Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингтің тақырыбы «G-Global жасыл экономика және даму коалициясы» болды.
Журналистерге атқарылған жұмыстар жайлы әңгімелеген «Жасыл» экономика үшін және G-Global-ды дамыту коалициясы» ЗТБ атқарушы директоры Асхат Сүлейменов: «2014 жылдың ішінде Қазақстанның барлық аймақтарын қамтитын 20-ға жуық жасыл жобаларды жүзеге асырып, оң нәтижелерге қол жеткіздік. Коалицияның Ұлыбританиядағы арнайы өкілі біздің жобаларымызды, Қазақстанның жасыл бастамаларын халықаралық деңгейде таныстырып, жобаның тұсаукесерін өткізді», дей келе, коалицияның қарқынды жұмысының арқасында елімізде «жасыл экономика» негіздерін үйрететін оқулық курсы, қазақстандық «жасыл компаниялардың» алғашқы каталогы, еліміздің «жасыл экономикадағы» әлеуетін дәріптейтін бейнефильмдер, «жасыл экономика» тақырыбына арналған бірнеше интернет порталдар пайда болғанын жеткізді.
Сонымен қоса, ол халық арасында «жасыл экономиканың» басым бағыттары мен қолжетімділігін насихаттауға бағытталған іс-шаралар, түрлі деңгейдегі конференциялар мен дөңгелек үстелдер тұрақты түрде ұйымдастырылып отыратынына тоқталып, шаралардың қорытындысы ретінде коалицияның әрдайым заңнамаға, мемлекеттік бағдарламаларға өзгеріс енгізу жөніндегі және басқа да ұсыныстарын Парламентке, Үкіметке жолдап отыратынын да қаперге салып өтті. Одан әрі шешен жасыл технологияларды тұрмыстық деңгейден халық санасына сіңіруге бағытталып жасалып жатқан жобалардың да баршылық екендігін айтып, олардың ішінде ауылда жұмыссыз отырған әйелдердің өз істерін ашуларына мүмкіндік беретін, осылайша ауыл өмірінің сапасын арттыруға үлес қосатын жобалардың әлеуметтік маңызының ерекшелігіне тоқталған.
Брифингте мәлім болғандай, «Әлеуметтік динамика» қоғамдық қорымен бірлесе осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған жоба барысында ауылда тұратын әйелдер «жасыл» кәсіпкерлік негіздеріне оқытылумен қатар, өз істерін бастаған әйелдерге кеңестік және әдіснамалық қолдау да көрсетіліпті. Жоба шеңберінде ұйымдастырылған байқау нәтижесінде ең үздік бизнес идеясы бар әйелдерге өз ісін ашуға грант беріліп тұрған. Осы уақытқа дейін жобаны жүзеге асыру барысында 70-тен аса тренинг өткізіліп, оған 3400-ден астам әйел қатысқан. 12 әйел өз шағын бизнесін ашып үлгерген. Бірінші жылы байқау Алматы және Астана көлемінде ғана өткізілсе, былтырғы байқау республикалық деңгейді қамтыған екен. Мысалы, былтырғы конкурс жеңімпаздары экоөнімдер шығару, экоматадан сөмке тігу, күн сәулесін қолдану арқылы органикалық өнімдерді кептіру (саңырауқұлақ, жеміс-жидек және т.б.), биогумус өңдеу, вермикомпост және т.б. бағыттарда өз шағын бизнестерін ашыпты.
Асхат Сүлейменов биылғы жылы «Жасыл» экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы осы ретте 9 грант бөлетінін, жобасы үздік деп танылғандардың әрқайсысына 720 мың теңге қаражат қарастырылып отырғанын да айтып өтті. «Бүгіннен бастап, «жасыл» бизнес-идеялары бар және өз кәсібін ашқысы келетін жұмыссыз әйелдер ccb.kz сайтында бизнес конкурсқа қатысу үшін өтінім жіберулеріне болады. Конкурс аясында қатысушы әйелдерге бизнес негіздері бойынша сабақтар жүргізіліп, ең үздік бизнес-жоспар жасағандарына ақшалай ынталандыру сыйлықтары беріледі. Байқауға қатысуға ниеттілер 2015 жылдың 1 наурызына дейін өтініш тапсыра алады. Конкурсқа қатысу үшін жұмыссыз әйелдер жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі немесе өзінің шағын кәсіпорнын ашады. Бизнес-жоспар жасап, ұйымдастыру комитетіне жіберсе, конкурс аясында «жасыл» бизнес-идеялар артықшылыққа ие болады», – деді ол.
Брифингте Coca-Cola белестерi бағдарламасының аясында экосөмкелер шығаруға мүмкiндiк алған Жанар Байболова: «Конкурсқа экоматериалдан жасалған экосөмкелер жобасымен қатысқан болатынмын. Бұл жоба экологиялық тұрғыдан өндiрiс уақытында да және оны пайдалану кезеңдерiнде де экологиялық таза өнім екендігімен ерекшеленеді. Яғни, өндiрiстiң барысында бiз қолданып отырған қажеттi өнiмдер, технологиялар экологиялық таза. Бұл өнiмдердi қолданатын әйелдер мен балалардың денсаулығына тиетін ешбiр зиян жоқ», – деп өз кәсібін ашуға қолын созған жобаны ұйымдастырушыларға алғысын айтты.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».