• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Сатира 29 Тамыз, 2024

Көрсоқыр (Зағип жанның монологі)

99 рет
көрсетілді

Бұл халге душар боламын деп ойлады дейсің бе? Бір-ақ күнде зағип болып, жанарды жалынға беріп, көрсоқыр қалпы сипаланып қал­ғаны мынау.

Бұған дейін қызмет қылған соқырлар үйіне өзі де тап бола­мын-ау деген өңі тұрмақ, түсіне де енбепті. Ойпыр-ай, шапқылап жүріп зағип жандарға қызмет қылғаны кеше ғана еді, енді, міне, өзінің біреуге күні қарап, қапаланып отырған жайы бар.

Зағиптар үйіне жаңадан тап болған бұған мұның орнына келген азамат тиісті керек-жа­рақтарын атап, табыстап жатыр.

– Мынау киім-кешектеріңіз, матасы мықты, Мысыр елінікі, – дейді.

Өзі алған зат, Мысырдан әдірем қалсын, көрші Қытайдың көр-жерін біледі... Е, өзіне де обал жоқ, мүмкін осылардың көз жасы ұрды ма екен... Алынуға тиіс заттарды ең арзаннан алып, іс-қағазға қытайдікін – Мысырдікі, қырғыздікін Оңтүстік Корейдікі  деп... Осы сияқты етіп сапырылыс­тырып, айырма ақшадан араны ашылып арындап-ақ еді...

– Етігіңіз Италиянікі, – дейді... Ит арқасы Италияда несі бар: «Оу, бұл мына тұрған Бішкектікі ғой, бағасы сен айтып тұрғандай емес!» деп тепсінгісі бар... Өзі алған зат, өз қолын өзі кессін бе?

– Ән-әуен, хабар-ошар тыңдауға қалай едіңіз, мынау жапонның магнитофоны, – деп қолына ұстатқан болды.

Сипап «көріп» алақаны арқылы көрші елдің таныс қондырғысы екенін жазбай таныды.

...Қайсыбірін айтсын, ол әр берген затының мақтауын майын тамыза табыстап-ақ жатыр. Бұл алған әр затының қитұрқы қыр-сыры өзіне мәлім болғандықтан, амалсыз ауыз буулы, қыжылы ішінде, бармақ шайнағаннан басқаға дәрмен жоқ...

Әсіресе күні-түні қасында, ашса алақа­нында болатын таяғын: «Арнайы Америкадан алдырттық» дегеніне де күйіп кетті. Енді қайтсін, іс-қағазды өзі толтырған, ондағы әр таяқтан түскен он мың теңге есінде ғой. Бәрін айт та, бірін айт, сорақысы – осындай халге душар боларда операция жасайтын құрал көрші елдің көр-жері екенін біле тұра, оны анау алыстағы алпауыт елдегі аппарат құнымен бағаланып алғандары жанына батады... Жаңа жыл жылт еткенде Қытайдың жарық беріп жалт еткіш жарылғыш затын осындағы ортада отырып жағып көріп, жалынға оранып, өрті сөндіріліп, тіке ұшқан ұшқын жанарын шарпып... іле-шала «шала сауатты» көршінің аппаратында операция жасалынып... болатынды болдырмай, боздатып өтті емес пе? Бүйткен аппаратына болайын, оны алғандағы айырмаға мінген жеңіл көлігінің енесін ұрайын...

...Бұған заттарын табыстап отырған да бекер емес, көр-жерді білетін «көсем» болуы керек, оңаша отырғанды пайдаланып, бұны өзімсініп жартылықтың тығынын ашып қырлы үремкеге құйып, алып қоялық дегенінде:

– Маған неғып аз құйдың? – деп еді, анау барлай қарап: – Қалай білдіңіз? – деп таңыр­қағанда:

– Менікіне құйылғанда «құлқ-құлқ» үш рет, сенікіне бес рет болды! – деп, бұл мұндағы алғашқы білгіштігін байқатты...

 

Берік САДЫР