Дүние үйлесімнен тұрады. Аспан әлеміндегі әр дене өз орнына өлшеніп қойылғаны соншалық, бірі орнынан жылжыса зор апат болады дейді ғалымдар. Тіпті табиғат тұтастығына зер салсақ, әрбірі қиғаш-қиғаш әріптей, қазыналы кітаптай.
«Жусан иісі» шығармасында аяғына жусан кіріп кеткен қаһарлы патша бүкіл жусанды отап тастауды бұйырады. Ханның бұйрығымен жусан біткен оталып, тып-типыл болады. Алайда мұнан кейін халық күтпеген оқиғаға тап болып, жер бетін бақа-шаян мен тышқан басады. Табиғат ананың үйлесім заңы бұзылып, бір ғана қателік адамдарға едәуір азап әкеледі. Шын мәнінде, адамзат қоғамы даму көкжиегінің бірнеше сатысына жетсе де, ұлы табиғат анамыздың құдіретіне таңғалумен, ғибрат алумен келеді.
1957 жылы 18 ақпанда Қытай коммунистік партиясының кезекті съезінде Қытайды дамытудың «Үлкен секірісі» атты бағдарламасы талқыланады. Бағдарламада ауыл шаруашылығын дамытып, халықты тамақпен қамтамасыз ету үшін торғай мен егеуқұйрықтарды жаппай жою ұсынылады. Чжоу Цзянның есебі бойынша елде өсірілетін бидайдың басым бөлігін торғайлар мен егеуқұйрықтар жейді екен. Егер олар жойылса, миллиондаған адамды тамақтандыруға және ел халқын кедейліктен алып шығатын бидай мөлшерін үнемдеуге болады. Осылайша, «Үлкен секіру» бағдарламасы бекітілгеннен кейін, торғайлар мен егеуқұйрықтарды қалай жою туралы жоспар жасалады. Бұл жұмысқа бюджеттік мекеме қызметкерлері, шаруалар, әскерилер, мектеп оқушылары мен студенттер де жұмылдырылады. Торғайлар табиғи түрде ауада 15 минуттан артық ұша алмайтынын ескерсек, онымен күресіп жүргендерге бұл пайдалы еді. Адамдар торғайларды қажыту үшін барабандармен, басқа да күшті дыбыс шығаратын құрылғылармен қаруланады. Солайша 1958 жылы наурыз-сәуір айларында бір ғана Бейжің мен Шанхайда 1 миллионға жуық торғай қырылып, Қытайда жалпы саны 1,96 млрд торғай көзден бұл-бұл ұшады. Міне, осыдан соң-ақ табиғат ананың үйлесім заңы бұзылып, тепе-теңедікке нұқсан келеді. Бұл адамдарға өз зауалын келтіре бастайды. Келесі жылдың көктемінде аумақтарды маса мен шегіртке басып алып, жолындағы барлық нәрсені, соның ішінде піспеген бидайды кеміреді. Сол жылы астық өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмен болып, арғы жылдары жағдай тіпті қиындай түседі. 1960-1961 жылдың өзінде бидай егінінің басым бөлігін шегіртке жеп қойғандықтан, ашаршылық бұрын-соңды болмаған дәрежеге жетеді. Ақыры елді аштық жайлайды...
Үйлесім заңы – Жаратушының өзі қондырған бұлжымас дүние. Ал адамдар арасындағы үйлесім, тепе-теңдік, қарым-қатынас үйлесімі – жеке әңгімеге жүк. Бұл тұрғыда ашылмаған сырлар да мол.