданылатынын тәптіштеп түсіндірді.
Әр саланың салты басқа
Осы күні журналистер мен сала ардагерлері Әскери-теңіз күштерінің әртекті кемелер дивизионына табан тіреп, «Орал» және «Сарыарқа» әскери кемелерімен Каспий теңізіне шықты. Біз мінген 2015 жылы пайдалануға берілген «Сарыарқа» кемесі әлі де жап-жаңа қалпында. Диверсияға қарсы бірнеше қуатты қарумен жабдықталған. Кеменің қызметімен таныса келе палубадан төменгі қабаттарға түсіп, теңізшілердің асханасы мен жатын орындарын да көрдік. Бұл жерді құдды бір жанға жайлы баспана дерсің. Теңізшілердің алаңсыз қызмет атқаруы мен демалуына барлық жағдай жасалған. Көрген адамның ішінде «Әй, мен де теңізші болғанымда ғой» дейтін арманын оятардай көрініс.
...Пирстан шыға бере біздің кемеге әлдебір жүрдек катер тарапынан шабуыл жасалды. Бұл диверсиядан қорғану қалай жүзеге асатынын көрсету үшін ұйымдастырылған арнайы қойылым болатын. Алдымен ескерту беріліп, жауап болмағаннан кейін кеменің екі қапталынан кезек-кезек шабуылдаған катерді «Сарыарқаның» сайыпқырандары ірі калибрлі «Утес» қаруымен тарсылдата оқ атып, бетін жасқап қайтарды.
Әскери кемемен теңіз айдынында жүзе отырып мына бір жайттарды да айтпай кетуге болмас. Қазақ «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» демейтін бе еді? Сол секілді әр саланың да көп адам біле бермейтін өзіндік заңдары мен дәстүрлері бар екеніне осы жолы тағы бір көз жеткіздік. Соның біріншісі – әскери кемеде ешкім отыруға болмайтын бір орын бар екен. Ол – кеме капитанының орны. Былай қарасаң, қарапайым ғана бір орын. Біз оны қайдан білейік, матростар тамақтанатын шағын асханадағы әлгі жерге әкеміздің төрінде отырғандай жайғасып алғанбыз. Артынша бұл «тәртіпсіздігіміз» үшін кеме капитаны тарапынан «ескерту» алып үлгердік.
Екінші бір салт «теңіз суын ішу», орысша айтқанда «оморячивание» деп аталады. Ол әскери кемемен алғаш жүзіп шыққан адамға теңіздің ащы суын ішкізетін өзіндік дәстүр екен. Сөйтсек, арамызда бұған дейін осы «сынақтан» өткен журналистер бар болып шықты. Бұл бізге таңсық жағдай. Жағадан бірнеше шақырымға алыстағаннан кейін шелекпен теңіздің суы алынды. Одан кейін әр адам өзін таныстырады да, кеме капитанынан рұқсат сұрап, суды ішеді. Заң бойынша кемі жарты литр су ішу керек. Алайда біздің кәсіби теңізші емес, журналист екеніміз ескеріліп, жеңілдік жасалып, бір ұрттам ғана ішуге рұқсат етілді. Осылайша, теңіздің тіл қуырар тұзды суының дәмін татып, капитанның қолынан «Теңізші» деген сертификат иесі атандық.
Су жаңа кемелер сапта тұр
Жалпы, Қазақ елінің дербес әскери-теңіз күштерінің тарихы 1993 жылдың 2 сәуірінен басталады. Президент Жарлығымен осындай әскер тегі құрылғаннан кейін оған арналған жеке құрамды даярлау мен әскери кемелерді сатып алу басталған. 1997 жылы Әскери-теңіз күштері жағалау күзетімен біріктіріліп, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне беріледі. Ал 2003 жылы Президенттің «Қарулы күштердің үш қызметтік құрылымын құру туралы» Жарлығымен Әскери-теңіз күштері ел Қарулы күштердің толыққанды үшінші тармағына айналған.
ӘКТ бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, полковник Жұмабек Хасеновтің айтуынша, қазір мұнда 3 мыңға жуық адам қызмет етеді. Құрамында 12 кеме бар, оның төртеуі – Оралдағы «Зенит» зауытында жасалған «Қазақстан», «Орал», «Сарыарқа», «Маңғыстау» атты зымыран-артиллериялық кемелер. Сонымен қатар әскери теңізшілер қарамағында «Жайық» және «Табиғат» гидрографиялық кемелері, «Алатау» рейдтік мина тасушы кемесі, «Қайсар» диверсияға қарсы катері бар. Жалпы, кейінгі уақытта Әскери-теңіз күштеріміз тек отандық кемелермен қамтылып келеді. Ж.Хасенов келесі жылы «Зенит» зауытынан тағы да 1-2 кеме сатып алу жоспарда тұрғанын айтты.
Әскери-теңіз күштері туының көтерілуіне 28 жыл толуына орайластырылған іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен осы саланың ардагерлері де шақырылған екен. Біз отандық ӘКТ құрудың басында тұрған тұлғалардың бірі, Әскери-теңіз күштерінің алғашқы бас қолбасшысы, контр-адмирал Ратмир Комратовты да осы жерден жолықтырып, пікірін білдік. Оның айтуынша, алғашқыда Ақтау қаласын кішігірім Севастопольге айналдыру керек деп жоспарланған екен. Алайда қазір Севастополь емес, бұл жер еліміздегі екінші Қорғаныс министрлігіне айналғандай. Өйткені Каспий жағалауындағы қалада Қарулы күштеріміздің үш тармағы – Әуе-қорғанысы күштері де, Құрлық әскерлері де, Әскери-теңіз күштері де шоғырланған. Олардың бәрі елдің батыс қақпасында, Каспий теңізінің қазақстандық секторында еліміздің аумақтық тұтастығын және мемлекетіміздің мүддесін қорғау күзетінде тұр.
Жылдан-жылға үлкейіп, қуаты артып келе жатқан салаға жаңа білікті кадрлар ауадай қажет екені анық. Полковник Ж.Хасеновтің айтуынша, біздің мамандардың көбі шетелдік оқу орындарында даярланады. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Еуропа елдерінде, сонымен бірге Ресейде оқиды. Ал биылғы жағымды жаңалық деп Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында теңіз факультетінің ашылуын айта аламыз. Бұдан былай Ақтаудағы Әскери-теңіз күштеріне кадрлар негізінен өз елімізде оқытылмақ.
Қазіргі таңда «Қазақстан инжиниринг» ҰҚ» АҚ құрамына кіретін «Зенит» зауыты еліміздің қорғаныс-өнеркәсіп кешені құрылымында қорғаныс саласындағы мемлекеттік тапсырыстарды орындайды. Біз Ақтаудағы іс-шара барысында зауыт директоры Қадыржан Мұқановты да кездестіріп, іргелі зауыттың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен мүмкіндіктері жайында сұрап-білген едік. Бұл мекеменің әскери кемелер мен катерлер шығарып келе жатқанына биыл 33 жыл толып отыр. Директордың айтуынша, осы уақыт аралығында зауыт 34 кеме, яғни жылына шамамен 1 кемеден шығарған. Дегенмен кеменің ең негізгі бөлшектері – қозғалтқыштары мен қару-жарағы шетелден сатып алынатынын айта кеткен жөн.
«Қазір Әскери-теңіз күштері мен шекарашылар пайдаланып жатқан кемелердің бәрі бізде жасалған. Бүгінгі таңда бір ірі жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Әскери-теңіз күштері үшін сыйымдылығы 750 тонна болатын заманауи көп функционалды көмекші кеме жасалып жатыр. Бұйырса, оны 2026 жылы суға түсіреміз», дейді ол. Айтуынша, зауыт тек қорғаныс саласындағы мемлекеттік тапсырысты орындайды, сондықтан экспортқа өнім шығару қарастырылмаған.
Каспийді жағалай қоныс тепкен бес мемлекет өзара тату. Еліміздің Әскери-теңіз күштері көршілес елдермен үнемі тәжірибе алмасып, бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізіп тұрады. Полковник Ж.Хасенов жуырда ғана Ақтауда «Бірлестік-2024» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткенін айтты. Оған Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан делегацияларының басшылары мен әскери контингенттері қатысқан. Әзербайжаннан 6 әскери кеме келген. Мұндай тәжірибе алмасулар мен бірлескен оқу-жаттығулар алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Жағалаудағы салтанат
Біз барған күннің ертеңіне, яғни 17 тамызда Ақтау қаласының орталық көшелеріне Әскери-теңіз күштерінің он шақты туы тігілді. Бұл – елімізде осындай әскер тегі бар екенін халық білсін деген белгі. Одан соң мерекелік іс-шара Әскери-теңіз күштері жеке құрамының сап түзеп, салтанатты түрде Ту көтеруінен басталды. Бұл теңізшілер бауырластығының құндылықтары мен мұраттарын бейнелейтін рәміз. Әскери-теңіз базасы, теңіз жаяу әскерлері бригадасы, авиациялық база, Әскери-теңіз күштері теңіз жаяу әскерлері десанттық-шабуылдау батальоны және Шекара қызметі бірінші дивизионының жеке құрамы Ақтау қаласының көшелерімен салтанатты шерумен өтті.
Каспий жағалауында ұйымдастырылған салтанатты рәсімде Қарулы күштер Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Серік Борамбаев пен Әскери-теңіз күштерінің алғашқы бас қолбасшысы, контр-адмирал Ратмир Комратов, өзге де мәртебелі меймандар сөз алып, қала халқы мен қонақтарын құттықтады. Сондай-ақ теңізшілерді құттықтауға Ақтауда орналасқан барлық бөлімшеден Қарулы күштердің, Әскери-теңіз күштерінің ардагерлері мен әскери қызметшілері келді.
Генерал-майор Серік Борамбаев өз сөзінде Әскери-теңіз күштерінің қолбасшылығы өз міндеттерін лайықты орындап жатқанын, бүгінде Каспий теңізінің қазақстандық секторында елдің мемлекеттік шекараларын қорғауда сенімді тірек болып отырғанын атап өтті. «Әскери-теңіз күштерінің жеке құрамы өзінің алдына қойылған оқу және жауынгерлік міндеттерді орындау үшін барлық күш-жігерін жұмсай отырып, Каспий теңізінде әскери-теңіз туын абыроймен көтеруді жалғастыратынына сенімдімін», деді ол.
Салтанатты жиында Серік Борамбаев Әскери-теңіз күштерінің дамуына үлес қосқан бірқатар әскери қызметші мен ардагерді «Ел қорғаны» медалімен, сондай-ақ Қорғаныс министрінің атынан грамоталармен және алғысхаттармен марапаттады. Марапат алғандардың бірі ардагер Ратмир Комратов: «Отанды қорғау – әрбір ел азаматының қасиетті борышы. Әскери-теңіз күштерінің арқасында елдің теңіз шебі сенімді қолда. Осы жылдар ішінде біз қуатты теңіз державасын құра алдық. Біздің кемелер теңіздегі вахтаны абыроймен алып жүретініне сенемін», деп пікір білдірді.
Іс-шара концерттік бағдарламаға ұласып, соңы Ақтау гарнизоны жеке құрамының салтанатты шеруімен аяқталды. Осы күні түнгі сағат 22:00-де Каспий теңізінің үстінде мерекелік отшашу ұйымдастырылды.