Түркістан облысында бірінші жарты жылдықта есірткіге қатысты 423 дерек анықталған. Өңірлік Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының міндетін атқарушы Амангелді Бурхановтың мәлімдеуінше, ірі көлемде есірткі сақтау бойынша – 8, есірткі контрабандасына қатысты – 121, құрамында есірткі заты бар өсімдіктер тәркілеуге қатысты 49 дерек анықталған.
Жыл басынан бері есірткі айналымынан 200 кило 776,57 грамм тәркіленген. Заңсыз есірткі айналымынан алынған заттардың ішінде марихуана – 190 килодан аса, героин – 1,06, гашиш – 275,5721, синтетикалы 1 кило 8,7292 грам тәркі-ленген.
Полиция қызметкерлері есірткіге шалдыққандардың жасы жыл өткен сайын жасарып келетінін айтып, дабыл қағып отыр. «Жастарды алдайтын да, арбайтын да есірткіні заңсыз сатушылар мен өсірушілер. Жасөспірімдер арасындағы нашақорлыққа салынудың себептері сан түрлі. Есірткіні заңсыз сатқандар мен үйінде өсіргендер қамауға алынып жатса да, өзгелерге сабақ болмай отырғаны қынжылтады», дейді А.Бурханов.
– Есірткісіз қоғам құру – елдегі әрбір азаматтың алдындағы міндет. Есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткі заттарының таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретіні бәріңізге белгілі. Осыған орай мектептерде есірткіге қатысты түрлі іс-шара көптеп өткізіліп келеді. Жасөспірімдерге есірткінің зияны туралы айтылатын пайдалы жиындарды өткізу арқылы олардың есірткіге тәуелді болмау жолдарының алдын алуға болады. Бүгінде облыстық білім беру ошақтарында түрлі семинар, дәріс, дөңгелек үстел, сондай-ақ ата-аналардың қатысуымен іс-шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналған. Біз күш біріктірудің арқасында өскелең ұрпаққа оң ықпал етіп, саламатты болашақты қамтамасыз етуге ұмтылуымыз қажет, – деді ол өз сөзінде.
Ата-анасы ауқатты жасөспірімдерді есірткіге әуестендіру – нашақорлар мен есірткі сатушылардың басты көздегені осы. Олар алдымен наша шегуді немесе естен тандыратын дәрі ішуді ұсынады. Еліктегіш жастар бастапқыда тек дәм татып көруі мүмкін. Олардың бірі қызық көруді қаласа, екіншісі басқалардан қалмауды, тағы бірі өзін ересек көрсеткісі келсе, ендігі бірі қиындықтан қашып, ләззат аламын деп ойлайды. Бара-бара жасөспірім нашақорға айналады.
– Жастар арасындағы есірткіге әуестік көбінде білместіктен басталады. Жасөспірімдер қоршаған ортасының кері әсеріне иланғыш келеді. Іс-әрекетінің салдарын дұрыс болжамау, жеңілтектік, мінез-құлық пен дүниетанымның толық қалыптаспауы, сенгіштік, еліктеу – есірткінің дәмін көруді тудыратын себептер. «Топтық психология» деген ұғым бар. Жастар арасында біреуі есірткі немесе шараптың дәмін татқан болса, уақыт өте топтың өзге мүшелері де есірткі мен алкогольге әуестене бастайды, – дейді А.Бурханов.
Жақында тәртіп сақшылары скутер мінген жігіттен мефедронның 200-ден аса дозасын тәркілеген. Жедел-іздестіру шаралары барысында синтетикалық есірткі қойып кетуші – Шымкент қаласының тұрғыны ұсталады. Жедел уәкілдер скутер мінген жігітті тексеру кезінде оның сөмкесі мен қалтасынан 130-дан аса синтетикалық есірткі салынған орама тапқан. Ал күдіктінің үйін тінту кезінде синтетикаға, сондай-ақ гашиш пен марихуанаға ұқсас ұнтақ заты бар 8 орама табылған. Тәркіленген синтетикалық есірткі мефедронның 200 дозасын құрайды. Қазіргі уақытта бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
«Қазіргі таңда, жастар тасымалдау қызметінде жұмыс істеп ақша табуға әуес. Жұмысқа алған адам алғашында қандай затты тасымалдайтынын айтпауы да мүмкін. Әрбір затты апарып, жасырып қойып кеткеніне қомақты қаржы алып жүрген жеткіншек ертеңгі күнін ойламайды. Есірткі затын тасымалағаны үшін заң алдында жауап беретінін есінен шығарып алып жататын жастар да бар», дейді мамандар.
Осыған орай өңірлік тәртіп сақшылары оқушылар мен студенттер арасында есірткінің зияны жайында түсіндірме жұмысын ұдайы қолға алып келеді. Сонымен қатар есірткіге қатысты қылмыс пен құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында интернет кеңістігінде мониторинг жүргізіліп келеді. Соның ішінде хабарлама жіберу арқылы психобелсенді заттардың жарнамасын тарату фактілерін анықтауға ерекше назар қойылып отыр. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде синтетикалық есірткі таратқан 150 ақпараттық сайт бұғатталса, алдын алу іс-шаралары барысында есірткіге тәуелділердің саны төмендеген.
Раушан НАРБЕК
Түркістан облысы