Қызылорда облыстық прокуратурасы азаматтар қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықтың алдын алатын «Қылмыссыз өңір – кемел келешек кепілі» жобасын бастап кетті. Мүдделі мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіріп, заңдылық пен құқықтық тәртіпті күшейтуге бағытталған бастаманың таныстырылуында прокурорлар жүргізілген талдау нәтижелерін жария етті.
Жобаны әзірлеуге өңірде жекелеген қылмыстардың өсіп, жалпы тіркелген қылмыстың 5%-ға артқаны себеп болып отыр екен. Талдау нәтижесі облыс орталығында орналасқан көңіл көтеру орындарында жиі қылмыс болатынын көрсетіп отыр. Жыл басынан полиция органдарына осындай орындардан 2 700-ден аса хабарлама түсіп, 50 қылмыстық, 1 633 әкімшілік іс қозғалыпты.
Қылмыстың барлығы 24:00 мен таңғы 5:00 аралығында тіркелетініне назар аударған облыс прокуроры Ризабек Ожаров түнгі клуб, мейрамхана мен дәмхана жұмысының кестесін қалыптастырып, күзет қызметін пайдалану және бейнебақылауды орнатуға бағытталған меморандум жасасу мәселесін пысықтау керектігін айтты.
Облыстық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының басшысы Бауыржан Тоқмырзаның хабарламасында аудандардағы жергілікті атқарушы органдар мен мейрамхана, дәмхана иелері арасында жұмыс кестесін қысқартуға жасалған келісім жақсы нәтиже бергені айтылды. Бірақ облыс орталығындағы көңіл көтеру орындарында жасалған қылмыс саны азаймай тұр. Олардың көбінде демалуға барған адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жасалмаған. Мысалы, Қызылордадағы «Мак» дәмханасында ішімдікке тойып алған қала тұрғыны еш себепсіз бір азаматқа пышақ сілтеген. Дәл осы дәмханада ащы суға мелдектей тойғанның бірі демалушылардың бірінің ұялы телефонын тартып алған. Шұғыла шағын ауданы тұрғындарының да айналасын әр түн сайын азан-қазан қылып жататын дәмхана иелеріне айтар шағымы көп.
Облыстық Қоғамдық тамақтандыру және қызмет көрсету саласы қауымдастығының жетекшісі Ақмарал Әбдіразақованың дерегінше, облыс орталығының өзінде 170-тен астам мейрамхана мен дәмхана бар. Соның салықты уақтылы төлеп, заң белгілеген талаптарды бұлжытпай орындайтын 25-і ғана қауымдастыққа мүше. «Пандемия кезінде «Ashyk» қосымшасы арқылы қарағанымызда, мейрамхана, дәмханалардың 70%-ында салықтық тіркелім, лицензия мен СЭС қызметі беретін рұқсат жоқ болып шықты. Ортақ талапқа бағынбай, басқаларға кесірін тигізетін көріністің бәрі – сондайлардың тірлігі. Бірақ оларды ешкім «көре» қоймайды. Тексерушілердің заң талаптарын сақтап отырған мейрамхана, дәмханаларға шүйліге беретіні біз үшін түсініксіз. Жаңағыдай көлденең табыс тауып жатқандарды кәсіпкер деуге де аузың бармайды. Осы мәселені аяқсыз қалдырмай, көлденең табыс тауып жүргендерді бір жағына шығарған дұрыс», дейді Ақмарал Мақсұтқызы.
Жергілікті полиция қызметінің басшысы Ердәулет Жәукеев облыс орталығындағы 80-нен астам осындай орынның 20-ға жуығы тәулік бойы жұмыс істейтінін айтады. Жарақты күзеті тұрмақ қалқайған қарауылы да жоқ көңіл көтеру орындарында ұрлық-қарлық та, бұзақылық пен ауыр қылмыс та жасалып жатыр.
«Шын мәнінде бұлар ас ішіп, тынығатын емес, арақ ішіп, жұрттың мазасын алатын орындарға айналып барады. Біз жүргізген зерттеу тойдан «тоймай» шыққандардың осындай жерлерге жиналатынын көрсетіп отыр. Демалыс пен мереке күндері облыстық полиция департаменті мен қалалық полиция басқармасының аппарат қызметкерлерінен жасақталған топ таңға дейін осындай дәмханалар маңын күзетуге мәжбүр», дейді Ердәулет Баянбайұлы.
Тиісті орындар өкілдері қатысқан жиын қорытындысында облыс прокуроры Ризабек Ожаров іс-шаралар жоспарын бекітіп, жергілікті атқарушы және полиция органдары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, Ардагерлер кеңесімен бірлесіп жұмыс тобын құрып, жоспардың орындалуын бақылауға алуды тапсырды. Заңды талаптың сақталуына кедергі жасап отырған «кәсіпкерлерге» енді тыйым болатын шығар.
ҚЫЗЫЛОРДА