Қостанайдағы арматура-оқшаулағыш зауыты жоғары кернеулі электр желілерінде пайдаланылатын шыны, полимер, фарфордан құйылған оқшаулағыштар мен желілік арматура шығарады.
2014 жылы Рудный қаласында іске қосылған бірегей кәсіпорын таяуда облыс орталығына көшірілді. Бұған дейін жоғары вольтты электр желілері үшін жылына 500 мыңдай оқшаулағыш шығарып келген зауыт енді өнім көлемін 1,5 млн-ға дейін ұлғайтты. Өнімдерін Өзбекстан, Эстония, Қытай, Камерун, Тунис, Түркия, Польша, Бразилия елдеріне экспорттауды көздеп отыр.
Зауыттың атқарушы директоры Самат Мүкеновтің айтуына қарағанда, әлемде мұндай 13-ақ кәсіпорын бар. Осы он үштің ортасынан ойып тұрып орын алған Қостанай арматура-оқшаулағыш зауытының өнімдері жоғары сұранысқа ие.
«Онжылдық тарихы бар кәсіпорынды биыл Рудный қаласынан Қостанайға көшіру туралы шешім қабылданды. Облыс орталығындағы жұмысымыз табысты болады деп сенеміз. Бұған дейін де жоғары көрсеткіштерге қол жеткіздік. Жұмыскерлердің жалақысы өсті. Бұрын олар қолына 168 мың теңге алып келсе, енді 268 мың теңге алады. Жұмысшы еңбегі лайықты бағалануы керек. Біздің зауыт – еліміздегі электр желісіне арналған шыны изоляторлардың барлық түрін өндіруге индустриялық сертификатқа ие бірегей әрі жалғыз кәсіпорын. Сондықтан өз өніміміздің сапасына және қауіпсіздік талаптарына сай екеніне кепілдік береміз. Зауыт тек еліміздің емес, бірталай шет мемлекеттің энергетика саласын дамытуға барынша атсалысады. Бүгінде экспорт көлемін ұлғайтып, алыс-жақын шетелдерге өнім жеткізуді бастадық», дейді кәсіпорын басшысы Артем Бутин.
Кәсіпорынның тұрақты тұтынушыларының қатарында «Қазақстан темір жолы», «KEGOC», «ҚазТрансОйл», «Қазақмыс» сынды ірі компаниялар бар.
«Қазақстан арматура-оқшаулағыш зауыты» ЖШС – ТМД кеңістігіндегі ең ірі зауыт Оңтүстік – Орал арматура-оқшаулағыш зауытының еншілес компаниясы екенін айта кеткен жөн. Кәсіпорын қала бюджетіне салық түрінде қомақты қаржы құйып отыр. Рудныйда жұмыс істеген соңғы 4 жыл ішінде қала бюджетіне 5 млрд теңгеге жуық салық төлеген.
Оқшаулағыш зауыты, қазірше, толық циклді өндіріске көше қойған жоқ. Кәсіпорынға қажет шикізат жылына 10 млн шыны бөлшек дайындайтын Оңтүстік – Орал зауытында дайындалады. Ал арматуралар Орск – Халилов металл комбинатында құйылады.
«Соңғы он жыл ішінде 4,2 млн изолятор шығардық. Бүгінге дейін 11,6 млрд теңгеге өнім сатыппыз. Өнімдерімізді елдегі энергиялық компаниялардың бәрі алады. Жалпы, елімізде изоляторларға сұраныс жоғары. Осы сұранысты өтеу үшін жылына 1 млн-ға жуық оқшаулағыш шығаруымыз керек. Отандық компаниялардан артылғанын Ресейге, Әзербайжанға, тіпті Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде Қытай компаниялары салып жатқан нысандарға да жібереміз», дейді зауыт басшысы.
Оқшаулағыштар арнайы вибрациялық станоктардың көмегімен дайындалады. Одан кейін арнайы құрылғы арқылы дайын өнімнің беріктігі сыналады.
«Мұндай құрылғымен жұмыс істеу аса қиын емес. Тек технология мен қоспа мөлшерін қатаң сақтап отыру керек. Шыны және фарфор изоляторларды нығайтқыш цемент ерітіндісін дайындау барысында қажет қоспалар микронмен өлшенеді. Одан артық ештеңе қосуға болмайды. Өнім дайын болған соң, жеті тәулік бойы кебеді. Одан кейін оқшаулағыш бойындағы бүкіл ылғалдан ада болғанша, тағы да жеті күнге арнайы камераға саламыз. Одан кейін изоляторлар сынақ цехына жіберіледі», дейді атқарушы директор Самат Мүкенов.
Кәсіпорын алдағы уақытта электр бағанасына желі бекітетін арматураны өзімізден шығару мәселесін қарастырып жатыр.
Қостанай облысы