Он бес жастағы америкалық Хеман Бекеле қатерлі ісікке қарсы сабын ойлап тапты. Сол себепті «Time» журналы оны «Жыл баласы» деп таныды.
Хеман химияға алты жасынан қызығушылық танытқан. Сол кездің өзінде-ақ ол адамдарды күннің зиянды әсерінен қорғауды армандаған. Осы идеямен Хеман зерттеушілер байқауында жеңіске жетіп, 25 000 доллар көлемінде сыйақы алды. «Сабын – күнделікті қолданылатын зат. Сондықтан тері обырымен күресте тиімді нәрсе. Көп адам әлемде ашылатын жаңалықтың бәрі ашылды деп ойлайды. Жоқ, идеяның шегі болмайды. Әлемді жақсартуды жалғастыра беру керек», дейді жас ғалым.
Гүл кілем
Бельгия астанасы Брюссельдің орталығына мыңдаған гүлден алып кілем төселді. Мәңгілік тұрмаса да, мән-мағынасы зор туынды қалаға келген қонақтардың көз қуанышына айналған.
Мұндай кілемді Брюссельде екі жылда бір рет қана көруге болады. Оның өзінде арнайы бір тақырыпқа негізделеді. Ұзындығы – 77 метр, ені 24 метр болатын алып кілемді төсеу үшін биыл 130 ерікті жұмылдырылған. 500 мың Нарғызгүлден жасалған кілемді көпшілік тек төрт күн ғана тамашалайды. Одан соң суреті ашықхаттар мен күнтізбелерге басылып, алдағы екі жылда Брюссельдің басты рәмізіне айналады.
Ең алғашқы фотосурет
Адамзат тарихындағы ең алғашқы фотосурет 1826 жылы түсірілген. Атауы – «Терезедегі көрініс». Оны кадрға алған – француздық өнертапқыш Жозеф Нисефор Ньепс еді.
Шеберхана терезесіндегі көріністі фотосуретке түсіру Ньепс мырзаның 14 сағат уақытын алыпты. Суреттің сапасы нашар болғанымен, фотография тарихының бастауы осы кескіннен басталады. Ал тарихи суреттің түпнұсқасы қазіргі таңда Техас штатының Остин қаласындағы зерттеу орталығында сақтаулы тұр.