V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары басталатын күн таяп қалды. Этностық спорт түрлерінен өтетін дүниежүзілік додаға әр аймақтан қатысатындардың да қатары көп. Көшпелі жұрт өркениетін қайта жаңғыртуды көздеген ойында Сыр өңірі атынан сынға түсетіндер Астанаға жол тартты.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Сыр ана» монументіндегі «Бірлік керуені» іс-шарасына қатысып, ойыншыларға сәттілік тіледі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстандағы Дүниежүзілік көшпелілер ойындары ірі оқиға болмақ. Олар ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын насихаттау үшін де, бауырлас халықтар – Ұлы дала көшпелі өркениетінің мұрагерлері арасындағы мәдени және гуманитарлық байланыстарды кеңейту үшін де маңызды», деп атап өткенін білесіздер. Дүниежүзілік көшпелілер ойындары аясында бүгінге дейін түрлі деңгейдегі 80-нен аса іс-шара ұйымдастырылды. Су алу рәсімі көнеден керуен тартқан, көшпелілер өркениетінің тарихынан сыр шертетін қарт Қаратаудың етегіндегі Сауысқандық шатқалында өткізілді. Бағзы бабалардан қалған археологиялық мұра – Сауысқандық петроглифтері қадым заман куәгері. Біздің заманымызға дейінгі ІІ мыңжылдық басында Ұлы даланың байрақты ұлдары өмір тіршілігін тасқа қашап жазып, әлемдік руханият пен мәдени мұраға өлшеусіз үлес қосқан шатқалдан басталған су алу рәсімі бүгін Қызылорда қаласында жалғасын тауып отыр. Сыр өңірінен Астана қаласына аттанатын киелі суды жеткізетін батырларымыздың, сенім артқан елшілеріміздің сапары сәтті болсын», деді өңір басшысы.
Нұрлыбек Нәлібаев керуен көшбасшысы, «Қазақстан барысы» Мақсат Исағабыловқа торсыққа құйылған суды табыстап, сайыста сәттілік тіледі.
«Сыр ана» монуметінде ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға жиылғандар Сырдан елордаға аттанатын батырлар мен елшілер керуенін қошеметпен шығарып салды. Сән-салтанатымен сапарға аттанған керуен Бейбарыс сұлтан даңғылымен жүріп өтіп, жолға түсті.
Сананы серпілтіп, тарихи жадты жаңғыртатын ауқымды іс-шарада Сыр өңірінің атынан 3 спорт түрінен 4 жерлесіміз сайысқа түседі. Жалпы, 7 күнге созылатын жарыстарға 100-ден аса елден 3 мыңға жуық қатысушы келеді.
ҚЫЗЫЛОРДА