• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өнер 23 Тамыз, 2024

Құпияға толы туындылар

106 рет
көрсетілді

«Еvigilatio» – абстрактілі көркемсурет жанрын жандандырып жүрген суретші Наргис Рахманованың кезекті көрмесінің атауы. 2016 жылы Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде өткен көрмесімен салыстырғанда, бұл көрменің елеулі ерекшелігі бар – суретші ою-өрнек пішіндері мен құрылымдарының маңызын түрлі көзқарас тұрғысынан қарастырып, белгілер мен дыбыстарға ерекше көңіл бөліп, оны материалдық әлемнің өнімі рөлінен жасампаздық күші бар киелі ұғыммен алмастырады.

Берлин, Нью-Йорк және Алматы қалаларында алма-кезек өмір сүріп, үш елдің арасында жұмыс істейтін алматылық суретші үшін оның жаңа туындылары 2016 жылғы «Мен көшпендімін» көрмесінде ұсынылған мультимедиялық инсталляцияларының идеясымен өзектес. Шындықты ішкі түйсікпен қабылдаудан және оның тұжырымдамалық талдауынан басқа, Наргис өзінің жаңа жұмыстарында математика мен музыка саласындағы заманауи зерттеулерді біріктіреді. Оның Шығыс ою-өрнектерінің геометриялық құрылымдарының қайнар көзін, олардың терең мағынасын іздеп, шығармашылығына арқау етуі – сурет өнеріндегі тың тәсіл. Суретшінің бұл ізденісі дәстүрлі ою-өрнектерге өзгеше реңк беріп, көшпелілердің ежелгі мәдениетінен шабыттанған өнер туындыларында жаңа кейіппен жалғасын тауып, іштей сабақтасып жатыр. Мыңжылдықтар дәуірін бастан кешкен қазақтың дәстүрлі ою-өрнегі мен таңбаларынан қазына, тұспал, код, шифр іздеген суретші ұлттық ұғымды тереңдетіп, қылқалам құдіретімен оның адам өміріне әсерін баяндайды.

Тұтас қабырғаның жартысына ілінген «Геометрия дыбыстары» топтамасына жататын шығармалары тамашалаған жанды аз-кем аялдатады. Суреттерде автор аккордтар мен дыбыс реттілігінің арақатынасын сипаттайды. Ірі нүктелермен көмкерілген «Кенеп» картинасы бидайдың төгілген алтын дәнін еске салады. Ал «Мен – дауыспын» атты туындысы Морзенің әліппесі секілді, бірақ заманауи компьютер бағдарламасының мазмұнын ашқан цифрлар секілді белгілі бір өрнектің негізін сандар тізбегімен айқындайды.

«Бұл көрмеде Наргис өзінің «originem» – цифрлық жаңа туындылар сериясын ұсына отырып, параллель жүргізіп, ежелгі ою-өрнектер мағынасының тереңдігіне сүңгітіп, өз аудиториясына олардың ұғымын қайта безбендеуді ұсынады. «Evigilatio» өнердің мазмұнын бөгде адамдардың араласуынсыз ашып, көрерменді жұмбақ құбылыстардың құпиясына бойлатып, бүгінгі қалыптасқан тү­сініктер мәнінің мүлде басқада екенін меңзейді» дейді көрменің кураторы Г.Жұбанова.

 

АЛМАТЫ