• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Президент 27 Тамыз, 2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Париж Олимпиадасының жүлдегерлерімен кездесті

150 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиынға қатысушы спортшылар мен бапкерлерді Париж Олимпиадасындағы жетістіктерімен құттықтап, әрбір жеңіс зор ерік-жігер мен қажырлы еңбектің жемісі екеніне назар аударды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің жеңісіне ерекше тоқталды.

«Ол байрақты бәсекенің алғашқы күндері Жақсылық Үшкемпіровтің даңқты жолын жалғады. Ел тарихында тұңғыш рет дзюдодан Олимпиаданың алтын медалін алды. Елдос бауырым, сен Олимпиадаға аттанар алдында маған және барлық спорт жанкүйерлеріне бар күш-жігерімді жеңіске жету үшін жұмсаймын деп уәде бердің. Сөзіңде тұрдың. Нағыз жігітсің! Біз бәріміз сені мақтан тұтамыз. Шын мәнінде, қатарынан үш рет Олимпиада жүлдегері атану – нағыз чемпионның қолынан келетін ерлік. Сенің жеңісті жолың спортшыларымызға жігер берді, барша халқымызды қуанышқа бөледі», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев төртжылдықтың додасынан жүлдемен оралған өзге спортшыларға, бапкерлер мен атлеттерді дайындауға үлес қосқан азаматтарға алғыс айтты.

«Нариман Құрбановтың күміс жүлдесін тарихи жетістік деуге болады. Гимнастика шеберлері тұңғыш рет Олимпиада биігін бағындырып отыр. Демеу Жадыраев пен Нұрбек Оралбай тамаша өнер көрсетті. Мергендеріміз Александра Ле мен Ислам Сәтбаев нысана көздеуден қола медаль алды. Бұл – 28 жылдан бері еліміздің осы спорт түрінен алған алғашқы жүлдесі. Балуан Ғұсман Қырғызбаев пен боксшы Назым Қызайбай жүлдегерлер қатарына қосылды. Жалпы барлық мемлекет Олимпиадаға ең мықты спортшыларын жібереді. Шын мәнінде, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, әлемдік бәсекеде жеңіске жету оңай емес. Мұндай жаһандық додада ел қоржынына түскен әр медальдің орны айрықша. Сондықтан бүгін мен Олимпиада жүлдесіне ие болған барша спортшыларымызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жеңіс жолында спортшы ғана емес, сол саланың көптеген мамандары да тер төгеді. Мен бапкерлерге, спортшыларды дайындауға үлес қосқан басқа да кәсіп иелеріне алғыс айтамын. Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылары жұмысқа жаңа серпін беріп, халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін маңызды қадам жасады. Жауапты сәттерде спортшыларымыздың қасында болып, қолдау көрсетті. Ұлттық Олимпиада комитеті бастаған істі жалғастырып, алдағы уақытта нақты нәтижеге жетеді деп ойлаймын», деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Париждегі бәсеке олимпиадалық спорт түрлерін одан әрі қолдау маңызды екенін көрсетті.Өйткені кейбір спортшыларымыз жеңіс тұғырына қолсозым жерден тоқтады, үздік ондықтан көрінді. Бұл олардың шеберлігін әрі жеңіске деген ерік-жігерін байқатады. Әйтсе де, Мемлекет басшысының пікірінше, кәсіби спортта шешімін күткен түйткілді мәселелер де баршылық.

«Мемлекет ең жоғары деңгейдегі спортшыларды дайындауға жеткілікті мөлшерде қаржы бөледі. Сондықтан жұртшылықтың халықаралық жарыстарда кейбір спорт түрлерінен жүлде күтуі – заңдылық. Салалық ведомство спорттың олимпиадалық түрлерін дамыту ісінде кеткен жүйелі қателіктерді егжей-тегжейлі талдауға тиіс. Кешенді реформа жасайтын уақыт келді. Ал оны жүзеге асыру үшін құзыретті министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті және спорт федерациялары үйлесімді әрекет етуі керек. Спортта әділ бәсекелестік рухы салтанат құруы қажет. Жемқорлықпен табанды түрде күресіп, жоғары нәтижеге қол жеткізуге кедергі келтіретін протекционизм секілді факторлардан іргені аулақ салған жөн», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы бұқаралық, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер спортына баса мән беру қажет екенін айтты. «Бұл – өте маңызды міндет. Себебі бұқаралық спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы, ұлт саулығын жақсартамыз. Сондықтан мемлекет спорт инфрақұрылымын дамыту үшін тиісті қаражат бөлуде, яғни балалардың жастайынан алаңсыз спортпен шұғылдануына қажетті жағдайды жасап жатыр. Еліміздің аймақтарында 20 мыңнан астам спорт алаңдары жұмыс істеп тұр, 16 мыңнан аса арнайы кешендер мен залдар бар. Осы нысандардың барлығы толыққанды қызмет етуге тиіс және спортпен айналысамын деген әрбір адамға қолжетімді болуы керек. Барлық облыс орталығында және аудандарда футбол, бокс, күрес, баскетбол, волейбол, садақ ату, үстел теннисі, шахмат және тағы да басқа танымал спорт түрлерінің секциясы болуға тиіс. Бұл – әкімдердің міндеті. Ал Үкімет спорт нысандарының жұмыс тиімділігіне сараптама жүргізіп, осы мәселе бойынша тиісті шаралар қабылдағаны дұрыс», деді Президент.