• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Тамыз, 2024

БҚО-да 50 тұрғын баспаналы болды

164 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға тиісті көмек көрсету жөніндегі тапсырмасын орындау жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Көктемгі су тасқыны салдарынан баспанасы жарамсыз деп танылған Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Подстёпное ауылының 50 тұрғыны баспаналы болды. Жаңа үйлер демеушілер қаржысына салынды, деп хабарлайды Egemen.kz

Тұрғын үйлердің кілттерін табыстау рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, қоныс иелерін құттықтады. Облыс әкімінің айтуынша, Теректі ауданында салынып жатқан 130 үйдің 50-нің құрылысы аяқталған. Қалған 80 үйдің құрылысы қыркүйек айына дейін аяқталады деп жоспарланған. Бұдан бөлек, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін БҚО-ның Теректі ауданында 30 үй сатып алынып, 395 отбасының баспанасына жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Теректі ауданы Подстепное ауылының тұрғыны Лаура Нысанованың үйі су тасқыны кезінде жарамсыз деп танылған. 

«Наурыз айының соңында үйімізді су басты. Бір қиындықтың артында жеңілдік тұрады деген шын сөз екен. Бүгін баспаналы болып отырмыз. Жарық, кең 3 бөлмелі, үлкен, барлық жағдайы жасалған үйге қол жеткізгенімізге өте қуаныштымыз. Осындай жағдай жасаған Мемлекет басшысына алғысымды білдіремін», - деді Лаура Нысанова.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Ахуалдық орталығының мәліметінше, Батыс Қазақстан облысында 775 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр, тұрғын үй сатып алу және жөндеу жұмыстары жалғасын тапты. Бүгінгі таңда зардап шеккендерге 130 жеке тұрғын үй салынып, 1128 үй сатып алынған. Ал қалған 1321 үйде жөндеу жұмыстары аяқталғаны белгілі болды.