Ел экономикасындағы жетекші саланың бірі – ауыл шаруашылығының биылғы жартыжылдық жұмысының қорытындысы белгілі болды. Салаға қатысты жалпы өнім көлемі 1,6 трлн теңгеге жеткен. Бұл өсім – мал шаруашылығындағы өнім көлемінің 3,5%-ға, өсімдік шаруашылығында өндірістің 3%-ға артуына байланысты.
«2024 жылдың бірінші жартыжылдығында саладағы тірі салмақта ет өндіру 4,1%-ға өсіп, 878,7 мың тоннаға жетті. Сүт өндірісі 4,8%-ға артып, 1,7 млн тоннаны құрады, ал тауық жұмыртқасын өндіру 0,3%-ға өсіп, 2,1 млрд дана болды. Өңірлер бойынша ең жоғары өсу қарқынын Түркістан, Қостанай, Алматы, Павлодар, Жамбыл, Қызылорда, Атырау облыстары көрсетіп отыр. Бірінші жартыжылдықта ірімшік пен сүзбе өндірісі – 16,8%-ға, өңделген күріш – 11%-ға, өсімдік майы – 9,3%-ға, ашытылған сүт өнімдері 5,6%-ға өскен. Өсімдік шаруашылығында жалпы өнім көлемі 72 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға артық. Ерте пісетін көкөніс пен дәнді дақылдар өсімге негізгі үлес қосты. Жалпы, өсімдік шаруашылығының толық қорытындысы астық жинау науқаны біткен соң белгілі болады. Сонымен қатар азық-түлік өндірісіндегі негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 5,4%-ға артып, былтырмен салыстырғанда 68,7 млрд теңгені құрады», деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Олжас Тілебалдин.
Министрлікте мал шаруашылығындағы статистиканы нақтылыққа келтіруге қатысты жұмыс аяқталған. Мұндай жұмыс өсімдік шаруашылығында жалғасып жатыр. Бүгінде Ұлттық статистика бюросы және облыс әкімдіктерімен бірлескен жұмыс нәтижесінде 2 млн мал, 3 млн тонна сүт есептен шығарылды.
Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына несие берудің жалпы көлемі алғаш рет 580 млрд теңгеге жетті. Үкімет жыл басындағы 180 млрд теңге жеңілдікті қаржыландыруға қосымша шаруаларға жылдық 5%-бен несие беру үшін 400 млрд теңге тартқан. Қарыз алуды жеңілдету үшін қаржыландырудың тағы бір арнасы – өңірлердің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары (ӘКК). Қазір елдегі 6 облыс ӘКК арқылы көктемгі егіс және егін жинау жұмысына 65 млрд теңге жеңілдетілген несие бөлген. Сондай-ақ кепіл тапшылығы мәселесін шешу үшін (оның ішінде өткен жылғы несие беру мерзімінің ұзартылуына байланысты) «Даму» қоры арқылы қарызды кепілдендіру тетігі енгізілді. Бұл қарыз сомасының 85%-ына дейін кепілдікпен жабуға мүмкіндік беріп отыр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен осы жылдың наурыз айынан бері отандық тыңайтқыштарды алдын ала субсидиялау тетігі енгізілді. Бұл – шаруаларды алдын ала отандық арзан тыңайтқыштармен қамтамасыз ететін жаңа ынталандыру тетігі. Субсидиялау мөлшерлемесі 50%-дан 60%-ға дейін ұлғайды. Бүгінде отандық тыңайтқышқа сұраныс күрт өсті. Мысалы, былтыр 676 мың тонна болса, биыл 1,5 млн тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Қазір 1,1 млн тоннасы сатып алынды», деді О.Тілебалдин.
Саладағы өнімділікті жоғары деңгейге жеткізуде маңызды фактордың бірі – сапалы тұқым. Биыл элиталық сұрыптарды пайдалану 9%-ға дейін артқан. Елдегі тұқым шаруашылығы мәселелерін шешу үшін Ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданған. Жоспарда селекция және тұқым шаруашылығындағы заңнамалық базаны жетілдіру, ауыл шаруашылығы ғылымын заманауи зерттеу әдістеріне көшіру және білім бағдарламаларын жаңарту шаралары қамтылған. Сондай-ақ құжатта аграрлық ғылымның және селекциялық-тұқым шаруашылығы субъектілерінің материалдық-техникалық базасын нығайту және тиімді тұқым шаруашылығы жүйесін құру көзделген. Жоспарды іске асыруға 63,4 млрд теңге қарастырылған.
Тағы бір жаңалық, ауыл шаруашылығы техникасын лизингке жылдық 5%-бен беруге «ҚазАгроҚаржы» АҚ үшін қосымша 100 млрд теңге тарту шаралары енгізілді. Жоспарланған қаражаттың 32,2 млрд теңгесі игерілген. Бұл бойынша қаржыландыру 450 млрд теңгеге дейін өседі.
Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесімен инфрақұрылымдық жобаларға несие беруге қаражат тарту үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары арқылы 2,5%-дық жеңілдікпен несие беру көзделген. Бағдарлама шеңберінде 100 млрд теңге сомасына 65 тауарлы сүт фермасын қаржыландыру басталды. Осы арқылы қосымша 373 мың тонна сүт өндірісін қамтуға мүмкіндік береді.
«Президент тапсырмасымен биылдан бастап бағдарлама көптеген бағытты қамтиды. Енді тауарлы сүт фермалары, суару, көкөніс сақтау қоймалары мен құс фабрикаларын қаржыландырумен қатар, тағы 8 бағыт қаржыландырылады. Оның ішінде етті мал шаруашылығы кәсіпорындары, жеміс қоймалары, өнеркәсіптік жылыжайлар, ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдете өңдеу кәсіпорындары, құс шаруашылығындағы асыл тұқымды репродукторлар бар», дейді министрліктің ресми өкілі.