• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Таным 02 Қыркүйек, 2024

«Еламан» кетті дегенше…

192 рет
көрсетілді

Бірде журналистік сапармен Аралдағы Қаратереңге жол түсті. Ке­лерімізден алдын ала хабары бар сол кезгі ауыл әкімі Серікбай Жұба­ния­зов пен бала күнгі дос Ерболат күтіп алды. Басты мақсат – теңізге құяр «Ақлақ» су тоспасы мен «Көкарал» бөгетін көзбен көрмекпіз.

Ерболат ауыл әкімінің қызметтік көлігін тізгіндегелі біраз болған. Одан бөлек, әкесі Бақтыгерейден көрген балықшылық өнері де бар. Бала күннен сіңген әдет оны сенбі, жексенбіде үйде жатқызбайды. Енді, міне, біз келеді деп қара қазанға балық қуыртып, екі кештің арасында қонақ қылып күтіп жатыр.

– Теңіздің тыраны майлы. Сонысына қарамай қылтығы көп. Майда тікенін абайларсың, – дедім әріптесім Нұр­болатқа.

– Бүгін жеп жүрген жоқпыз ғой. Осылай деді де, семіз шабақтың басын омырған күйі алдына қарай тартты.

– «Еламан» сүйекті байқа…

– Ол не еді?!

Расымен ол не еді? Қандай сүйек? Ойыма балықшы ауылдан естіген әңгіме келе берген.

Әңгіменің әлқиссасы балықтан басталды емес пе? Балықта «еламан» деген сүйек бар. Сағалдырық тұсында болады. Ортасы жалпақ, екі жағы үшкір, ұзындығы екі-үш елідей, жалпы балық көлеміне қарай өлшене береді. Сіз тікені бар деп тыжырынып жемейтін балықтың басқа сүйегі тамаққа кетсе, не әрі, не бері, әйтеуір, шы­ғарып аламыз. Ал мына еламан сүйек кетті дегенше… Еліңе сәлем айта бер! Беті аулақ, бірақ бұл бәле өңе­шіңізге байқамай кетсе, жұтынған сайы­н тамаққа қадала беретін көрінеді. Түбі ажалға әкелетін осы сүйекке бола халық арасында балықтан тағам істесе, қонаққа шақырмайтыны сондықтан…

Бұл өткен дәуірдің әңгімесі. Тыңда­ңыз. Теңізге жақын орналасқан ба-лықшы ауылға қыз айттырып, алыстан құдалар келіпті дейді. Келген қонақ­тарға таңсық ас – балық дайындалған көрінеді. Дәмді балыққа құдалар сүйсіне қол созып, ет жегендей еңсере бастайды ғой баяғы. Сол кезде әлгі қызға келген күйеудің тамағына балықтың сүйегі байқаусызда кетіп қалыпты. Ол байғұс қақалып-шашалып қинала бастаған. Мұны көрген ел әбігерге түсіп, улап-шулап, істемеген амалдары қалмайды. Сол кезде ұзатылғалы отырған балықшының қызы, қалыңдық келіп, күйеудің алдындағы жеген балы­ғының сүйегін аударыстырса керек. Сөйтсе, әлгі еламан сүйек жоқ. Бағы ашылмаған қыз сол жерде сылқ етіп отыра кетіпті. Қадалған жерінен шықпайтын сүйектің жайын білетін балықшы ауылдың қызы болашақ күйеуден күдер үзіп, «Еламан сүйек кетіпті, еліне сәлем айта бер» деп көз жасын төге берген көрінеді. Міне, бірауыз сөздің тарихы осы.

Айтпақшы, үлкендерден мынадай бір естіген дерегім бар. Ілгері уақытта бір ағамыздың тамағына осы сүйек кетсе керек. Аласұрып жатқан кісіге көпті көрген бір ақсақал ауыл ішінен бауырын жаңа көтерген иттің күшігін алдырыпты. Сөйтіп, тез арада әкелген күшіктің тұмсығын әлгі қақалған кісінің аузына әлсін-әлсін тығып алатын көрінеді. Сәлден соң сол ағам қан аралас сүйекті жерге түкіре салыпты. Солай жаны қалған. Сонда қалай дейсіз бе? Бабаң «жеті қазынаның» біріне қосатын ит шіркіннің демі мен сілекейінде сүйекті ерітіп жіберетін қасиеті барға ұқсайды. Ғажап, ә? Бала күнімде естігенім ғой.

Ел аман болсын!

 

Ержан ҚОЖАС